ЖЕРГІЛІКТІ ТЕАТР ҰЖЫМЫ ҰЛЫБРИТАНИЯДА ӨНЕР КӨРСЕТЕДІ

66

0

Алпыс жылдық тарихы бар облыстық Н.Бекежанов атындағы қазақ
музыкалық драма театры Лондон сахнасында өнер көрсетеді. Бұған дейін Түркия мен
Ресейде болып, қазақ өнерін алыс-жақын шет елдерге паш етіп, көрермендер
көзайымына айналған өнер ұжымын бұл жолы Британ Парламенті Лордтар Палатасының
өкілі баронесса Алисон Мари Сати арнайы шақыртып отыр. Ұлыбритания
мемлекетіндегі қазақ өнері мен мәдениетінің күндері фестивалі аясында өтетін
шараға Сыр театры жазушы, драматург Дулат Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесу»
қойылымын ұсынбақ.
– Бұл пьеса
алғаш «Транзиттік жолаушы» атауымен дүниеге келген болатын. Біз оны «Ескі
үйдегі екі кездесу» деп алып отырмыз. Естеріңізде болса, өткен жылдың қыркүйек
айында аталмыш спектакль Астана қаласында өткен Тілдер фестивалінде үш тілде
сахналанды. Қазақ тілінде ұсынған біздің ұжымның өнері сол кезде жергілікті
халықтың көңілінен ғана шығып қоймай, баронесса Алисон Сати мен Лондондағы
Ш.Айтматов Академиясының басшысы, профессор Рахима Абдуалиеваның тарапынан да
жоғары бағаланып, сол жерде  Британ еліне
шақырту алдық. Ұжым үшін бұл күтпеген жаңалық болды. Әрине, қуаныштымыз, қазақ
өнерін ағылшын жұртына таныту біздің ғана емес қазақ елінің өнердегі жетістігі
деп білемін. Осы ретте сапарымызға қолдау көрсеткен облыс әкімі Қырымбек
Елеуұлына алғысымызды білдіреміз, – деді театрдың көркемдік жетекшісі
Әмір-Темір Хұсейн.
Қарапайым қазақ
әйелі мен бейтаныс адамның ішкі драмасын беруді көздеген қойылымның басты
арқауы – жалғыздық мәселесі. Спектакльдің желісінде бұрын қазақ жерінде тұрып,
Саха еліне көшіп кеткен Айтөренің жолаушылап жүріп, өзінің тұрған ескі үйіне
келуі, ондағы Зейнеппен кездесуі, бір-бірін жете танымайтын екеудің мұңдарын,
сырларын қас-қабақтарынан түсініп, бауыр басуы суреттеледі. Сондай-ақ, спектакльде
адамгершілік пен ізеттілік, қос жанның жан дүниелерін қалтқысыз түсінісуі
секілді рухани бірліктердің үндесуі ерекше сипатқа ие болған.
Басты рөлдегі
Зейнепті – Серпер Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Қарлығаш Айтжанова сомдайтын
болса, Айтөренің рөлін – Ұғым Баймаханов, Зейнептің баласы Ертайды Арай
Көшімбаев ойнайтын болады. Ал елестің бейнесін Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері Үмүгүлсім Бегімова сомдайды.
Жалпы, небәрі
төрт кейіпкер арқылы қазақтың тыныс-тіршілігін көрсететін бұл спектакль 25-сәуір
күні Англия сахнасында қойылып, ағылшындықтардың ерекше ықыласына бөленеді
деген сенім бар. Ең бастысы, театр артистері Сыр елінің ғана емес, бүкіл қазақ
елінің өнерін әлемдік деңгейде дәріптейтін болады. Олай болса, театр ұжымына
тек сәттілік тілейміз.
 
Мейрамгүл
ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз