Қазақстан мен Түркияның дипломатиялық байланыс орнатқанына - 27 жыл

1992 жылы 2 наурыз күні Қазақстан мен Түркия арасында дипломатиялық байланыс орнады. Одан бұрын, 1991 жылы 16 желтоқсанда Түркия Қазақстанды тәуелсіз ел ретінде таныған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат.  

Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің мәліметінше, қос халықтың тарихы, тілі мен мәдениеті - тамырлас, дүниетанымы мен түсінігі - жақын. Сондықтан ортақ болашақты бірге баянды етуге бағытталған бірлескен жұмысты жүргізуіміз заңды. 27 жыл ішінде қазақ-түрік байланыстары сауда-экономика, көлік-инфрақұрылым, туризм, мәдениет, білім беру, қауіпсіздік және тағы басқа салаларда қарқынды дамып, бүгінде жан-жақты стратегиялық ынтымақтастық деңгейінде жалғасып жатыр. 1992 жылы 30 млн АҚШ долларымен басталған екіжақты сауда көлемі қазіргі таңда 2 млрд доллар деңгейінен асып түсті.   Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылы Түркияға жасаған ресми сапары ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге көтерді. Сапар барысында Қазақстан мен Түркия арасында Стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойылды. Президент Н.Ә. Назарбаевтың Түркияға 2018 жылғы ресми сапары шеңберінде екі ел арасындағы Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысы өтті. Қо елдің халықаралық аренадағы ұстанымдары да астасып жатыр. Қазақстан мен Түркия бір-бірінің халықаралық бастамаларын өзара қолдап келеді. БҰҰ, ИЫҰ, ЕҚЫҰ, АӨІСШ, ЭЫҰ сияқты ұйымдар шеңберіндегі ықпалдастығымыз дамып келеді. Астана үдерісі жаһандық тұрақтылыққа үлес қосып отырған тиімді тетік екенін дәлелдеді. Түркі жақындасуының басты саяси ұйымы саналатын Түркі кеңесі елдеріміздің бастамасымен құрылды. Бүгінде Қазақстан мен Түркия Еуразиялық кеңістіктің маңызды да беделді ойыншыларына айналды. Қазақ-түрік қатынастарының елдеріміздің ұлттық мүдделері жолында одан әрі дамып беки беретініне сенімдіміз.  
 
Саясат 03 наурыз 2019 г. 890 0