Ынтымақтастық пен серіктестіктің жаңа кезеңі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына екікүндік мемлекеттік сапары ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі, ҚКП Сыртқы істер жөніндегі басқарушы топ Канцеляриясының бастығы Ян Цзечимен кездесуден басталды.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Ян Цзечи мырзаны бұрыннан білетінін, оның ҚКП сыртқы істер министрі лауазымындағы табысты қызметімен бұған дейін де жіті таныс екенін атап өтті. Президент бұл сапардың Қазақстан үшін өте маңызды екенін де айтты.
– Біз Қытайды көршілес әрі достық қарым-қатынастағы мемлекет деп есептейміз. Сондай-ақ, әлемдегі экономикасы дамыған екінші ел екенін де негізге аламыз.  Қазақстан бұл сапарға үлкен мән береді. Біз Қазақстанның Азиядағы іс-қимыл және өзара сенім шаралары жөніндегі кеңес пен халықаралық аренадағы басқа да бастамаларын қолдағаны үшін Қытай мемлекетіне ризашылық білдіреміз. Экономикалық ын­ты­мақтастыққа келер болсақ, оның стратегиялық сипаты бар. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев пен Төраға Си Цзиньпин қол жеткізген уағдаластықтар одан әрі дами береді, – деді.
Одан әрі Мемлекет басшысы Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 6-отырысына қатысты. Президенттің айтуынша, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасымен үндеседі. Мемлекет басшысы ортақ күш-жігеріміздің арқасында Ұлы Жібек жолын қайта жандандырып, қалпына келтіре аламыз деген сенім білдірді.
Соңында Президент Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесін дамыту ісінде маңызды рөл атқаратын Қазақстан мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту үшін берік негіз қаланғанына сенім білдірді.
Сапар барысында Қытай қоғамдық ғылымдар академиясында  профессорлар мен сарапшылардың, қазақстандық студенттердің алдында лекция оқыған Қазақстан Президенті қоғамдық ғылымдардың кез келген мемлекеттің даму бағдарын айқындауға елеулі үлес қосатынын атап өтті. Екі ел тарихында ортақ дүниелер көп екенін айтты. Оның сөзінше, екі халықты өркендеу рухы мен алға қарай ұмтылыс жақындата түседі.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің дипломатиялық қызметін дәл осы Бейжіңде бастағанын айтып, сол кезде ұлы мемлекет қайраткері Дэн Сяопиннің ашықтық пен реформалар саясатына куә болғанын жеткізді. Сондай-ақ, Президент барлық қатысушыларды Қытай Халық Республикасының 70 жылдық мерейтойымен құттықтап, бұл тарихи датаның орта деңгейдегі «сяокан» қытай қоғамын құру жолындағы маңызды белес екеніне тоқталды.
Лекцияның негізгі бөлігі қазіргі халықаралық қатынастарға талдау жасауға арналды. Президент бүгінгі қауіп-қатер халықаралық құқықтың бұзылуына және жаһандық институттар рөлінің әлсіреуіне байланыс­ты деп санайды.
Мемлекет басшысы дәрісінің соңында еліміздің ұстанымын айқындап, Қазақстан мен Қытайдың көрші әрі стратегиялық серіктес ретінде өсіп-өркендеу жолына бірге қадам басуы тиіс деді. Президент Қазақстан мен ҚХР арасындағы стратегиялық серіктестіктің жаңа тиімді бағыттарын іздеу екі елдің «маңызды шешімдер қабылдайтын орталықтары» арасындағы іс-қимылдарды одан әрі нығайтуға, бірлескен конференциялар мен қолданбалы зерттеулер жүргізу тәжірибесін кеңейтуге септігін тигізетініне сенім білдірді. Дәріс аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы Қытайда оқып жатқан қазақстандық студенттермен әңгі­мелесіп, олармен бірге естелік суретке түсті.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізді.
Қазақстан Президенті Қытай көшбасшысымен Бішкекте өткен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитінен кейін араға бірнеше ай салып, қайта жолыққанына өте қуанышты екенін айтты. ҚХР Төрағасына қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, Қытай көшбасшысының досы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемі мен ыстық ықыласын жеткізді.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин өз сөзінде Қазақстанның Орталық Азиядағы ірі ел саналатынын және Орталық Еуразияда үлкен ықпалы бар екенін айтты.
– Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елдеріңіз зор та­бысқа қол жеткізді, ұлттық ерек­шелікке негізделген даму үлгісін құрды. Сіз Президент болғаннан кейін өзіңіздің сабақтастық, әді­леттілік және ілгерілеу жөніндегі үш ұстанымыңызды жарияладыңыз. Экономиканы дамытуды, жұмыс орындарын ашуды, сыбайлас жемқорлықпен күресуді, әлеуметтік қорғау деңгейін көтеруді алдыңызға мақсат етіп қойдыңыз. Бұл – Қазақстан халқының үмітін ақтайды.  Сіздің барлық бастамаларыңыз осыған бағытталған. Достас Қа­зақстан халқына бақ-береке және табыс тілеймін, – деді Қытай көшбасшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қытай Халық Республикасына жасаған екі күндік мемлекеттік сапа­рының барысында Чжэцзян про­винциясындағы Ханчжоу қала­сына, ондағы әлемдік нарыққа инно­вация­лық өнімдерді шығаратын көшбасшы «Hikvision» компаниясына барды.
Компанияның Басқарма төрағасы Чэнь Цзуннянь Мемлекет басшысына компания қызметі туралы айтты. Сонымен қатар, Орталық Азия бойынша қолға алынған коммерциялық жобалардың атқарылу жайымен таныстырды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа робототехника саласында, үлкен деректерді өңдеу, жасанды интелект және заманауи технологиялар бағытында жасалған жұмыстарын көрсетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Alibaba Group» компаниясының негізін қалаушы Джек Мамен кездесті. Қытайлық бизнесменмен кездесу кезінде әлемдік экономикадағы заманауи және маңызды мәселелер, кәсіпкерлік пен электронды коммерцияны дамыту жағдайы сөз болды.
– Мен сіздің Қазақстанға қолдау көрсетем деген ниетіңізді жоғары бағалаймын. Біз Қазақстан мен Қытайдың арасындағы цифрлық эко­но­миканы дамытуға қатысты стратегиялық келісім жасадық. Осы іске сіздің де атсалысқаныңызды қа­лай­мыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде әлемдегі ең ауқатты адамдардың бірі Джек Ма Қазақстанда бірнеше рет болғанын, біздің елдің мәдениеті мен адамдары ерекше әсер қалдырғанын жеткізді. Ол өзінің тәжірибесін қазақстандықтармен бөлісуге дайын екенін мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қытай Ком­партиясының Чжецзян про­винция­сындағы хатшысы Чэ Цзюньмен кездесуде Қытайдың цифрлық экономиканы дамыту  саласында орасан зор жетістікке жеткеніне тоқталып,  осы саладағы мәселелерді талқылау үшін Чжецзян провинциясына арнайы ат басын бұрғанын айтты.
Чэ Цзюнь Қасым-Жомарт Тоқаевқа экономиканың түрлі салалары бойынша Қазақстанмен тығыз ынтымақтастық және мәдени ықпалдастық орнатуға дайын екенін айтты.
Тұтастай алғанда, Президенттің Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары табысты өтті.
Саясат 14 қыркүйек 2019 г. 1 266 0