«СҮЙЕМІН СЕНІ, СЫР ЕЛІ!»

520

0

«СҮЙЕМІН СЕНІ, СЫР ЕЛІ!»А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық Мәдениет үйінде 27 ақпан күні сағат 17.00-де Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының қауымдастық профессоры, өнер ордасының оқытушысы, есімі елімізге белгілі күйші, Төлепберген Тоқжановтың «Сүйемін сені, Сыр елі!» атты шығармашылық кеші өтеді.

Төлепберген Тоқжанов – Сыр өңірінің күйшілік дәстүрін жүйелеп жинап, талмай зерттеп жүрген санаулы кәсіпқой музыка мамандарының бірі. Туған жердің төл перзенті ұзақ жылдардан бері халық арасында ұмыт болып бара жатқан жыр-күйлер мен көне жыраулық мақамдарды, бағзыдан жеткен күйлердің тарихын зерделеп, жиырмаға жуық ғылыми еңбек мен арнайы оқу құралдарын жазған ғалым. Сыр өңірінің ән-күйлері мен қисса-дастандарының мақам-саздарын жинап қана қоймай, осы құнды қазынаны нота жазбасына түсірген белгілі өнер зерттеушісінің домбыраны да талмай насихаттап жүргені қуантады.
 Т.Тоқжанов атындағы байқау биыл бірінші рет ұйымдастырылып отыр.  Домбырашылар сайысы 26 ақпанда Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінде өткізіледі.
Ал, А.Тоқмағанбетов атындағы Мәдениет үйінде өтетін «Сүйемін сені, Сыр елі» атты шығармашылық кешке Тұрмағанбет атындағы ұлт- аспаптар оркестрінің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі, ҚР Мәдениет қайраткері Кеулімжай Ботабаев, Гүлдәрі Ізбанова, Батыс Қазақстан облысының Дәулеткерей атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ҚР Композиторлар одағының мүшесі Еркін Нұрымбетов, ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Қатимолла Бердіғалиев (Орал), Еркін Шүкіманов (Алматы), «Ұлытау» және «Jado» топтары, халықаралық ән байқауларының жүлдегерлері Саламат Әбутәліпов (Астана), Үкітай Ерназаров (Астана), Махаббат пен Жанмұхамед Тоғжановтар (Алматы)), Бақытжан Найманов (Қызылорда)  және тағы да басқа талантты өнерпаздар қатысады.
Ендеше, қазақтың төріндегі қара домбыраны күллі әлемге тыңдатсақ деген ізгі ниетпен жүрген өнер жанашырының кешінен қалып қоймаңыздар, қадірлі ағайын!
 
Дәуіржан
ЕЛУБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз