ӘЙЕЛДЕР БИЗНЕСІНЕ – 10 МЛН ТЕҢГЕ

 Кәсіпкерлік әлеміндегі әйелдер үшін биылғы жылдың ең үлкен жаңалығы осы болды. Мамыр айында өткен іскер әйелдер конгресінде  Іскер әйелдер кеңесі «Халық Банкімен» меморандумға қол қойды. Нәтижесінде  кәсібін дамытамын деген әйелдерге 10 млн теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік бар. Бұл мүмкіндікті сырбойылық кәсіпкер әйелдер қаншалықты пайдалана алды? Қызылорда облысы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Аманова мен аз-кем сұхбат осы және өзге салаға бірқатар сауалдармен өрбіген еді..
– Кәсіпкер әйелдер үшін биылғы жыл жаңалығы 10 млн теңгеге дейін 5 процентпен несие беріле бастағаны. Әрине, бұл бір жылға арналған бағдарлама. Бүгінгі күнге дейін өңірімізде қанша кәсіпкер әйел төмен пайызбен несие алды?
– «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесі мен «Халық Банкі» арасындағы меморандум нәтижесінде кәсіпкер әйелдерге жұмысын дамыту үшін 5 процентпен 10 млн теңгеге дейін несие беру бағдарламасы жүзеге асты. Бұл – кәсіпкер әйелдер үшін үлкен көмек.  Сырбойылық кәсіпкер әйелдерден 20 шақты ұсыныс түскенімен, бүгінгі күнге дейін 4-і несие алды.
– Аз емес пе?
– Әрине, аз деп ойлаймын. Біздің қызметіміз – кәсіпкер әйелдерден түскен ұсыныс хатты тіркеп, банкке жіберу. Банктің өз талаптары бар. Кәсібі дөңгеленген және кепілге жылжымайтын мүлік қоя алатын болу керек және тағысын-тағы. Бұл жаңалықты естіген көп әйелдер кәсіпті енді бастаймын деп несие сұрап келеді. Бұл кәсіп ашқысы келген әйелдерге арналмаған.
– 10 млн-ды кімдер алды?
– Кәсіпкер Данила Танкибаева жиһаз өндірісін әрі қарай дамыту үшін 10 млн теңге несие алды. Сауда саласында Маржан Баймаханова 6 млн теңге несие алса, Базаркүл Тименова сұлулық салонын кеңейту үшін  және кәсіпкер Айнұр Бермағанбетова жолаушылар тасымалын қамтамасыз ету кәсібін әрі қарай жандандыруға 10 млн теңге несие алды. Айта кетерлігі, несиені банктен қолма-қол алып, емін-еркін жұмсай алмайды, тек мақсатты түрде аударым жасап отырады. Яғни, несие қаржысының қайда жұмсалатыны бақылауда.
– Ал, кәсіп ашқысы келетін әйелдер үшін қандай жеңілдік бар?
– Семинар-тренингтер тегін ұйым­дастырылуда. Тренингтер барысында тәжірибе алмасу, табысты басқару, жалпы кәсіпкерлік саласының барлық қыр-сыры үйретіледі.
 Шындығында көзді жұмып, бірден кәсіп бастаймын деу қате түсінік. Кәсіпке білім, көп ізденіс, тәжірибе керек. Жұмыс барысында көріп жүргеніміздей, өзі білмейтін салада кәсіп ашамын дейтіндер көп және бүгін кәсіп бастап, ертең мол пайдаға кенелгісі келеді. Түсінгенге, кәсіп кемінде 3-4 жылсыз пайда әкелмейді. Осы уақытта өзі қаржы салып және тер төгіп еңбектену қажет. Бұл  шыдамдылықты сынайды. Статистика бойынша бір жыл ішінде жаңадан ашылған кәсіптің 90 проценті жыл аяғына дейін жабылып қалады екен. Сол себепті де кәсіп  бастауға үлкен дайындықпен келу керек.
Үйде отырып, кәсіппен айналысқысы келетін қыз-келіншектер үшін «SMM» жобасын ұсындық. Олар үйде отырып-ақ өзінің хоббиін кәсіпке айналдыра алады. Бір – ісмер, бір – аспазшы, енді бірі қолөнер бұйымдарының шебері. Өзі жасаған бұйымды әлеуметтік желі арқылы сата алады. Бұл жоба бойынша әлеуметтік желімен жұмыс жасауды үйреттік. Жақсы нәтиже бар.
– Кәсіпкер,  бизнес-тренер ретінде кәсіп ашқысы келетіндерге қандай кеңес берер едіңіз...
Біріншіден білім керек. Оқып білмей, кәсіп бастау нәтиже бермейді. Екіншіден тәжірибе. Бір сала бойынша кәсіп бастау үшін, ең әуелі сол саланың қазанында қайнау керек. Ішкі жағдайын, қыр-сырын меңгермей жатып, кәсіп ашам деу үлкен қателік. Үшінші ақыл-кеңес артық етпейді. Тәжірибелі кәсіпкерлердің тәжірибесімен бөлісу, кәсіпкерлікке бұған көру арқылы көп нәрсе үйренуге болады. Ортамен тіл табысу, мақсатқа жету жолында шыдамдылық та үлкен маңызға ие.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА
Cұхбат 25 қараша 2018 г. 562 0