СЫР ХАЛҚЫНЫҢ СЫРЛАСЫ

90

0

Жуырда Ә.Тәжібаев атын­дағы әмбебап ғылыми кітап­ханада облыстың ата басылымы «Сыр бойы” газе­тінің 85 жылдық мерекесіне орай «Сыр халқының сырласы» атты кеш өтті.

Кездесу кешіне Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы-журналист Айжарық Сәдібекұлы, ақын, ардагер журналист Рысты Бекбергенова, «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Жұматәли Әбдіраман, «Сыр медиа» ЖШС директорының орынбасары Қуат Шарабидинов және фотожурналистиканың кәнігі маманы Болат Омарәлиев қатысты.

Алғаш болып сөз алған ардагер журналист, жазушы Айжарық Сәдібекұлы журналистикадағы алғашқы еңбек жолын, сол кезеңдегі басылымның «Сыр бойы” атауына қалай қол жеткізгені жайлы қызықты мағлұматтарын оқырмандарымен бөлісті. Ал, басылыммен құрдас, ақын апамыз Рысты Бекбергенова өлең-жырдан шашу шашты. Сыр еліндегі қазақ қыздарының ішіндегі «тұңғыш журналист қыз” атанғаны тыңдармандардың мақтанышын туғызды.

СЫР ХАЛҚЫНЫҢ СЫРЛАСЫ«Сыр бойы» газетінің бас редакторы Жұматәли Әбдіраман, «Қай журналист болмасын – алдымен ол – өз заманының, өз ортасының перзенті. Сондықтан ол тек өз дәуірінің шындығын шығармаларына арқау етеді. Халқының мәдени, рухани өмірінің дәрежесін сол уақыт өлшемімен бағалайды” – дей келе, ұлттық журналистиканың мұраты жайлы, «Сыр бойы” газеті аймақ халқының әрі сырласыәрі өмірінің жаршысы болғанын атады.

«Сыр медиа» ЖШС директорының орынбасары Қуат Шарабидинов серіктестіктің бүгінгі таңдағы қызметі, атқарылып жатқан жұмыстары жайлы баяндап берді.

«Сыр – Алаштың анасы» атанған өңірдегі байырғы басылымның бірі «Сыр бойы” – тарихымызды саралауда бас­ты дереккөз болып табылады. Биыл облыстық «Сыр бойы» газетінің алғашқы санының жарық көргеніне 85 жыл толады.

1929 жылдың 1 шілдесі күні өзінің дәл бүгінгі атауымен «Сыр бойы» болып алғаш рет жарық көрді. Әдепкіде Қызылорда округтік партия, кеңес комитеті мен кәсіпшілер одағы бюросының газеті аталып, аптасына екі реттен шық­ты. Алғашқы жылдың өзін­де-ақ газеттің таралымы 2000 данаға жетті. Әрине, сол кездегі ұжымдастыру, ашар­шылық, жаппай саяси қуғын-сүргіннен басылым тыс қалған жоқ. Қандай қиын уақыт болса да, тағдыр талқысына түскеннің өзінде де уақыт төрелігіне жүгінді. Оқырманың рухани өре биігіне жетеледі.

СЫР ХАЛҚЫНЫҢ СЫРЛАСЫГазеттің қалыптасуына қазақ баспасөзінің көш­басшылары Ж.Тілепбергенов, А.Тоқмағанбетов, Ә.Қоңырат­баев сынды қайраткерлер сүбелі үлес қосты. Басылым атауының кезекті өзгертілуі Сыр өңіріндегі жаңа әкімшілік-территориялық құрылым Қызылорда облысы құрылған 1938 жылмен тұспа-тұс келді. Тап сол шақта мәртебесі қоса өзгертілген газеттің атауы «Ленин жолы» болып ауыстырылды.

Еліміз тәуелсіздік алып тарихи атауларды қайта қалпына келтіре бастаған шақта, яғни1991 жылдың 24 қыркүйегінде газет өзінің алғашқы аты – «Сыр бойын» қайта иеленді.

Шара барысында облыс өнерпаздары ән-жырдан шашу шашса, студенттер өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ, қатысушылар «Сыр бойының шамшырағы» атты кітап көрмесін тамашалады.

Әйгерім Ибраева,

И.Әбдікәрімов атындағы

Қызылорда аграрлық- техникалық колледж оқытушысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз