ТАРИХТЫҢ ТЫЛСЫМЫНАН СЫР ІЗДЕГЕН

167

0

Қазақ
телевизиясы мен радиосында отыз төрт жылдан бері тапжылмай еңбек етіп келе
жатқан ардагер журналист, Мәдениет қайраткері Ғалым Есенсариев алпыс жастың
асуына шықты.

Қазақ
радиосынан ескілікті әңгіме-әфсаналарды, тарихи аңыздарды ежіктеп айтқанда,
елдің есін шығаратын (жақсы мағынасында) Ғалекең, оның бәрін ауылдағы қасиетті
қара шалдардың еңбегі деп біледі. Өзі сұлулыққа, әсемдікке құштар. Ерекше
талғаммен киінеді. Киімдегі ашық түстерден, айқұш-ұйқыш бояулардан қорықпайды.
Оны пейіштің түсі деп қояды. Зәуде бір басқа қалаға аттана қалса, ең бірінші
сол жердегі музейлерді, ал жапан далаға шықса, бірден ескі қорған мен обаларды
аралағанды жақсы көретін әріптесіміз көп жылдан бері бағалы көне заттарды
жинаумен де әуестенеді. Қалғанын өз аузынан естісек…

Журналистикаға жолымды ашқан ауылдағы ағаларым

– Біздің Созақ ауданының Жар­ты­төбе деген ауылында кітап оқу қасиеті ерекше дамыған еді. Алдымыздағы өзімнен екі-үш сынып жоғары оқитын ауылдас ағаларымыз бізді кішкентайымыздан кітап жинауға үйретіп, көркем әдебиет оқуға тәрбиеледі. Жораш Көлібаев, Шыныбек Тоғызбаев, Әуезбек Мықтыбаев, Сәбит Ерманов деген ағаларымыз бір-бірінің үйіне комиссия шығартып, кімнің үйінде қанша роман, қандай повесть бар, соны санайтынбыз. Солардың кез келгені журналист, әдебиетші болуға әбден лайық еді. Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тері» алғашында кішкентай кітап болып шыққан, сол кітап қолдан-қолға өтіп, қашан тоз-тозы шыққанша, ауылдың үлкен-кішісінің бәрі оқыды. Әкем мен шешем, бірі кітапханашы, бірі клуб меңгерушісі болды да, осының өзі де кітапты көп оқуыма себепші болды. Оның үстіне өзімнің үлкен атам Есенсары кезінде айтысқа қатысқан ақындығы бар, ескіше көп оқыған молда кісі еді де, әңгімесін кішкене кезімнен тыңдап өстім. Әкемнің ағасы бас агроном, өз әкем ағарту саласында жұмыс істеді, бірақ сол екеуіне қарағанда Есенсары бабамның өзін-өзі ұстауы, мәдениеттілігі, білімі маған озық сияқты көрінетін. Оның үстіне Созақ өңірі қазақы әдет-ғұрып, салт-дәстүр тұнып тұрған жер, сол жақтағы шалдардың әңгімесінен мен әлі күнге дейін радиохабар жасаймын. Қазіргі балалардың көбінің арманы әнші, спортшы болу болса, біздің заманда ауыл баласының көбінің арманы жазушы болу еді. Мектепті бітірген бойда мен де сол оймен Алматыға ҚазМУ-ге келгенмен, оқудан құлап қалдым. Содан жеті жыл бойы түсе алмадым. Сов­хозда «разнорабочий» деген бір әдемі мамандық болатын, оныншы сыныптан соң шөп тасимыз, қой қырқымға барамыз, қора-қопсы жөндейміз, сол қара жұмыстардың бәрін атқардық. Арасында Қиыр Шығыста екі жылдық әскери борышымды өтеп келдім. Ақыры Абай атындағы ҚазПИ-дің тіл-әдебиет факультетінен бір-ақ шықтым.

Ауылға барғанда, елден шығып көрмеген бағанағы ағаларымыз отырғызып қойып: «Алматыңда қалай?» деп сұрайды. Бірдеңе деп мыңғырлайтын болсам керек. Сол кезде олар «Ей, сен түсінесің бе, Тоқаш жүрген көше ғой, Тоқаш Бокин жүрді ғой сол көшелермен, соны айтсай!» деп ұрысатын. Жазушылардың жай-жапсарын сұрастыратын.

ҚазПИ-ді бітірген 1981 жылы кинода «жаңа толқын» пайда болды. Оны ұйымдастырған – Мемкинода басшы болып жүрген Олжас Сүлейменов. «Қазақфильм» киностудиясы жанынан бір жыл­дық кинорежиссура бойынша жоғары курс ашып, айлық беріп, он бес жігітті арнайы оқытты. Сол курс­ты менімен бірге бітірген Дәрежан Өмірбаев, Абай Қарпықов, Ардақ Әмірқұлов секілді жаңа толқынның жігіттері түгелдей Мәскеуге оқуға кетті де, мен қалып қойдым. Ол кезде қызым дүниеге келген, пәтерде тұрамын, Мәскеуде оқуға жағдайымның жоқтығын айттым. Олжастың орынбасары Ғаділбек Шалахметов: «Онда сен телевизияға бар» деді. Сол кезде бізде дипломы бар 44 режиссер бар екен, ал жылына түсірілетіні төрт-ақ фильм. Сөйтіп, 1982 жылы Қазақстан телерадиокорпорациясының насихат хабарлары бас редакциясына редактор болып келдім. Содан бері отыз төрт жыл бойы бір орында жұмыс істеп келемін. 1996 жылы Қазақ радиосының Шалқар бағдарламасына бас редактор болып тағайындалдым. Қазақ радиосының Бас редакторының шығармашылық саласындағы орынбасары қызметінде де болдым. 1985 жылдан 1994 жылға дейін Қа­зақ телевизиясының Қызылорда облысын­да­ғы меншікті тілшісі болып жұмыс істедім. Алпысқа келіп, артыма қайы­рыл­ғанда, не тындырдым деген ой ке­леді. Сонда көңілімді жұбататын нәрсе ол – қазақтың елеусіз қалған өте мықты ақыны Шәді Жәңгірұлына арнап жеті хабар дайындап қана қоймай, арнайы экспедиция ұйымдастырып, Өзбекстаннан қабірін табуым, басына өзбек ағайындарды жинап, ас беруге, ескерткіш-белгі қоюға мұрын­дық болуым дер едім. Қазір Шәді Жәң­гір­ұлының он бес томдығы ме­нің қолғабыс тигізуіммен Оңтүстік Қа­зақ­стан облысының әкімі Асқар Мыр­зах­метовтың қолдауымен шығып жатыр.

Сырға деген сағынышым ерекше

1985 жылы «Қазақстан” ұлттық телерадиокорпорациясының Қызылор­да облысы бойынша меншікті тілшісі қызметіне ауысып, ару Алматыдан сұлу Сырға қоныс тептім. 1994 жылдың соңына дейін осы қасиетті топырақта жұмыс жасадым. Сырға тән ел үрдісі – отыздың үстіне енді ғана шыққан менің бар болмысыма әсер етті. Барынша тамыр қуалап сіңген кәдуілгі қарапайым да күрделі адами қарым-қатынас әм қазақ ұлтына тән рухани қазынаның алтын қазығы – тіл мен ділдің мол қорынан мейлінше қанып сусындадым.

Нұрділдә Уәлиев, Сейілбек Шау­­хаманов, Жақсылық Бекхожаев, Сәпен Аңсатов секілді ағаларымның аялы алақандарын қос қолдап алып, алғаусыз шырайлы шапағатына молынан бөлендім. Нұрділдә Уәлиев, Камал Бердәулетов ағаларым: «Біз осы Қайырбай екеулеріңнің киім киістеріңе, жүріс-тұрыстарыңа қызығамыз, партия қызметінде жүргеннен кейін сіздердей еркінси алмадық” – деп ағынан жарылатын

Сыр бойы қаламгерлері ішінде бірегей тұлға, керім сал ақын Қомшабай Сүйенішев бастаған қаламдас ағалар, қайырымды достар: Әділхан, Асқар, Құттыбай, Алмас, Аманжол, Қайырбай – ел аузына ілігіп, суарылған сайдың тасындай санаулы азаматтар болатын. Әділхан, Асқар, Оразбектің иненің көзінен өткендей астарлы әсем әзілдері бірнеше күн өткеннен кейін де санаңда жаңғырып, езу жиғызбас еді. Аға не іні болсын, 15-20 жас айырмашылығы болса да құрбыдай табысып, араласып кетуіміздің негізгі арқауы Сыр азаматтарына тән осы жарасымды әзілі болар бәлкім. Аты аталған бірнеше есімдер бұл жалғаннан пәни дүниеге ертерек озғанымен, көңілімде жібек кестедей тоқылып қалған жылы ықыластары әлі күнге ұмытылар емес.

Қазақстан бойынша өзім жасаған 400-ге жуық телерадио хабарларымның 80 пайызы сұлу Сырдың табанында ғұмыр кешкен өресі биік өнерлі жандарға, маңдай тері қара топыраққа тамшылап сіңген еңбек адамдарына орайласыпты… Туған топырағым – Созақ өңірінен кейінгі 60 жасты ауқымдап қалған жүрегіме ұядай жылы Сыр еліне деген сағынышым осындай.

Көне заттардың өзі емес, тарихы қызықтырады

– Бағалы, көне заттарды жинастыруымның тарихы мынадай: Үйде атамның аталары Түркістаннан алдырған бес литрлік сары жез самаурын болды. Ауылда
той-томалақ болса, кез келген үйдің тойының төрінде тұратын. Сары самаурынның
шайын ішкен әкем мен оның екі ағасы соғысқа кетіп, үшеуі де аман оралды.
Олардың одан кейінгі әулетіміздегі ұлдардың бәрінің де қызықшылығын сары
самаурын атқарған. Бірде үйге барсам, шешем самаурынды сыртқа шығарып қойыпты.
Заманы өткен ғой. «Онда мен Алматыға, үйге алып кетем» дедім. Көне заттарды
тірнектеп жинауым осы сары самаурыннан басталды. 1812 жылы шыққан аузынан
оқталатын мылтығым бар. Шамасы, Наполеон соғысына қатысқан мылтық болуы керек.
Мені көне заттың сыртқы формасы емес, оның тарихи жағы қызықтырады. Күйші
Төлеген Момбековтің тірі ке­зінде ең соңғы хабарды мен жасадым. Ол кісінің
бау-шарбағында қыды­рыстап жүрміз. Аяғымның астын­да баяғы ұсталар жасаған ұзын
сабы бар қазанның қырғышы жатыр. Төкеңнің үйіндегі қазанның қырғышы екен. Жер­ден
көтеріп алып, «мынаны мен алайын» десем, «ұнап тұрса, ала бер, балалар шығарып
тастаған ғой» дей­ді. Төлеген Момбековтің қазанын қыр­ған сол қырғыш та үйде
буулы тұр. Жеті-сегіз мыңдай кітабым болды. Хрущевтің заманында салынған ай­нал­дырған
үш бөлмелі үй, соның бір бөлмесі толы кітап пен ескі заттарды көз алдыңызға
елестете беріңіз. Адам ай­нала алмайды. Содан ол кезде көзі тірі, бір
келгенінде шешем ұрысты. Қыздарым бойжетті, немерелерім бар дегендей. Сол
заттардың бәрін кіта­бым­мен қоса қапқа салып, жинас­ты­рып қоюыма тура келді.

Төреғали ТӘШЕНОВ,

Қайырбай ЗӘКІРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз