ҰСТАЗ ҰСТАНЫМЫ

263

0

ҰСТАЗ ҰСТАНЫМЫ

Ұстаздан асқан ұлық жоқ. Ол – адамдардың өмірге көзқарасын, бір-біріне
деген сый, құрмет сезімін қалыптастыратын, білім мен тәрбиенің ұрығын шашатын,
адамгершіліктің нұрын төгетін адам. Осы бір сөзді естігенде мен әрдайым
ұшы-қиырсыз ой әлеміне еніп кетемін. Өйткені, ұстаз әрбір адамның өміріндегі ұлы тұлға. Қандай ұстаздың да білім
іздеген адам баласына берері мол, үйретері көп.

Ұлағатты ұстаздан тәрбие алған шәкірт жақсы азамат, тіпті кейбірі қоғамдық
қайраткер, үлкен тұлға болып өседі, өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп, көркейтеді.
«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз де орынды айтылған. Баланың
бойындағы шынайы білім, біліктілік дағдылары, мінез-қалпы, шарапаттылығы жақсы
ұстаздан қалған әдет болса керек. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»
деген данышпан атамыз Абай сөзін өзінің өмір қағидасы еткен ұстаздар қауымы
әрдайым құрметті. Ол өзінің бойындағы бар аталық мейірімін, білімін,
тәжірибесін алдындағы шәкірттеріне беріп, олардың рухани дүниесін байытады, өмірде
неғұрлым адаспай, дұрыс жолмен жүруге дайындайды. Дана халқымыздың «Ұстазыңды
атаңнан да әзіз тұт» дейтіні сондықтан.

Ұстаз – тәуелсіз еліміздің бүгінгі бақытты жастарын болашаққа апаратын
көпір десек, шәкірт – ұстаздан дәріс қана емес, өмірлік ұлағат, тәрбие алады.
Байыптап қарасақ, азат еліміздің болашағы білімді ұрпақтың қолында. Сондықтан
да Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Келешекке – кемел біліммен» деді. Мәселен,
Абылай хан өзін Төле бидің, Шәкәрім, Көкбай сынды ақындар және осы замандағы
қолына қалам ұстаған көптеген шығармашылық иелері өздерін Абайдың шәкірттеріміз
деп есептеген.

Шәкіртке өмір сүрудің мәнін ұғындырып, оның қыр-сырын ашқан, адамдардың
дүниелік түсінігін тереңдеткен ұстазға деген сый-құрметі де айрықша болса
керек. Ұстаз бен шәкірт арасындағы осындай өзара қамқорлық, сыйластық сезімі
олардың бірлесіп атқаратын білім мен біліктілікті шыңдау әрекетіне жағымды
ықпал етері анық.

Мен осы ұстаз болуды оқушы күнімнен арман еттім. Шіркін, сағынышқа толы
балалық шақ-ай! Бастауыш сыныпта оқып жүрген кезім. Шаңырақтың төріндегі
дастарқан басында әкем мен анам өскенде кім болатынымды сұрады. Сәби көңіл
еліккіш келеді емес пе, дереу «Өскенде автобус жүргізушісі боламын» деп жауап
бергенім есімде. Менің келешегімді ойлаған болуы керек, «Балам, автобустағы
жолаушылар шулап, басыңды ауыртады ғой, сабағыңды жақсы оқысаң, өсе келе елге
қажетті бір мамандықты таңдарсың» – деп
жымиды анам.

Сәл өсе келе жолсерік болғым келді. Ал, 7-сыныпта оқып жүрген кезімде
дәрігер-хирург болуды армандадым. Сол армандарым күн санап
өзгере берді. Адам баласы есейген сайын талғамшыл болады екен.

Ер жетіп, ой тоқтатқан кезім.
Менің мұғалімдік мамандықты таңдап, ұстаз болуыма белгісіз бір тылсым күш әсер
етті. Неге екенін қайдам, «орыс тілі пәнінің мұғалімі болсам» деген арман
көкейімнен шықпай қойды. Осы тәтті қиялдың жетегінде жүргенімде ауылдағы алтын ұя – мектебімді бітіретін шақ та таяп қалған-ды. Орта мектепті бітірген жылы арманның ақ желкенін ту етіп,
облыс орталығындағы қасиетті қара шаңырақ Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық
институтының «Бастауыш сынып педагогикасы, әдістемесі және қазақ
мектебіндегі орыс тілі мен орыс
әдебиеті» факультетіне құжаттарымды
тапсырып, оқуға қабылдандым. Қуанышымда шек жоқ.

Отан алдындағы борышымды өтеп келіп, оқуымды жалғастырдым. Аталған
оқу орнын 1992 жылы үздік дипломмен тәмамдап, өзімнің алтын ұя мектебіме,
сүйікті ұстаздарымның ортасына оралдым. Осылайша мен алғашқы еңбек жолымды өзі білім нәрімен сусындаған мектепте
оқытушы болып бастадым. Өзіне білім берген
ұстаздармен иық тірестіре жүріп шәкірттерге қиын да қызықты пәннің
қыр-сырын меңгертуге тырыстым. Ұжым мүшелерінің мені мектепке алғаш мұғалім
болып келген кездегі қуанышпен қарсы алғандарын әлі күнге ұмытпаймын. Әсіресе,
мені дүние дидарына әкеп, бағып-қағып өсірген, үлкен өмірге қанаттандырған анам
мен әкемнің ұстаздық ерекше қасиеттері менің жүрегімде ұзақ сақталады.

«Мұғалім – зор тұлға, ол
күннің құдіретті сәулесі сияқты» деп орыс халқының ұлы педагогы К.Ушинский
айтқандай, мен өз бойымдағы білімді шәкірттеріме беріп, білім нәрімен сусындатқанды болашақ
алдындағы парызым деп есептеймін.

 

Қайрат АЛНИЯЗОВ,

№57 Е.Көшербаев атындағы орта

мектеп директоры.

Арал ауданы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз