ТАРИХИ ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ТҮГЕНДЕГЕН ЕҢБЕК

100

0

ТАРИХИ  ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ТҮГЕНДЕГЕН ЕҢБЕК

Қоғамымыздың арғы-бергі тарихында
уақыт сынынан өте алмай талай халықтың қолымен жасалған тарихи ескерткіштер
із-түссіз жоғалғаны туралы дерек аз емес. Тарихи-мәдени ескерткіштер ел­дің баға жетпес асыл қазынасы екенін
түсіндірудің, насихаттаудың жас ұрпақты
ұлтжандылыққа тәрбиелеу ісінде маңызы зор. Төл тарихын түгендеу мен зерделеуді
өзіне мұрат тұтқан азаматтарымыздың қатары жылдан жылға көбеюде. Соның
дәлеліндей, Сыр өңірі шежіресінің білгірі, зерттеуші-этнограф Тынышбек Дайрабай
мен кәсіби заңгер, облыстық сот судьясы Молдабек Ахметов өлкемізді тану ісіне
үлес қосуда.

Жақында олардың «Сыр еліндегі
ескерткіштер- Памятники низовья Сырдарьи» атты еңбегі (Алматы. Киізкітап, 2014.
260 бет.) оқырман қолына тиді. Онда ежелгі дәуірлерден қазірге дейінгі үш
жүзден астам археологиялық, архитектуралық, тарихи, мәдени ескерткіштер
жөніндегі ғылыми негізделген мәліметтер әрбір аудан бойынша топтастырылған.
Мәтіннің орыс тіліндегі нұсқасы қоса беріліп, энциклопедиялық үлгіде және
фотоальбом түрінде әсем форматты қағазбен дайындалуы кітаптың құндылығын арттыра түскен. Тың туындының биылғы 29-30
мамырда Алматы қаласында өткен халықаралық көрме-жәрмеңкеде «Үздік ғылыми танымдық басылым» номинациясы бойынша екінші дәрежелі дипломмен
марапатталуы жоғарыда айтылғанның жарқын айғағы. Авторлар сөз басында «Алаштың
Анасы» атанған қасиетті мекеннің тарихына тереңнен бойлап, ондағы
тіршіліктің бастау – бұлағы әрі ұстыны
Сырдария өзенінің өткеніне шолу жасаған. Тұран ойпатында орналасқан Сырдың су
нысаны арналарының эволюциясы
бір-бірімен сабақтасқан мәдениеттердің қалыптасуына негіз болғаны және бұлардың
көрші аймақтардағы елдердің мәдениеттерімен астаса дамығаны мазмұндалған.

ТАРИХИ  ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ТҮГЕНДЕГЕН ЕҢБЕКСыр бойының ежелгі тайпалық
мемлекеттердің орталығы болғаны күмәнсіз. Бұған өңірімізде көптеп сақталған
сақ, ғұн, қаңлы, оғыз-қыпшақ, кердері тайпаларынан қалған тарихи-мәдени
ескерткіштер, көне қалалардың орындары мен қорғандардың қирандылары нақты
дәлел. Әлемнің әр түкпірінен жол тартқан
жиһанкездер Тұран ойпатында әсем қалалардың орналасқанын ерте
замандардан-ақ білген. Олардан қалған жазбалардың бірқатары ғылыми
қауымдастыққа жақсы таныс.

