
Көңілді кеш барысында командалардың қай-қайсысы да астарлы әзілмен қоғам шындығын шынайы жеткізе білді. Әсіресе, ҰБТ, көктем шықса болғаны мұғалімдердің сенбілікке қатысуы, өзге де жиындарға еріксіз баруы, облыс әкімінің миллионына қол жеткізу секілді жағдайлардың айналасындағы қордаланған мәселелерге ерекше көңіл бөлді. Сондай-ақ, ащы да болса бүгінгі күннің шындығына айналған мектеп директорлары мен қызметкерлері арасындағы келеңсіз жайттар, сыбайластыққа жол беру сынды түйткілді мәселе де назардан тыс қалмады. Әсерлі әуен, қағытпа қалжыңмен көпшілікті баурап алған сайыста әр топ өзіндік ерекшеліктерімен көзге түсті. Білім, тәрбие мен өнерді қатар ұстаған ұстаздардың ойынына сазгер Рамазан Тайманов, «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы директорының орынбасары Ғалымжан Бәйімбет, шоумен Шаттық Әбдіразақов, «Қорқыт құрамасы» командасының мүшесі Құттыбай Сағындықов және «Қазақстан КВН Одағы» РЖҚБ Қызылорда КВН филиалының төрағасы Әбдусаид Төлегенов төрелік етті.
Өрнекті ойын көрсеткен командалардың ішінен 3 топ суырылып алға шықты. ІІІ орын Қазалы ауданы «ТТ» командасына бұйырса, ІІ орын Сырдария ауданы «Нағыз қазақ» құрамасының қанжығасына байланды. Ал, І орынды Қызылорда қаласының «Ойпырмай» командасы еншіледі. Сонымен қатар, «Көркемдік безендіру» номинациясымен Жаңақорған ауданының «Ля-ля-фа» командасы, «Көрермен көзайымы» атағын аталмыш құраманың қатысушысы Гүлнәр Әбдішова иеленсе, «Үздік қойылым» бойынша қармақшылық «Гимназия жастары», «Ұшқыр ойын» номинациясымен Жалағаш ауданының тобы, «Әсерлі әуендеу» номинациясымен Арал ауданының құрамасы және «Сахна шебері» бойынша Шиелі ауданының құрама тобы «Байысын қазақ» командасы марапатталды. Көрерменге әсерлі кеш сыйлаған командаларға сыйлықтар да тарту етілді. Ойынның жеңімпазы Қызылорда қаласының «Ойпырмай» командасына Астана қаласына 3 күндік демалысқа жолдама берілді.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!