ӘР ФИЛЬМНІҢ ӨЗ КӨРЕРМЕНІ БАР

71

0

ӘР ФИЛЬМНІҢ ӨЗ КӨРЕРМЕНІ БАРЖуырда Сырдың тумасы, «Asu anіma» студиясының бас директоры Қалдыгүл Жаныбаева өңірімізге келді. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін туған жерге табан тіреген киногермен тілшіміз әңгімелескен еді.

– Елге қош келдіңіз! Өзіңіз туған жерден жырақ жүрсеңіз де Сыр халқының тілеуін тілеп, өңірдің жетістігіне сырттай сүйсінетін шығарсыз. Отыз жылдан кейін елге келгендегі әсеріңізбен бөліссеңіз? 
– Қызылорда – киелі мекен. Биыл туған жерге жиі-жиі келіп жүрмін. «Қорқыт ата» әуежайынан түскен бойда қалада жаңашылдықтың барын, үлкен тірлік жүріп жатқанын сырттан келген қонақ бірден аңғарады. Жазда БАҚ өкілдерімен бірге халықаралық Арал қорының бастамасымен сол өңірге барып қайттық. Жасалып жатқан шараларды, жергілікті тұрғындардың өмірге деген құштарлығын, елге сүйіспеншілігін көріп таңғалдым. 
– Өзіңіз Тереңөзек ауданының Іңкәрдария ауылында дүниеге келдіңіз. Ауылдан шыққан сіз секілді қарапайым қыздың үлкен армандарды қуалап Алматыда білім алып, бүгінде кино өнерінде өзіндік қолтаңбасы ерекшеленген тұлғаға айналуы бала кездегі арманыңыздың орындалғанын айқындайтындай. Жалпы, бала арманыңыз қазақ киноматография саласын дамытсам деген ойдан туды ма, әлде Алматының баурайында жүрген уақытта қалыптасты ма?
– Мен кино саласына барамын деп ойлаған жоқпын. Негізі КазГУ-дың филология факультетін бітіргенмін.  Біраз жылдар журналистикада жұмыс істедім. Бірақ, адамның ішіндегі өнерге деген қыжыл бәрі бір сыртқа шығады екен. Кино саласына ойламаған жерден келдім. Ол 1995 жылдар болатын. Менің сол кездегі жұмыс жасаған кісілерім Қазақстанға ғана емес, әлемдегі анимацияға танымал адамдар болды. Олармен бірігіп, «Asu anіma» деген студия аштық. «Қазақфильммен» бірлесе жеті жыл ішінде он шақты  жобаны жасадық. Жеке демеушілердің қолдауымен де біраз дүниелер өмірге келді. Бас-аяғы 17 анимациялық фильм түсірдік. Оның ішінде танымалдары еліміздегі фестивальдардың барлығынан бас жүлде алды. «Шәкен жұздыздары», «Еуразия», «Астана-Бәйтерек» фестивальдарының анимация бөлімі бойынша үздік деп танылды. Жапонияда өткен «Үздік Орталық Азия анимациясы» деген фестивальдан де жүлделі орынды иелендік. Біздің фильмдер қазақ анимациялық қорының басында тұрған фильмдер деп айтуға болады. «Дүние кезек», «Ақсақ құлан», «Айдаһар аралы», «Қасқырдың қалыңдығы» деген фильмдер бар. Сол анимацияда продюсерліктен бастадым, кейін сценарийге араластым. Еліміздің үлкен кәсіпкерлері маған фильм түсіруге ұсыныс жасады. Олар маған сенген болуы керек. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, келіп тұрған ұсыныстан бас тарту мүмкін емес еді. Екі көркем фильм түсірдім. Екінші түсірген «Жаным садаға» туындысы «Шәкен жұлдыздары» фестивалінде «үздік продюссерлік жоба» номинациясын жеңіп алды. Менің ең алғашқы тырнақалды режиссерлік фильмім болатын. Оның арасында  деректі фильмдер, роликтер жасадық. Ең соңғы жасалған туындым ақын Нұрпейіс Байғанин туралы 2010 жылы түсірілген фильм.  Осы туынды деректі фиьмдер арасында «үздік» деп танылды. 
– Маман ретінде қазақ киносының бүгінгі беталысы туралы не айтар едіңіз?
– Әр фильмнің өз көрермені бар. Фестивальдық, коммерциялық, сериал болсын оның өзіндік аудиториясы болады. Кино өнеріне қолдау тек «Қазақфильм» арқылы өтеді. Жеке студияларға, жеке режиссерларға бөліну керек. Бүгінде мемлекеттік қолдау жаман емес. Бірақ, әрине, мемлекет тұрғысынан қаржы бөлу ғана емес, салық жағын азайту секілді жағдайларға қолғабыс етсе, үлкен көмек болар еді. Кино туралы заң да әлі қаралып жатыр. Отандық фильмдерді міндетті түрде кинотеатрларда көрсету, оның жалға беру мәселесін жөнге салу жағына насихат кемшін. Кинотеатрлар – жеке монополистер. Олардың өздерінің шарттары бар. Оларға менің фильмімді көрсеткеннен, Голливудтың дүниелерін көрсеткен тиімді. Дей тұрғанмен, ұлттық жобалар «Мың бала», «Шал» фильмдері үлкен қаржылық пайда түсіріп жатыр. Жеке коммерциялық жобалардың прокатына үлкен қаржы бөлінген. Оларда жап-жақсы табыс табуда. Ал біздің студияның ондай мақсаты болған емес. Біз коммерциялық жобалардан гөрі, өнер жағына қарай көбірек ден қоямыз. Әр өнер адамының, суретшінің, режиссердің өзінің таңдаған жолы болады ғой. Өзімізді толғандырған мәселені туынды ретінде шығаруды мақсат етеміз. Одан пайда тауып емес, еңбегімізге ақы алып жатсақ құба-құп. 
– Қазақ мультипликация саласы да қарқынды даму үстінде деуге болады. Ұлттық құндылықтарымызды айқындайтын туындылар саны да молайып келеді. Сіз «Ақсақ құланды» түсірдіңіз. Бірақ, хас батырларымыздың бейнесі көп көрінбейді. Бұл реттегі ойыңызды білсек…
– Анимациялық фильмдерді жасауға тек мемлекеттік қолдау керек. Өйткені, 10 минуттық анимациялық фильм әлемдік деңгейде емес, ТМД деңгейінде бюджетін қарастырсаңыз, біздің «Жау жүрек Мың балаға» түсірілген  фильмге көп болса үш-төрт толыққанды 20 минуттық мультфильм түсіресіз. Стилистикалық, көркемдік, техникалық жағынан толыққанды стандартқа сай анимациялық фильм жасау үшін одан да көп қаржы керек. Көп адам қатысу керек. Ол бір-екі демеушінің көмегімен жасала қоятын шаруа емес. Ондай жобаларды кезінде бастағанбыз. Ол мүмкін емес болды. Тек мемлекеттік қолдаудың арқасында жүзеге асыруға болады. Дейтұрғанымен, ондай жобалар министрлікте қарастырылып жатыр. Болашақта біздің де жобаларымыз бар. Атын атамай-ақ қояйын. Қазір Балапан телеарнасы көп жұмыстар жасап жатыр.  Көп мультфильмдерді қазақшаға аударуда. Ол да әлі өз деңгейінде емес. Ол үшін анимациялық орталық бөлек болу керек. Қауымдастық та құрылды. Бірақ, ол қоғамдық ұйым. Оның көтерген мәселелері мемлекеттік деңгейде шешілуі керек.
– Бүгінгі киногерлерді қандай мәселе толғандырады. Оның ішінде өзіңіз де барсыз?
– Көп нәрсенің адам факторына барып тірелетіні мені қинайды. Мемлекеттік қолдау болғанымен, адам факторының әсерінен кей жобалар орта жолдан қалып қояды. Қазір тақырып та, жасайтын адам да көп. Жастар деген жанып тұр. Оларды көріп қуанасың. Жоқтан бар жасауға құштар. Кәсіби білімі жоқ болса да балалардың ұмтылысы өте жоғары. Жақында бір аграрлық университетте болдым. Ондағы балалардың қойылымы кәсіби мамандардан кем емес деуге болады. Мен басымды иіп, тәнті болдым. Бізде сондай өнерлі, талантты балалар көп. Бірақ, енді оларды қолдауға қолымыз қысқа. Елімізде өнер жағынан сабақ беретін ұжымдар бар. Қаншама талантты балалар оқып жатыр. Олардың 30-40 пайызы басқа салаға кетіп жатады. Сондай ұмтылыспен келген жалынды жастарға қолдау қажет. Жастармен жұмыс жасағанды жақсы көремін. Олар армандай біледі. Керек десеңіз бізге де үйретіп қояды. Бойына күш-қайраты сыймай тұрған, жігерлі жастарды көргенде  студиямды кеңейтіп осы балаларға бере қойсам деймін. Алайда, әттең тонның келтесі қол байлап тұр.  Жанып тұрған жүректері өшіп қалмаса екен деймін.
Әңгімелескен Айсәуле  САҒАТБЕКҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз