Ұлтаралық келісім – мәңгілік құндылық

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төраға­лығы­мен Қазақстан халқы Ассам­блея­сының XXVII сессиясы өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жиын­ға қатысушыларды сессия жұмы­сының басталуымен құттықтап, елімізде бей­бітшілік пен тұрақтылықты сақтау ісіндегі Қазақстан халқы Ассам­блеясының маңызды рөлін атап өтті.
– Жаһандық әлем күшті транс­формацияны бастан өткеріп отыр. Біз бәріміз мүлде жаңа тарихи дәуірде өмір сүріп жатқанымызды түсінеміз. Экономика, қоғам өмірі және технология түбегейлі өзгерді. Бұл жаңалықтарды қабылдап, көп нәрсені үйренеміз, біраз нәрсені істей аламыз. Бірақ, бұл құбылмалы әлемде бір ғана мәңгі әрі кешенді құндылық бар. Ол – қоғамның бірлігі мен ұлтаралық келісім, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдары Қазақстан халқының елімізде этносаралық қарым-қаты­нас­тардың келешегіне қатысты деструк­тивті бол­жамдардың бәрін жоққа шығарғанына назар аударды.
– Біз экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мықты мемлекет құр­дық. Тарих сынақтарының бәрін бірге еңсердік. Прагматикалық және сарабдал сыртқы саясатымыздың арқасында халықаралық беделімізді биіктеттік. Еліміздегі этносаралық қарым-қатынастардың үлгісі теңдес­тірілген, уақыт жағынан тиімді әрі тәжірибеден өткізілген. Бұл бәріне үлгі болуға тиіс, – деді Елбасы.
Сессия барысында Елбасы Қазақ­стан қоғамындағы тұрақтылықты сақ­тау үшін барлық тетіктердің қалыпты әрі тиімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті мемлекеттік органдар жанындағы медиа­ция институты мен қоғамдық кеңес­тердің жұмысын жандандыру қа­жеттігін айтты. Сонымен қатар, Ел­басы Ассамблея кәсіпкерлерінің қа­уым­дастығы арқылы шетелдік ин­вес­торлармен экономикалық ын­ты­­­мақ­тастықты нығайтуға және Қа­зақ­­стан халқы Ассамблеясының де­пу­­таттық корпусының әлеуетін белсенді пайдалануға шақырды.
Нұрсұлтан Назарбаев сөйлеген сөзінде барша мұсылман қауымын алдағы қасиетті Рамазан айының басталуымен және христиан өкілдерін Пасха мерекесімен құттықтады.
– Халқымызға, соның ішінде Қа­зақ­­стан халқы Ассамблеясының бар­­­лық мүшесіне қолдау көрсетіп, тү­сі­­ністік танытқаны үшін ризашы­лы­ғымды білдіргім келеді. Президент сайлауы 9 маусымға тағайындалды. «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың канди­да­турасы ұсынылды. Ол – тәжірибелі мемлекет қайраткері, елге басшылық етуге лайық Қазақстанның нағыз патриоты. Барша қазақстандықтарды, Ассамблеяның мүшелерін алдағы сай­лауға белсенді атсалысып, тағы бір рет бірлігімізді танытуға ша­қы­ра­мын. Барша қазақ­стан­дықтарға аспан­дарының ашық болуын, әр отбасына бейбіт өмір, аман­дық және бақ-береке тілеймін, – деді Тұңғыш Президент.
Сессия барысында ҚХА Төраға­сы­ның жаңа орынбасарлары болып Юсуп Келигов және Шерзод Пулатов тағайындалды.
Саясат 30 сәуір 2019 г. 1 195 0