ТЕАТР ФЕСТИВАЛІ ШЫМЫЛДЫҒЫН АШАДЫ

66

0

ТЕАТР ФЕСТИВАЛІ ШЫМЫЛДЫҒЫН АШАДЫЕртең Қызылордада Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған Қазақстан
театрларының XXII республикалық фестивалі басталады. Қазақ театр өнерінің
жылдағы дәстүрі бойынша өтетін театр фестивалі биыл Сыр елінің тумасы, қазақ
өнерінің асыл анасының құрметіне актрисаның туған жерінде өткелі отыр.
Еліміздің рухани өміріндегі елеулі оқиға қарсаңында облыстық мәдениет
басқармасының басшысы Ержан Абдрахмановқа бірнеше сауал қойған едік.

–Ержан Ахметұлы, ертең Сыр елінде шымылдығын түргелі тұрған дәстүрлі
фестивальдің жылдағыдан ерекшелігі неде болмақ?

– Қыркүйектің 10-14-і аралығында өтетін фестивальға Қазақстанның әр
облысынан 9 театр қатысады. ҚР Мәдениет министрлігі­нің арнайы комиссиялық
құрамға ұсынған 21 театрдың ішінен 8
облыстың фестиваль тақырыбына сай спектакльдері таңдалып алынды.

Дәстүрлі шара елімізде театр өнерін
насихаттау, дәстүрлі театр өнерін сақтап, оны дамыту, дарынды артистер мен
режиссерлерді ынталандыруды көздеп келеді.Уақыт көшіне ілесу үшін қазіргі заманғы сахна өнеріндегі жаңа бағыттарды
анықтаудың да маңызы зор. Қазақ театрлары өскелең ұрпақты патриотизм рухында
тәрбиелеуге де атсалысып келеді. Сондай-ақ бұл жолғы фестиваль қазақ сахна
өнерінің шебері, КСРО және Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың
лауреаты Сәбира Майқанованың 100 жылдық мерейтойына арналып отыр.

– Қызылордалық көрермендер фестиваль барысында қандай
қойылымдарды тамашалайды?

– Фестиваль аясында Қызылорда тұрғындары мен қонақтары
Астана қаласының жастар театры, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ
музыкалық драма театры, Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры, Н.Бекежанов
атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры, С.Мұқанов атындағы
Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық драма театры, Оңтүстік Қазақстан
облыстық орыс драма театры, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық
драма театры, Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық қазақ драма театры
және Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры
ұжымдарының қоюында У.Шекспир, Софокл, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ш.Айтматов,
Ж.Ерғалиев, Ф.Буляков, Иран-Ғайып және О.Жанайдаров сияқты авторлардың
қойылымдарымен танысады. Театр туындыларына КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімов,
театр сыншысы Әшірбек Сығай, драматург Сұлтанәлі Балғабаев, өнертанушы Бақыт
Нұрпейіс, режиссер Есмұқан Обаев және ақын Әскербек Рахымбеков қазылық жасайды.
Спектакльдерге кіру тегін.

– Театр фестивалі қазақ аналарының аласармас бейнесін
жасаған актрисаның мерейтойына арналып отыр. Сахна саңлағының ғасырлық тойына
қандай шашу ұсынылмақ?

– Фестиваль қазақ өнерінің асыл анасына тағзым ету,
оның есімін есте қалдыру ұранымен өтеді. С.Майқанованың 100 жылдығына арналған
шаралар аясында Сырдария ауданында «Сахна саңлағы – Сәбира» атты деректі
фильмнің тұсаукесері және актриса сомдаған рольдерді орындаушылардың аймақтық
байқауы ұйымдастырылады.

Театр фестивалінде Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ
мемлекеттік академиялық музы­калық драма театры Ш.Айтматовтың «Ана – Жер-ана”
спектаклін қояды. Көрермен кезінде Сәбира Майқанова Толғанай ролін сомдаған
қойылымды кейінгі буын актерлардың орындауында тамашалай алады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз