Кореяның сыртқы істер министрі Қазақстанға келді

Корея Республикасының Сыртқы істер министрі Кан Ген Хва Қазақстанға ресми сапармен келіп, ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановпен кездесті. Екі елдің сырты істер министрлері өзекті мәселелерді талқылады.

Қайрат Әбдірахманов екі ел ұстанымдарының ұқсас екенін айтып, 2016 жылдың қараша айында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Сеулға жасаған мемлекеттік сапары ынтымақтастықтың жаңа белесі болғандығын жеткізді.


«Кездесу барысында Корей түбегіндегі ахуалды, сондай-ақ саяси-экономикалық, әлеуметтік және басқа да өзара қатынастардың перспективалары туралы әңгімелестік. Қазақстан – Корея Республикасының Шығыс Азияда негізгі стратегиялық әріптесі», – деп атап өтті ол.


Сонымен қатар, екі ел арасындағы «Төртінші өнеркәсіптік революциядағы» ақпараттық, коммуникациялық салаларды цифрландыру бойынша келіссөздер жүргізілді. Сауда-экономикалық қатынастар, Бакат құрылысы бойынша көлік-логистика жағдайлары талқыланды.


«Қазақстан Корейаралық диалогтың қалпына келуін және Корея Республикасымен КХДР-дың бірігіп, Саммит өткізуін қолдайды. Астана алда өтетін Корейаралық Самиттен үлкен үміт күтеді», -деді ведомство басшысы.


Ал, Корея Республикасының сыртқы істер министрі Кан Ген Хва бүгінгі кездесу ол үшін үлкен құрмет екенін атап өтті.


«Қазір екі елдің тауар айналымы 1992 жылдан бері 150 есеге ұлғайды. Казақстан мен Корея Республикасы 2009 жылдан бастап стратегиялық әріптес болды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылдың карашасында біздің елге жасаған сапары екі елдің қатынасын одан әрі жандандыра түскендей. Ол кездесуде көптеген келісімге қол қойылды. Энергетика, табиғи ресурстардағы серіктестік одан сайын артуы тиіс. Біз «Төртінші өнеркәсіптік революция аясында» Қазақстанмен әріптес ретінде жұмыс істеп жатқанымызға қуаныштымыз», – деді кездесу барасында министр Кан Ген Хва.

Саясат 17 сәуір 2018 г. 324 0