Кезінде Сыр бойы өңірін зерттеген патшалы Ресейдің мамандары мен ғалымдары
да аса құнды еңбектер жазғаны белгілі.
Одан бергі уақытта тарихи ескерткіштерді зерттеу, насихаттау арқылы туған
өлкемізді халықаралық ғылыми қауым­дастыққа, жалпы жұртшылыққа танытуға үлес
қосқан, қосып жүрген небір археологтар, тарихшылар, этнографтар, әдебиетшілер
мен басқа да ғылым саласы өкілдерінің ерен еңбектері өз алдына бір төбе.
Авторлар бұл ретте Ресей ғылым академиясының Хорезм археологиялық-этнографиялық
экспедициясы және оның алғашқы жетекшісі С.П.Толстов, қазақ­стандық ғалымдар
Б.Сүлейменов, Ә.Қоңыратбаев, Ә.Жәмішев, М.Меңді­құлов, С.Әжіғалиев, Ә.Байтенов,
Т.Карамендин, Ж.Құрманқұлов, Т.Мәми сынды ғалымдардың еңбектерін ерекше атап
өткен.

Сыр өңірінің тарихи-мәдени мұраларын
зерттеу ісіне соңғы жылдары Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік
университеті ғалымдарының елеулі үлес қосып келе жатқанын атап айтуымыз қажет.
Аталған оқу орнының археологтары сақ
тайпаларының мекені Шірік-Рабат пен оғыз мемлекетінің орталығы Жанкент қалашықтарының орнын 10-15 жылдан бері қазып, зерттеп, онда табылған өте құнды тарихи
маңызы жоғары ескі мүліктер жинастырылып музейлерге қойылып жүр.

Сыр өңірінде түркі мәдениетіне жататын
көне қалалардың ізі көптеп саналады. Соның бірі қыпшақ-қазақ хандықтарының бас ордасы болған тарихқа белгілі
Сығанақ. Сақ дәуірінен бері сақталған Бұланды, Бәбіш мола және қаңлы кезеңінің Жетіасар ескерткіштері әлемдік маңыздағы мұралар қатарына
жатқызылған. Оғыз-қыпшақ дәуірлерінде (IX-XIII ғғ.) өркендеген Асанас,
Баршынкент қалаларының ХV ғасырға дейін жеткені де мәлім. Сыр өңіріндегі
ескерткіштер ішінде асарлар мен көне қорымдардың алатын орны ерекше.
Сауысқандық, Бағаналы қорымдарынан табылған жәдігерлердің тарихы кем дегенде 3
жарым мың жыл. Қола және темір дәуіріне жататын қорымдар да баршылық. Солтүстік
Түгіскен мавзолейлері, Жеті­асар мәдениетінің ескерткіштері – әлемге әйгілі
жауһарларымыз болып саналады.

Облыс аумағында сақталынған ізі бар діни-рухани ескерткіштер өте көп.
Бүкіл түркі халықтарына ортақ тұлға, данагөй философ Қорқыт баба мазарының XIX
ғасырда Ә.Диваев түсіріп алған суретін де осы жинақтан көріп табасыз. Біз
байқаған бір ерекшелік – авторлардың өз жеке мұрағаттарындағы осы тақылеттес сирек суреттерді кітапқа кеңінен ендіруі.

Халқымыз біртуар перзенттерін қашан да
қадірлеп, қастерлеп, ардақтап отырған.
Елімізге еңбек сіңірген тұлғаларға белгі қою үрдісі жыл сайын жағымды
жалғасын табуда. Кітапта бұл санаттағы
тарихи ескерткіштерге үлкен мағына бере оты­рып орын бөлінгені өте құптарлық жайт.

Жаһандану дәуірінде ұлттардың төл
ерекшеліктерін сақтап қалуға жаңа буын халқымыздың ұмтылысы жылдан жылға күшейе
түспек. Демек, тарихымызды тереңдететін, руханиятымызды шегендейтін мәдени
мұраларымызды зерттеу, оларды жарыққа шығарып халыққа жеткізу ұлтымызды
ұлықтаумен бірдей деген сөз. Олай болса, жақында жарыққа шыққан «Сыр еліндегі
ескерткіштер-Памятники низовья Сырдарьи» атты
кітаптың құндылығы міне, осында.

 

Қали ОМАРОВ,

ҚР Тарих
және қоғамдық ғылымдар академиясының мүшесі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз