«Туған жер» таланттарды іздейді

63

0

Қызылордадағы Н.Бекежанов атындағы драма театрында композитор Кеңес Дүйсекеев әндерін орындаушылардың «Туған жер» атты төртінші республикалық байқауының мәреге жетіп, гала-концерт өтті. Думанды кешті облыс әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы келіп, тамашалады.

Қазақ музыка өнері мен эстрадасының маңдайына біткен нағыз композитор Кеңес Дүйсекеев – «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, көптеген танымал әннің авторы, белгілі кинофильмдер мен театр қойылымдарына саз жазған. «Жайлаудағы таң», «Көшпенділер», «О, Туған жер» сияқты туындылары қазақ эстрадасының алтын қорына енген. Романс, мюзикл, оперетталар, 200-ден астам туындының авторы.

Оның әндері – өміршең, тыңдарман қауымның сүйікті әуендеріне айналды. Осындай Сыр елінің тума таланты, композитордың әндерін орындаушылардың конкурсын өткізу 2006 жылы оның 60 жасқа толған мерейтойынан бастау алған болатын. Екі жылда бір рет өтетін өнер бәйгесі дәстүрге айналып, Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен, мәдениет басқар­масының ұйымдастыруымен өтіп келеді.

Биылғы жылғы ән сайысына да Сыр елінен және респбуликамыздың басқа аймақтарынан – Астана, Алматы қалалары, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарынан 20 талапкер қатысты. Екі күнге созылған байқаудың алғашқы күні өнерпаздар белгіленген тәртіп бойынша сазгердің шығармаларын орындады. Ал екінші күні жас вокалистер өз таңдаулары бойынша ән шырқады. Композитор Кеңес Дүйсекеев бастаған қазылар алқасында қазақ эстрадасының майталмандары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жеңіс Ысқақова, Сембек Жұмағалиев, сазгерлер Бейбіт Оралұлы, Сәбит Ұлықпанұлы болып, жастар өнеріне баға берді.

Сонымен, байқаудың бас жүлдесін астаналық әнші Сұлтан Ахмет жеңіп алды. Жүлдені Кеңес Дүйсекеевтің өзі табыс етті. Бірінші орынға Қызылорда қаласының әншісі Гүлбике Батырбай лайықты деп табылса, екінші орынға шымкенттік Нәбира Ақынбекова мен алматылық Айсана Ғұбайдуллаева орналасты. Үшінші орынға Алматы қаласынан келген тағы бір әнші Рауан Мұстафа мен жаңақорғандық Балжан Бигашова табан тіреді. Басқа да жас әншілер құр алақан қайтпады. Алғыс хаттар мен түрлі номинацияларға ие болды.

Конкурстың қорытынды гала-концертінде Кеңес Дүйсекеев «Туған жер» байқауының мақсаты талантты жастарды іздеу екенін атап өтті. «Кез келген байқаудың мақсаты осы таланттыларды тауып, еліне адал қызмет ететін әнші етіп қалыптастыру. Менің жыл сайын байқаулардан күтетінім, Біржан, Ақан жолын жалғайтын дара дарындар», – деді ол. Бұдан бөлек, композитор әр конкурс сайын жаңа әнінің тұсаукесерін жасайтынын айтты. Бұл жолы халық Жеңіс Ысқақованың орындауында «Әке туралы ән» деп аталатын жаңа әннің туғанына куә болды.

Сонымен қатар, гала-концертте 2006 жылғы І аймақтық «Туған жер» әншілер конкурсының бас жүлдегері оралдық Альберт Ғазизжанов, қазақ эстрадасының жұлдыздары Мәдина Сәдуақасова, Сембек Жұмағалиев, Жұбаныш Жексенұлы және конкурс жеңімпаздары өнер көрсетіп, халықты әсем әндерімен қуанышқа бөледі.

Дәурен ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз