ТАРИХ ПЕН ТАҒЫЛЫМ

96

0

Аптаның екінші күнінде
Ә.Тәжібаев атындағы облыс­тық әмбебап ғылыми кі­тап­­ханада ұлт азаттығы
қозғалысының қолбасшысы, ха­лық батыры Жанқожа Нұр­мұхам­медұлы жайлы жаңа
кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті.

Биыл Жанқожа батырдың ту­ғанына 240 жыл толып отыр.
Осыған орай түрлі мәдени шаралар өткізіліп, оның есімі кеңінен ұлықталуда. Жан
аямай күрескен ол халқын жаудан азат етсе, ал ұрпақтары халқына қорған болған
батыр рухын тірілту үшін аянбай жұмыс жасады. Соның дәлеліндей, Әбдісаттар
Оспановтың «Нар­кес­кен” атты тарихи-көркем трило­гиясы, Молдахмет Қаназдың
«Жан­қожа Нұрмұхаммедұлы: зерт­теулер мен мақалалар”, Нұрлан Көбегенұлының
«Жанқожа батыр туралы жырлар”, Сардарбек Қо­­жа­­ғұлдың «Жанқожа ба­тыр”
дастандар жинағы өз оқырмандарына жол тартты.

Иә, Жанқожа батыр туралы шынайы деректер ұзақ уақыт
бойы бүркемеленіп келді. Мұрағаттарда шаң басып жатқан олардың кей­бірі жоғалды
да. Тек еліміз тәуел­сіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана шындықтың беті ашыл­ды.
Алдағы уақытта оқырман қауым­ды тарих шындығына алып баратын да, батыр бабаның
кесек тұлғасын әр қырынан аша түсетін құнды дерек көздер де, талай ғылыми
зерттеулерге арқау болатын да осы кітаптар болатындығы ақиқат.

Қазақстан Жазушылар одағы облыстық ұйымының төрайымы
Қаршыға Есімсейітова рәсімді сөз сөйлеп ашқаннан кейін сахна төріне көтерілген
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әбдісаттар Оспанов кітапты жазуда шынайы да
тың деректердің назарға алынғанын айтып берді.

Бұдан соң осы үш том­дық туралы Атыраудағы «Қаз­МұнайГаз”
жобалау ғы­лы­ми-зерттеу институты заң-ұйымдастыру департаментінің ди­рек­торы,
жерлесіміз Дәреже Нәбиқызы, ардагер журналист, Қазақстан Жазушылар одағының
мүшесі Айжарық Сәдібекұлы пікірлерін білдіріп, автордың батыр баба өмірінен тың деректерді көркем тілмен
бейнелегеніне ризашылықтарын жеткізді.

Келесі кезекте сөз алған жерлес жазушы Молдахмет Қаназ
өз туындысындағы батыр туралы зерттеулерге кеңінен тоқталды. Сондай-ақ
әдебиетші-ғалым Нұр­лан Көбегенұлы да Жанқожа батыр туралы жырларға толық
мағлұмат берді.

Тұсаукесер шарасында «Ақ­мешіт” фольклорлық ансамблі
Ә.Оспановтың «Аттаныс”, Ә.Күл­ше­баевтың «Қолбасшы” күйлерін көпшілік назарына
ұсынса, жыршы Айбек Тәңірбергенов Сардарбек Қо­жағұлдың «Жанқожа батыр”
дастанынан үзінді орындады.

Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз