Жаһанданған әлем немесе көзге көрінбейтін қақтығыстар алаңы

«Қарулы» періште іспеттес жаһандану туралы айта бастасаң біреудің жаны түршігеді, енді бірі заңдылық ретінде қарайды. Ықылым заманнан келе жатқан құбылыс екінші дүниежүзілік соғыстан кейін айылын жимай, қарқындап дамып, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары бүкіләлемдік сипатқа ие болды.
Бүгінгі көз көріп, құлақ естіп отырған жаһанданудың сипатына әлемдік тұтас нарықтың қалыптасуы, тауар мен капиталдың еркін қозғалуы, бұқаралық мәдениеттің таралуы, жаңа ақпараттық ресурстар мен технологиялардың кеңінен пайдаланылуын жатқызуға болады. Бұл процесс мемлекеттер мен халықтарды жалпылама біріне бірін тәуелді етіп адамзат өмірінің кез-келген саласының әмбебаптануына әкелді.
Мойындау керек, жаһандану құбылысы өте ауқымды. Ол жеке тұлғадан ғаламдық деңгейге дейін, материалдықтан психологиялық деңгейге дейін әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, ғалымдар жаһандануды екі тараптан қарастырады.
Бірінші тарап, жаһандануды әлемнің бір-біріне байланысты біртектілік процесі ретінде қарау. Мұнда адамзат ішіндегі түрлі ұлттық, діни, өркениеттік және басқа да құрамдас элементтердің бірігуі жүреді, яғни интеграцияның әділетті процесі деп қарастыру.
Екінші тарап, бір жүйеге келтіру кесірінен туындайтын шиеленістік жағдайларға алып келетін үрдіс деп есептеу. Үрдістің жаңа ғылымға белгісіз түсініктерді алып келуі және шешімі жоқ жаңа жағдайлардың пайда болуы.
Жоғарыда аталған тараптар негізінде жаһандану процесінің демократияландыру, нарықтандыру, ақпараттандыру, мәдени бір жүйеге келу секілді қол-шоқпарларын атап өту қажет. Бұлар үздіксіз және кезең-кезеңімен жүретін, әсер етуші күштер болып табылады.
Демократияландыру иерархиясында негізгі орынды тұлға, оның құқығы мен бостандығы алады. Ал қалған мәселелер екінші санатты орындарға қарай жылжиды. Нарықтандыруда мемлекет әлемдік экономикалық кеңістіктің бір бөлігіне айналмай ешқашан бәсекеге қабілетті бола алмайды. Ақпараттандыру әлемдегі бұқаралық мәдениетті таратудың негізгі көзі болып саналады. Ақпараттық ашықтықтың соңы – мәдени бір жүйеге алып келеді.
Жаһандану түрлі мәдениеттер арасындағы шекараны жойып, олардың бәсекелесуіне алып келеді. Мұндай жағдайға тез бейімделе алған, бірақ өз ерекшелігін жоғалтпаған мәдениеттер ғана аман қалады. Оның айқын үлгісі – жапондық мәдениет. Өкінішке орай, бейімделе алмаған үлгілер одан әлдеқайда көп. Көбісі жаһандану әкелген мәдени «унификация» шабуылына шыдай алмады. Мысалыға, испан, мексикан және аргентина және басқа мәдениеттер жағдайында жаһандану процесі ұлттық біртектіліктен мықты болып шықты. Жаһандану жағдайында олар тек фольклор мәдениеті ретінде қалды (мысалыға туризмге бағытталған: испан мәдениетінде – испан корридасы, мексика – мексикандық асхана, аргентина – аргентинкалық танго, бразилия – бразилиялық футбол).
Аталмыш мәдениеттерден кейін орталық және шығыс еуропа мемлекеттері тұр. Мәдени унификацияға тарихи жағынан ертерек пайда болған Германия, Франция және Ұлыбритания елдері көбірек шыдайды. Мыңжылдық тарихы бар Қытай мен Үндістан, жаһандану процесіне басқалардан гөрі ұзақ уақыт төтеп беруі мүмкін.
Жаһандану дәуірінде мемлекеттердің жүріп өткен жолдарына сәйкес қалыптасқан
3 әлемдік модельді атап көрсетуге болады.
-Батыстық. Мұны таңдаған мемлекеттер (Шри-Ланка, Вьетнам, Бермуд аралдары, Ирландия) өздеріне бағыт ретінде Батыстық тәжірибені алды. Бұл мемлекеттердегі азаматтық қоғам Батыстың негізінде құрылды және айта кететін жайт бұлар тәуелсіздігін батыстан алғанына көп болмаған (Шри-Ланка – 1948 ж., Ирландия – 1922 ж., Вьетнам – 1945 ж., Бермуд аралдарында ішкі басқару – 1968 ж.). Аталмыш мемлекеттер үшін егеменді болудан гөрі колония болу үйреншікті жағдай.
-Дамушылық. Осы жолмен кеткен мемлекеттер – Үндістан, Оңтүтік Корея, Малайзия және Жапония. Бұл модельдің мәні – жаңа технология мен инновацияға сүйене отырып, ғасырлар бойы келе жатқан дәстүрді сақтау.
-Дәстүрлі. Бұл модель батыстық дамудан толығымен бас тартады. Осы жолмен жүрген мемлекеттер (Сауд Арабиясы, Түркменстан, Иран, Беларусь, Пәкістан) өз саяси немесе діни лидері айқындаған жолмен жүріп, сыртқы толқыныстардан аулақ болуға тырысады.
Қазақстан кеңестік кезеңнен кейін, заман талабына сай, демократияландыруға бет бұрды. Ол өз кезегінде жоспарлы экономиканы нарықтық жүйеге көшіріп, көптеген мүмкіндіктерге жол ашты. Батыстан ескен жел секілді ағыны қатты ақпарат дәл осы сәтте жабық әлемде өмір сүрген халық үшін жаңа әрі таза ауа секілді көрінгені анық. Енді қалғаны, мәдени стандартталу. Қарап отырсаңыз, «қол-шоқпарлардың» үшеуін толық бастан кешіріппіз. Бірақ, төртіншісі белгілі бір деңгейде өтіп жатыр.
Батыстық құндылықтардың ақпараттық технологиялар арқылы енуі елдегі рухани ориентирдің бұзылуына, идеологиялық негіз бен халықтың біртектілігін жоғалтуына әсер етуде. Ақпараттық кеңістіктің кеңеюі әсерінен нақты мәдени стандарттау процесі жүріп, тұрғындар батыстық құндылықтарға қарай басымдық беру арқылы өз тарихи дәстүрі мен мәдени ерекшелігін қайтарымсыз жоғалтуда. Оған мысал, ата-бабамыздың дәстүрін қатты даттаушылар мен қатты жақтаушылар тобының болуы. Оларды ұстанатын орта таптың жоғалуы және тағы басқа. Мұндай жағдай бірқалыпты өзгермей тұра беретін болса, біздің қазақы мәдениет те тек фольклор ретінде қалуы әбден мүмкін.
Көзге көрінбейтін қақтығыстар алаңындағы басты міндет – тек тәуелсіз болып қалу емес, өзіңнің тарихыңды жырлайтын әдебиетіңді, болмысыңды қалыптастыратын мәдениетіңді жоғалтып алмау.
Ендеше осы жолда көршілерге сәттілік, өзімізге жеңіс тілесек артық болмас.


Н.БЕРДІБЕК,
облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы.
Саясат 18 сәуір 2019 г. 306 0