Тележоба жас таланттарға жол ашады

71

0

Тележоба жас таланттарға жол ашадыЖас таланттарды қолдау мақсатында облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының ұйымдастыруымен өткізілетін «Ботақан» балалар телефестивалі өнерлі балалардың ордасына айналып келеді.
Өнерлі өрендердің темірқазығына айналған жоба 2008 жылдан бастап қолға алынды. Қайсыбір істе болмасын, қаржы тапшылығы қолбайлау болатыны жасырын емес. Бұл ретте телетуындыны қаржыландыруда қалалық әкімдіктің қосқан үлесі зор. Ал жобаның көркемдік жетекшісі ҚР Еңбек сіңірген әртісі Қаракөз Ақдәулетованың еңбегін ерекше тоқталып атап өткен жөн. Қазылар алқасының құрамында болып қана қоймай, әрбір жас өнерпаздың қабілет-қарымына баға беріп, кәсіби көзқарас нәтижесінде көзге түскен жасөспірімдерге үлкен қолдау көрсетеді. Не дегенмен, өз саласының майталман маманына алысқа шабатын тұлпардың шабысы «ә» дегеннен-ақ байқалып тұратыны белгілі. Сондықтан таланттарды іріктеуде, бір-бірінен асып-түсетін жұлдызды шақтарын қалт жібермеуде жоба жетекшісінің өлшеусіз еңбегін саралау қажет.
Аймақтың жетекші арнасының төл туындысы – бүгінге дейін 1500 талаптының бағын сынаған үлкен жоба. Таланттар алаңы, үздіктер өткелі. Біз куә болған тоғыз жыл ішінде талай талант танылып үлгерді. Республикалық, халықаралық байқауларда көзге түсіп, халыққа кеңінен танылғандары да бар. Атап айтсақ, Қанат Мәулен, Зульфия және Ақмарал Айтбаевалар, Қайсар Дүйсенбай, Жұлдызай Әділбекова, Ғани Сражадин, Альбина Жеткерген, Жадыра Абузар, Аятбек Орынбасар, Аружан Қойшығара сынды жас өнерпаздар шетел асып келді. Нәтижесінде батыс мәдениетінің ошағына айналған Италия, Франция, бауырлас ел Түркия, Болгария елдерінде болып, сонда қазақ әуенін шырқады. 
Міне, осындай шеңбері кең, ауқымды тележобаның бастауында «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы тұр. Болатын баланың бетін қақпай, қайта өнерін өрістеткен ән додасына балалардың ата-анасы да ілтипатын білдіріп, алғыстарын айтады. Себебі бірін бірі басып озатын таланттар жарысы – бәсекенің ортасы.
Биыл облыстық «Ботақан» балалар шығармашылық телефестивалі 9-шы мәрте ұйымдастырылды. Байқау ережесіне сәйкес шарада 6-13 жас аралығындағы жас өрендер өнер көрсетуге мүмкіндік алып, іріктеуден барлығы 100-ге жуық өнерпаз өткен болатын. Өнер әлемінде қанат қаққан өрендердің 40-қа жуығы ақтық сайысқа жолдама алды. Жеңімпаз атанып, топ жарған талант иесі жыл бойы телеарна арқылы насихатталып, оның өнеріне қолдау көрсетілетін болады.
– Барлығы болашақ үшін. Бойында қаны тулап, өнері тасыған қазақтың бүгінгі ұл-қыздары да әлемге ұлттың ұлылығын паш етуі керек. Телеарнаның ұлттық мүддеде жастарды қолдап, беріп жатқан мүмкіндігі талай өнерпаздың бойына күш сыйлады деп сенемін. Дәстүрлі жоба әлі де жас таланттар шоғырының қалыптасуына ықпал ететін болады, – дейді «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасы директорының орынбасары Айсұлу Қасымова.
Таяуда ғана өткен ән додасына көпшілікті тәнті етер таланттар қатысып, қазылар алқасын да таң-тамаша қылды. Бұған дейінгі «Ботақан» қатысушыларының басын қосса, үлкен бір мектеп екенін сезінген өнер жанашырлары Сырдағы ән өнерінің мұнан да биікке самғауына үлкен серпін боларына сенім артты. Байқау ұйымдастырушылары тоғыз жылдан бері бұл іске куә болып келеді. 
Тележоба жас таланттарға жол ашады Тележоба жас таланттарға жол ашады
Елжас ӘБДІЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз