ЖАСТАР ТЕАТРЫ тырнақалды туындысын қойды

42

0

Сыр жұртына сүйіншілеп айтатын жаңалық – Қызылорда қаласында Жастар театрының тұсауы кесілді. Өнер көгіне ұядан ұшқан балапандай қанат сермеген шығармашылық ұжым алғашқы қойылымына Қанат Жүнісовтің «Алғашқы махаббатын» таңдапты. Көрдік, көзайым болдық. Республикаға белгілі өнер майталманы, мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмаханов режиссерлік еткен күлкінама-спектакль көрерменнен оң бағасын алды, қошеметке бөленді.

 

Жастар театры
қалай құрылды? Бұл сұрақты жаңа ұжым жетекшісі, режиссері Оңталап
Дүйсенәліұлына қойған болатынбыз.

– Бұл театр
жастардың тілегімен өмірге келді. Сыр елі талантты, өнерпаз жастарға кенде
емес. Тек, аға буын бұлақ көзінің ашылуына жағдай жасау керек. Жастардың «өз
театрымыз болса екен» деген ұсынысы қолдау тапты, талап пен талантты
ұштастырған жастарды електен өткіздік. Нәтижесінде 14-22 жас аралығындағылардың
25-не таңдау түсті. Кейін, 19-ға қысқарды. Қандай шығарманы сахналаймыз
дегенде, олардың табиғатына, жан дүниесіне жақын келетін «Алғашқы махаббатқа»
тоқтадық. Әзірге шығармашылық ұжымның қаржысы жоқ, болашақта болады деген
үмітіміз бар. Алдағы уақытта «Азия», «Біржан» пьесаларын сахналасақ деген
ойдамыз. Бәрінен бастау қиын ғой, бұйыртса, жастар бұл жолда жеңістерге жетеді
деп сенемін, – деді режиссер.

Тарихқа көз
жүгіртсек, алғашқы қазақ театры Қызылордада құрылды. Жас­тар театрының өмірге
келуін өнер мен мәдениеттің бесігіндегі дәстүрдің жаңа ғасырдағы жалғасы десек
болғандай. Енді қойылымға, көргенімізге тоқталсақ.

Басты рольді,
жаңадан келген апайға ғашық болатын Қанат образын «Болашақ» университетінің
студенті Ә.Алдажаров сомдады. Қанаттың досы Қайыржанды ойнау №235 мектептің
10-сынып оқушысы І.Өтетілеуге бұйырған екен. Оқиғаның қысқаша мазмұны, ауылға
қаладан жап-жас мұғалім келіп, 11-сыныптың Қанат есімді оқушысы соған ес-түссіз
ғашық болып қалады. Езу тартқызар диалог, күлдіргі көрініс көп. Әрине,
көрерменге мұндай көңіл-күй сыйлау үшін артистік шеберлік керек. Өзіміз куә
болғандай, залда отырғандар бар ынтасымен тамашалап, қол соғып отырды. Яғни,
режиссер еңбегі еш кетпеді, жаңа театрдың іргесі үлкен ізденіспен қаланғаны
аңғарылды.

А.Тоқмағамбетов
атындағы қалалық мәдениет үйіне жиналған көрермендер арасында белгілі ақын,
журналист Әскербек Рахымбекұлы болған еді. Ол кісіден спектакль жайында пікір
сұрадық.

– Мына
бастамаға, жасалған дүниеге тәнті болып отырмыз. Өнерге жан-тәнімен берілгендік,
еңбекті сүйгендік деген осы. Жастардың өнерін өрістету арқылы, Сыр мәдениеті
жаңа биікке қол созды деп ойлаймын, – деді ақын.

Спектакль
соңында қала әкімінің орынбасары Айдын Қайруллаев сөз сөйлеп, жастар театрына
сәт-сапар тіледі.

Нағымжан
САУЯЕВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз