ҮШҚОҢЫР ҮКІЛЕГЕН ЖЫР

96

0

ҮШҚОҢЫР ҮКІЛЕГЕН ЖЫРАстана мерекесіне
барып, Елбасының алдында арнау айтқан құлагер ақындардың мұрагер үні Мұқтар Ниязовпен
мөлтек сұхбат

– Мұқтар, Үшқоңырға жолың қалай түсті?

– Астана күніне арналған жылдағы дәстүрлі
айтысқа Қызылордадан айтыскер Ержеңіс Әбдиев екеуміз шақырылған едік. Осы сапарға
жүрер алдында маған ішкі сая­сат қызметкерлері хабарласып, келер аптада облыс әкімінің
қабылдауында болуым керектігін айтты. Бұл жайында сәл кейінірек қозғайық.

Сонымен әсем Астана төріндегі айтыстың
алғашқы айналымынан өтіп, ақтық сынға жолдама алып тұрған сәтімде ұйымдастырушылар
тарапынан «сіз Үшқоңырға баратын болдыңыз” деді. Үшқоңыр Елбасының туған жері ғой,
аяқасты тұздәмім көтеріліп кеткеніне сенерімді де, сенбесімді де білмедім.

Білгенім Үшқоңырда екі жұп айтыс болады
екен. Бірі Балғынбек Имашев пен Айнұр Тұрсынбаева, екінші жұп қырғыз ақыны Елнұрбек
деген жігітпен менің айтысым.

– Бұрын Үшқоңырда болмап па ең?

– Жоғә, тек өлеңнен естігенмін. Құмар­та­тынмын.
Үшқоңыр биік таудың басындағы жазық жайлау екен. Бұл жердің табиғи сұлулығын айтуға
қара сөздің әлі келмейді, тек:

Шыңдарың Төле бидің қалпағындай,

Жазира жасыл әлем алқабыңды-ай.

Жуасы, қарақаты, бүлдіргені,

Әжемнің шекер қосқан талқанындай, – дейтін
өлең тілі болмаса. Ал, саумал ауасына қанбайсың. Аспанда жүргендейсің, ат қиын тастамаған
жер. Көзің ашқарақтанып көркемдікті жұта береді. Кейде маған биік тұлға Елбасы тым
биік, салқар кең, сара сұлу жерде туған шығар дейтін ой келетін. Сол ойымның шындығын
өңімде көріп тұрғаныма тебіреніп кеттім. Бұл жерде бір сағат көз шырымын алсаң,
жиырма үш сағат ұйықтамай жүре беруге болады. Мен енді таусыз, нусыз жерден барғанмын
ғой, қия белдердің ортасында өскен Балғынбек те таңырқап жүр. «Біздің қазақтың да
осындай сұлу, сұңғыла жерлері бар екен ғой…”

– Менің өзім Үшқоңырға ұшып кеткендей
болдым, Мұқтар. Ал, енді айтыс не болды?

– Бірінші күні Айнұр мен Балғынбек
айтысты. Олар сәл төменде, Елбасы қонақ­тарымен бірге төбеде отырды. Бірақ
дауыс айналаға түгел естіледі. Үшқоңыр тойы­на ресейлік өнер тарландары да
келген екен. Олар өздеріне тиесілі бір-бір әнін орындады да қойды. Ал, қоңыр
домбыраға қосылып шырқаған Ардақ Балажанова төрт әнді бірден әуелетті. Мұнан
Елбасының ұлттық өнерге өте-мөте ықылас танытып отырғаны көрінді.

– Неткен ұлтжандылық! Сенің айтысың
қалай болды?

– Мен айтысқан жоқпын. Таудың ауа
райы емес пе, ертеңіне жаңбыр құйып кетті. Маған ұйымдастырушылар арнау айтасың
деді. Іштей ширығып дайындала бастадым. Мені Елбасы мен қонақтар отырған төрдің
дәл алдына алып келді.

Жүрегімнің дүрсілі құлағымның түбінен
шығып тұр. Домбырамды қағып-қағып жіберіп Елбасы отырған тұсқа қарап едім, жылы
жүзді көріп, төгіле жөнелдім. Дайындығым далада қалды, сөздің қайдан шығып
жатқанын қайдам.

Елбасының қолын шапалақтап,
айналасындағыларға «қандай сөздер айтылып жатыр!” дегенін естігенде тіпті арқаланып кеттім.

– Есіңде қалған жерлері бар ма?

– … Бала кезден ұшқыш болсам деп
армандап,

Көзіңізді көк аспанға тіктіңіз ғой.

Сол арман міне, бүгін орындалды,

Ақырын сабырменен күттіңіз ғой.

Ұшқыштар ұшақпенен жеткен жерге,

Ұлтыңызды көтеріп шықтыңыз
ғой!.. – осылай кете береді.

Сол жерде жазып алғандар бар, кейін
толық нұсқасын берейін.

– Бәрекелді! Ал, енді Мұқтар ораза
айы саған Елбасының алдында арнау айту бақытымен бірге облыс әкімінің сыйын да
қоса тарту етіпті. Қырымбек Елеуұлының қолынан пәтер кілтін алыпсың, құтты
болсын!

– Рахмет. Бұл екі оқиғаның бір-біріне
қатысы жоқ. Әңгіме басында айттым ғой. Астанаға бара жатқанымда менің облыс
әкімінің қабылдауында болуым керектігі ескертілген. Келген соң аймақ басшысы
қабылдады. Ата-анаммен бірге бардым. «Ұлттық негізден айырылып қалмау үшін
айтыс өте қажетті өнер. Мұқтардың осы жолдағы табыстары қуантады. Оның үстіне
ұстаз болып шәкірт тәрбиелеп жатыр екен, – деп әкім менің өнердегі табыстарыма
ризалық білдірді. – Үш баласы бар екен, сондықтан үш бөлме пәтер сыйлап
отырмыз” – деді. Мен Қырымбек Елеуұлының өте қарапайым ашықтығына риза болып
қалдым. «Баланың санын өсіру сенен, бөлменің санын көбейту менен” деген әзіліне
ата-анам риясыз күліп, үлкен кісінің қолын қысты.

«Ата-анаң сені бақты, сен ата-анаңды
қуант” дейді ғой ғұламалар. Мен сол сәттегі ата-анамның қуанғанын көріп, өзімді
ең бақытты перзент сезіндім.

– Қос қуанышыңа ортақ болып, көбейе
түсуіне көңіл ризалығым шексіз, ақыным. Ел-жұртыңды рухани байлыққа бөлеп,
ізбасарларыңды тәуелсіз еліміздің өнерлі өрендері етіп түлете бер.

– Рахмет.

Сұхбаттасқан Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз