ЖАС ҰРПАҚ ТАРИХТАН САБАҚ АЛСА

59

0

Қазақ хан­ды­ғының 550 жылдығы – бүкіл елдің, елдіктің мерекесі. Демек, Сыр бойында
осындай конференцияның ұйымдастырылуы заңды дүние. «Сыр – Алаштың анасы» деген сөз
де бекер айтылмаған. Арал маңынан көне қалалардың орны табылып жатыр. Қазақ хандығының
дүниеге келуіне, қалыптасуына, нығаюына Сырдың қосқан үлесі, салған олжасы ерекше.
Сыр бойындағы қалалар үшін қазақ хандары жан беріп, жан алысты. Сол қалаларға ие
болған хандық нығайды. Қызылордадағы конференцияда жаңа пікірлер, жаңа пайымдар,
тың тұжырымдар айтылды.

Облыста, қалада өркенді істердің атқарылып жатқанынан хабардармыз.
Жаңа оқу жылы қарсаңында 10-15-тей жаңа мектеп ашылыпты. Білім мен ғылым қолдауға
ие болған. Мұның бәрі іс басындағы азаматтардың ел мен жер тарихына деген құрметінің
көрінісі. Егер біздің батыр бабаларымыз өз заманына лайық білімі, ғылымы, өнері
болмаса, мемлекетін де құрып, нығайта алмас еді. Тарихтың сабақтастығы деген осы.
Сол бабаларымыз тұсында қалыптасқан отансүйгіштік, жауынгерлік сияқты дәстүрлер,
ұғымдар, түсініктер, идеялар өткен заманда қалып қойған жоқ. Бүгінгі күнге жетті.
Сол себепті де біздің еліміз тәуелсіздік жылдарында бұрын-соңды болмаған табыстарға
жетті, биіктерге көтерілді.

Бүгінгі конференцияда Қазақ хандығының салтанаты мен ыдырауына
қатысты баяндама жасадым. Біздің салтанатымыз хандықтың бірлігіне, ыдырауымыз саяси
бытыраңқылыққа байланысты болды. Сол бірлік қазір де ауадай қажет. Бытыраңқылыққа
жол бермеуіміз керек.

Сепаратизм қай заманда да болған. Он жетінші ғасырда
Тұрсын хан Есім ханның тағына заңсыз жайғасып алған. Тарихтың мұндай тұстарын
да ұмытпауымыз керек. Одан кейінгі ғасырда 3 жүз 3 хандыққа бөлініп кетті.
Ұғына білсек, бұл алға басқандық емес. Бүгінгі ұрпақтың осы тарихтан сабақ
алғанын қалаймын.

Ханкелді ӘБЖАНОВ,

Ш.Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология

институтының директоры,

тарих ғылымдарының докторы,

профессор.

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз