
Жыршылар мен жыраулар додасын кіріспе сөзбен ашқан аудан әкімінің орынбасары Ә.Қошалақов Тұрымбет жыраудың өмірі мен өнер жолын жан-жақты баян етіп, фестивальға қатысушы жыршы-термешілерге құттықтау лебізін жеткізді.
Облыстық жыршы-жыраулар фестиваліне Астанадан жырау, профессор Алмас Алматов арнайы ат басын бұрса, Сыр аймағының бүгінгі сүлейлері Бидас Рүстембеков, Шолпан Бейімбетова, Тұрымбет жыраудың ұрпағы Жарқынбек Тұрымбетов, Болат Баймұратов, Айбек Тәңірбергенов, Айгерім Ешбаева, Дінислам Тоқсанбаев, Балтабай Бетебаев, Әділбек Сүлейменов, Гүлжазира Құрақбаева, Майра Сәрсенбаева, Мұқан Масақбаев, Серік Жақсығұловтар көрермендерді жыр құшағына орап, термелерін тарту етті. Олар аудан халқын Тұрмағанбет Ізтілеуов, Омар Шораяқұлы, Балқы Базардың, тағы да басқа Сыр сүлейлерінің толғауларымен толғандырды.
Іс-шара соңында облыстық жыршы-жыраулар фестиваліне қатысушы барлық өнерпаздарға аудан әкімінің дипломы табысталып, сый-сияпатпен марапатталды.
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.
Қармақшы ауданы.