ЗАҢҒАР ЖАЗУШЫМЕН ЖҮЗДЕСКЕН БІР КҮН

86

0

ЗАҢҒАР ЖАЗУШЫМЕН ЖҮЗДЕСКЕН БІР КҮН2010 жылдың ақпан айының 19-шы жұлдызы. Алматының әсем таңын асыға күтудеміз. Бүгін жолдасым Бота екеуміз үшін есте қалатын сәттердің бірі,  себебі бұл күн бізге Әбе аға деп құрметтеп өткен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовпен кездесудің сәтін салды.
Мен алғаш рет Алматы қаласының Төлебаев көшесінде тұратын Әбе ағаның шаңырағында сонау 1978 жылы әкем Абдул Дарбаевпен бірге болған едім. Ол кезде әскер қатарындағы азаматтық борышымды өтеп, С.М.Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсуге  талаптанып жүргенмін. 1985 жылы әкем қайтыс болды. Содан соңғы қым-қуыт тіршілік Әбе аға екеуміздің арамызды ширек ғасырдан астам уақытқа алшақтатып жіберді. 
…Міне, жүрегіміз дүрсілдеп жазушының үйіне кірдік. Бізді Әбе ағаның жары Ажаркүл апа күліп қарсы алды. Үйдің екінші қабатындағы жұмыс кабинетінде Әбе аға жазу үстелінің басында компьютерде отырған жігітке әлденені айтып жазғызып жатты. Жұмысын аяқтап болғанша үнсіз тосып отырдық. Сонан соң Ажар апа біздердің келгенімізді Әбе ағаға жеткізді. Шынын айтсам,  мені бірден таныңқырамады, себебі де түсінікті. Одан бері арада қанша жыл өтіп кетті. Кімнің баласы екенімді білген соң әкем мен анамды есіне алып, көңілі жібіп сала берді. 
Біз ол кісінің  мезгілсіз дүниеден өткен екі бірдей қызына көңіл айттық. Әбе ағаның кабинетінің  қай жерін болсын  кітаптар жайлап алған. Қонақ бөлмесінде қабырғаларға ілінген картиналарға назар аудардық. Суреттердің авторы Әбе ағаның тым ерте дүниеден озған сүйікті қызы Раушан екенін білдік. Бұл картиналар оның «Мир из окна» атты сурет жәрмеңкесінде  қойылған. Маған әсіресе Раушанның «Цветочные посиделки у забора» атты суреті қатты ұнады. Сөйтсек, әр суреттің атауын белгілі жазушы-аудармашы Анатолий Ким жеке дара қойып отырған екен.
Әбе аға бізді компьютер үстелінде отырған жігітпен таныстырды. Өзіне тән жұмсақ әзілмен жігіттің аты Адольф болғанымен, «соған қарамастан» жүрегі нәзік азамат екендігін жеткізді. Жарты сағаттан соң Адольф  өз жұмыстарымен шығып кетті.
Ал мен болсам, заманының алыбы болған заңғар жазушы Әбе ағамен оңаша қалдым.
 Екі-үш сағаттай әңгімелестік, екеуара әңгімеде негізінен ол кісі сөйлеп отырды, мен тек құптап, арасында батыңқырамай өз пікірімді де білдіріп қоямын. Көзін жұмыңқырап алып сөйлегенде ағаның майда қоңыр үні өзге әлемнен естіліп жатқандай еді…
Оның Арал туралы, жерлестері және ата-анасы, бауырлары жайлы әңгімесін селт етпестен назар қойып тыңдадым. Бұл тұрғыда әлем елдерінің ұлы жазушыларының шығармашылығы жайлы, қазіргі заман, оның ішінде қазақ елі мен халқы туралы ойлары маған ерекше әсер қалдырды.
Әбе аға Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан адам. Бірақ ол туралы сөз арасында ғана айтылып қалып отырды, онда да Сталинді тілге тиек етіп, фашизмді жеңген Кеңес халқына соғыстан кейін қамқорлықпен қарау керек еді деген пікірін жанай білдіре өтті. 
Ал қазақ әдебиетінің классиктері Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафиндермен бірге жүрген күндері туралы әңгіме қозғағанда жүзі жадырап шыға келді. Бетінде жұмсақ күлкінің табы пайда болды.
Иә, Аралдың Беларан тауының Шығанақ деп аталатын кішкене қыстауында дүниеге келген Әбдіжәміл Нұрпейісов балалық шағынан әдебиетке құмартты. Майдан даласында жазушылық өмірі қалыптасты. Осылай ол әлемдік әдебиетте өзіндік орны бар тұлғаға айналды.
Әдебиетке алғашқы араласа бастаған күндерін Әбе аға былайша еске алды. Әскери училищені бітірген жас офицер Әбдіжәмілді соғысқа аттанбас бұрын Новошахтинск қалашығындағы майдангер-офицермен бірге  орыс әжейдің үйіне орналастырады. Әр кеш сайын әлгі офицер үйдегі жалғыз кітап – Лев Толстойдың «Война и мир» романының бірінші томын бас алмастан оқитын. Ал ол жоқ кезде кітапты Әбе аға сан қайтара оқып шығатын. Содан соң дәптерге өз ойындағыларын түсіре бастайды. Осылай ол «Курляндия» аталатын алғашқы романын жазады.
Соғыстан келген бойда бірден ол дәптерді Ғабиден Мұстафинге табыстайды. Ол кісінің «бұл не?» деп таңырқаған сөзіне «бұл роман!» деп  мақтанышпен жауап береді. Жас жігіттің мұндай қылығына қызыққан Ғабиден Мұстафин оны республика Жазушылар одағының төрағасы Сәбит Мұқановпен таныстырады. Сәбең дарынды жас жігітті өзінің қамқорлығына алады.
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармаларының барлығы да әдебиетте елеулі орын алды. Әсіресе, «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдары әлемдік әдебиеттің жауһарларының санатына қосылды.
Бұл кітаптарда Әбдіжәміл Нұрпейісов аралдықтардың тағдыры арқылы қазақ халқы өмірінде болып өткен және болып жатқан тарихи өзгерістерді әлемге таныстырып, жан-жақты ашып көрсетті.
Бірінші кітапта аралдықтардың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір-салты мен әдет-ғұрпын түбегейлі өзгерткен революция мен азамат соғысы көтерілсе, екінші кітапта – қоғамның рухани құлдырауы, аймақтағы экологиялық зардаптар кеңінен суреттелген.
Бұл екі тарихи мерзімдердің араларында ұзақ уақыт өлшемі жатса да, аралдықтардың қазіргі таңдағы жері мен елінің тағдыры жөніндегі ой-өрістері мен өзіндік ерекше сезімдері сол бұрынғы қалпында сақталып қалғандай.
Ұлы жазушының сөздеріне зейін қоя отырып, ол кісінің биік және ескертпе сабақтарын тыңдағаным үшін тағдырға мың да бір ризашылығымды білдіріп отырдым.
Кеш түсе жолда бара жатқанымда  Әбе аға сыйлаған «Последний долг» кітабын қайтара аштым. Кітап 2006 жылы Мәскеу қаласындағы «Парад» баспа үйінен шыққан, жақсы қағазға басылып әдемі тысталған. Бұл кітаппен жазушы соңғы он жыл бойы жұмыс істеп, жазғандарын қайта өңдеп, түзетіп  толықтырған.
Кітапта Әбе аға маған арнап жазған сөздерінің соңында: «В этой книге мои расчеты с Веком, со Временем. В ней весь я» – деп жазыпты… 
Ш.ДАРБАЕВ.
облыстық прокуратура басқарма бастығының орынбасары.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз