ЖАҺАНДАНУДЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

123

0

Қазіргі таңда технологиялар ғаламдық жылдамдықпен дамып барады. Оған ілесу үшін көштен қалмауымыз керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында цифрлы технологияны қолдану арқылы 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керектігі назарға алынған.
Бір кездері Оңтүстік Калифорния университетінің ғалымы Мартин Гильберт: «1986 жылы біз бір күнде 40 басылымға сыйып кететін ақпарат алдық, 2007 жылы 174 газетке сиятын ақпаратын аламыз», – деген болатын. Алғашқыда бұл сөздер тек ертегі сияқты көрінген. Дегенмен,  технологиялар дамыған сайын адамдардың виртуалды әлемге құлшынысы арта түсті. Бұл өз кезегінде өмірімізді визуалды шындықпен байланыстырды. Ғалымдар виртуалды әлемді адам мен компьютердің арасындағы байланыс ретінде түсіндіреді. Ал, визуалды шындық дегеніміз не? Енді соған тоқталайық. Бұл терминнің мағынасы өте кең. Сондықтан, оны графикамен, дизайнмен, суретпен шектеуге болмайды. Мамандар көру арқылы қабылданып, түйсінілетін деректерді таратушының барлығын визуалды шындықпен байланыстырып отыр. Түрлі тарихи дәуірлерде визуалды берілген шындық бірдей болмайды. Ол да санамен бірге өзгеріп отырған. Адамның ойы дамыған сайын ойлау жүйесінің кеңістігі де кеңейе түседі. Бұл ретте визуалды шындық дүниені мәдени тану ерекшелігінің өзгеріп отыруына қарай көру эволюциясына бағынатынын айтып өту қажет.
Бүгінде ақпарат айтылған мезетінде тарап кетеді. Газеттер мен сайттарда жұмыс жасайтын журналистерден бөлек, интернетті еркін пайдалана алатын кез келген адам әлеуметтік желіге білген жаңалығын жүктей алады. Жүктеп те жатыр. Мектепте, мәдениет ошақтарында, тіпті, көшеде болған жаңалықты ұялы телефонның фото-бейне камераларына түсіріп алатын белсенділер елден бұрын қимылдайды. Олар виртуалды әлемнің көзбен көретін визуалды шындығын сол кезеңде халыққа бірден жеткізуде.
Әңгіме арқауына айналған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы тек бір ғана IT саласын ғана емес, сондай-ақ,  қоғамдағы өзге де салаларды дамытуға бағытталған. Бұл ретте әлемдік деңгейдегі жетістіктерді ескеруіміз қажет. Бірде-бір газеті немесе телевидениесі жоқ «Facebook» әлемдегі басты медиа топ болып отыр. Сайттар да өз жаңалығын осы желі арқылы бөліскенді жөн санайды. Ал, «Alibaba» деп аталатын жер бетіндегі ең үлкен сауда жүйесінің не дүкені, не сауда орны жоқ. Олар электронды саудамен айналысады. Мемлекет басшысы онлайн сауда мен мобильді банкинг дегенде елдің назарын осыған аударып отыр. Біз бұған үрке қарамауымыз керек.
Бүгінде республикамызда 18 миллион адам болса, олардың қолданысында 25 миллион ұялы телефон бар екен. Міне, қызық! Адамнан телефон көп. Олардың басым бөлігі интернет желісіне оңай қосыла алады. Көшеде кетіп бара жатсыз ба, үйдесіз бе, автобустасыз ба, бәрібір. Жаңа үлгідегі қалта телефондары қажетті функциялармен толық қамтылған. Еліміздегі әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың басым бөлігі осы ұялы телефондарды қолданатынын ерекше атап өткім келеді. Қазір әлеуметтік желіде үлкен де, кіші де отырады. Сол жерде өз ойларын айтып, қоғамдағы түрлі жағдайларға байланысты пікірлерін білдіріп жатады. Тіпті, әлеуметтік желі арқылы танысып, көңіл жарастырған, отбасын құрған жандар да бар. Жаңа технологиялардың дамып бара жатқаны соншалық «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы 4 миллионнан аса пост жазылса, «Skype» арқылы сағатына 100 мың адам сөйлеседі екен. Бұдан басқа күнделікті өмірде тұтынатын теледидар, тоңазытқыш, кір жуу машинасы мен көлігімізге дейін автоматтандырылды. Компаниялар мен фирмалар көліктерін түгелдей «GPS» навигаторларымен қамтыды. Бір орында отырып олар қайда жүр, қай бағытпен қозғалуда, міне, осының барлығын біліп отырады. Полиция қызметкерлері «радар» детекторлары арқылы автомашиналардың жылдамдықтарын бақылай алады. Ұшақтар мен тепловоздардың технологиясы да айтарлықтай дамытылған. Мұның барлығы жаңа технологиялар арқылы жеткен жетістік болып табылады. Бір сөзбен айтқанда, виртуалды әлемге ұмтылғандар, осылайша, өнер-білімді игеріп, визуалды шындыққа тіке қарауда.
Біз қалайық, қаламайық, бәрібір жаһанданып бара жатқан дүниеде өмір сүріп жатырмыз. Сол үшін заман ағымына ілесіп, көштен қалмаудың қамын жасау керек.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз