“ЖУСАН ИIСI” ЖӘНЕ ЖАЗУШЫ

52

0

“ЖУСАН ИIСI” ЖӘНЕ ЖАЗУШЫӘ.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы 2007 жылдан бері
өткізіліп келе жатқан республикалық «Бір ел – бір кітап» жобасы аясында «Оқитын
Қызылорда» акциясын ұйымдастырды. Шараға ақын-жазушылар, кітапхана оқырмандары,
қала тұрғындары, оқушылар мен мұғалімдер қатысты.

Кітапхана директорының орынбасары
Бақытнұр Мырзахметованың айтуынша, акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең
үздік деген туындыны оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды
сақтау, сондай-ақ жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу. Сонымен
қатар, акция қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі
әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын әрі қарай жоғарылатуына мүмкіндік
туғызады. Биылғы акцияда Сайын Мұратбековтің «Басында Үшқараның» және «Жусан
иісі» әңгімелері жаппай оқуға таңдалды.

Тарих күнпарағына жазылған әрбір жылдың
өзіне тән ерекшеліктері болады. Міне, осыны ескере отырып акцияның ашылу
салтанаты «Кітаптар керуені» атты шерумен басталды. Ол республикамызда 2007
жылдан бастап таңдалған кітаптарға арналды. Кітапхана қызметкерлері кітаптың
аты мен жылы жазылған кітап макеттерін алып шықты.

Басқосуда сөз алған Сайын Мұратбековтің
көзін көрген шәкірттерінің бірі, ақын Қатира Жәленова жазушының өмірі мен
шығармашылық жолын айта келе, «Жусан иісі» атты повесінің мазмұнына тоқтала
кетті. Повесте екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы кішкентай бір ауылдағы балалардың
бастан кешкен оқиғасы, көрген ауыртпашылықтары, қазақ ауылының ауыр жағдайы,
халықтың басына түскен қайғы-қасірет суреттеледі.

Ал жазушы Бегімбай Ұзақбаев қазақтың
көрнекті қаламгері Сайын Мұратбековтің азаматтық бейнесі мен көркемсөз өрнегi
ерекше, сұлу сөз иесi екені жазған шығармаларынан көрініс беретінін айтты.

Мұнан соң акцияға қатысушылар
кітапхананың «Әдеби қонақжай» алаңында бас қосты. Оқырмандар жергілікті
ақын-жазушылардың қатысуымен С.Мұратбековтің шығармаларын талқылады. Шараға
қатысушыларға қазақ халқының ұлттық тағамдары ұсынылды.

Келесі алаңда балалар арасында «Оқу
марафоны» ұйымдастырылды. Мұнда балалар кітаптың тарауларынан үзінділер оқып,
С.Мұратбековтің шығармаларын қызыға талқылады.

«Оқитын Қызылорда» акциясына қатысушылар
түрлі номинациялар бойынша марапатталды. Атап айтсақ, ұлттық әдебиетімізді
ұлықтап, кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ерекше үлес қосқан және әдеби
кітапты ең көп оқыған кітапхананың тұрақты оқырмандары Асан Рүстембек және
Айдын Серікбай «Кітапқұмар», кітапхананың, кітап пен кітап оқудың беделін
арттыруда қолдау көрсетіп және мәдени шараларға белсене қатысқан кітапхана
оқырманы Дәмегүл Ілиясова «Кітап оқудың чемпионы», ақын Қатира Жәленова
«Кітапхана белсендісі» номинациясымен марапатталып, тұрақты оқырман Жамал
Бекпенбетоваға «Алтын формуляр» табысталды.

Кітапты насихаттау мақсатында өткізілген
мәдени шараларға белсене қатысқаны үшін Салтанат Сәрсенбаева және Нұрғазы
Жұмабай «Ең үздік ұйымдастырушы» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ «Ең көп
оқыған сынып» номинациясы С.Әлжіков атындағы №144 орта мектептің 8 «А» сынып
оқушыларына, «Ең көп оқыған мектеп» номинациясы №264 мектеп-лицейге табыс­талды.

Сонымен қатар, шара аясында «Сайын
даланың сұңғыла суреткері» атты көрме оқырмандар назарына ұсынылды.

Дәурен ОМАРОВ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз