ЖЫРЛАРЫ ЖҮРЕК ТЕРБЕГЕН

68

0

Сыр елі – талай-талай ән мен жыр сүлейлері мен арқалы ақындар мекені. Күрішті де ырысты Жалағаш өңірі де өлең, жырдың өресін ұзартып, өркен жайдырған қарымды қаламгерлерге кенде болмаған. Солардың бірі де бірегейі, өлең өлкесінде өзіндік өрнегін қалдырған ақын Мәлік Аяпов десек, асыра айтқандығымыз болмас.

«Тиістімін пәктікті мүсіндеуге…” деп ғұмыр кешкен Мәлік 60 жастың асқаралы шыңына енді-енді шыққалы тұрғанда өмірден мезгілсіз кеткен еді. Кезінде қазақ поэзиясының алыптары: Қасыммен сырлас, Мұқағалимен мұңдас болған оның жауһар жырлары мен боямасыз балладалары, дарабоз дастандары оқырмандардың жата-жастана оқитын олжалары болып қалғанына шүкір дейміз.

Көптің көңіліне ұялаған Мәлік шығармалары арқылы оның екінші ғұмырын бастауды мұрат тұтқан аудан әкімдігі мен бауырлары ақын рухына тағзым жасады. Яғни, аудандық мәдениет үйінде Мәлік Аяповтың 70 жылдығына орай «Жыр дарабозы” атты еске алу кешін өткізді.

Ақын рухына арналған кеште алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Талғат Дүйсебаев оның өмірдерегі мен шығармашылық жолдары жайлы егжей-тегжейлі баян етті. 1944 жылы Жалағаш ауданы, Мырзабай ахун ауылында өмірге келген ол Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде дәріс алып, өмір бойы шығармашылық жолмен жүрді. Айта кету керек, Мәкең еңбек жолын Жалағаш аудандық газетінде әдеби қызметкер болудан бастап, 40 жыл бойы осында еңбек етіп, редакторы болуға дейін жеткен. Осы жылдары «Көктем тынысы”, «Дала туысқандығы” атты жыр жинақтарын өмірге әкелсе, 2003 жылы Алматыдағы «Үш қиян” баспасынан «Киелі мекен” атты өлеңдер жинағы жарық көрген еді.

Кеште облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ә.Жарылқағанов, ҚР еңбегі сіңген мәдениет қызметкері, белгілі жырау Ж.Аққұлов, ардагер Ш.Айбосынов, тағы басқа азаматтар сөз алып, ақынның бітім-болмысы мен жыр жолдары жайлы өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, ақын Мәліктің шәкірттері де сөз алып, ұстаздары рухына арнаған жыр жолдарын шашу етсе, оқырман оқушылар ақынның өлең жолдарын жатқа айтты.

Тағзым кешінің соңы М.Аяповтың биылғы жылы жарыққа шыққан «Сынаса мені, уақыт қана сынасын” атты кітабының тұсаукесер рәсіміне жалғасты. Соңынан ақын рухына құран бағышталып, ас берілді.

Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.

Жалағаш ауданы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз