Сауытбек АБДРАХМАНОВ: ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫ – ЕЛДІК ЕРЛІГІ

«Хабар 24» арнасы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Тарих толқынындағы тұлғалар» атты бағдарлама ашып, ел тәуелсіздігіне еңбегі сіңген бір топ қайраткер азаматтармен сұхбаттар ұйымдастырды. Мәжіліс депутаты, танымал қаламгер, ғалым Сауытбек Абдрахмановпен сұхбатты оқырмандар назарына ұсынамыз. 

– Алдымызға үлкен мақсаттар қойып отырмыз. Жиырма жеті жыл­дың ішінде талай жетістіктерге қол жет­кіздік. Бірақ бұл жолға бірден түсе қалған жоқпыз. Алғашқы жылдар­дағы қиындықтар жайында айтып берсеңіз. Егемендікке қалай келдік? 

– Алдымен біздің егемендік алып, тәу­елсіздік туын тігуіміздің өзі өзге­лерге қарағанда әлдеқайда қиын­ға түс­­­кенін қадап айтуымыз керек. 1991 жылғы желтоқсан айында Қа­зақ­стан­дағы қазақ ұлтының саны ел тұр­ғын­да­рының 39 проценті болатын. 16 жел­­тоқсанның Тәуелсіздік күнін мере­ке­леуге келтіретін қиындықтары бары рас, ән салу, би билеу қиын, киіз үй тігу де қиын. Бірақ маған, парадокс болса да айтайын, осы біздің Тәуелсіздік күніміздің датасы өте ұнайды. Өйткені, осы күн – 16 желтоқсандағы Тәуелсіздік күні бізге сол тәуелсіздіктің қандай қиындықпен келгенін бадырайтып көр­­сетіп тұрады. Нұрсұлтан Назарбаев елдегі негізгі этностың өкілдері 40 про­центке де толмайтын жағдайда ың-шыңсыз, аңдысын аңдап, сабырмен бәрін күтіп, барлық мәселелер өзінен-өзі реттелуге жақындаған кезде барып елдің тәуелсіздігін жариялай алды және ол бүкіл елдегі барлық этнос өкілдерінің тарапынан жақсы түсіністік тапты. Осыны ерекше айтқым келеді.

Алғашқы жылдарда түбегейлі мәсе­ле­лерді шешу міндеті тұрды. Ол – бір қоғамнан екінші қоғамға ауысу, бір тұрпатты экономикадан басқа тұрпатты экономикаға, яғни жоспардан нарыққа ауысу, содан кейін социалистік санадан – белгілі бір дәрежеде, шартты түрде айтқанда, капиталистік санаға кө­шу. Осындай үлкен мәселелер айналасы оншақты жылдың ішінде түбегейлі түрде шешілді деуге болады. Нұрсұлтан Назарбаевтың асқан алғырлығының, са­бырлығының, сарабдалдығының арқа­сында осылардың бәрі кезең-кезеңімен атқарылды. Біз қоғамды бір формация­дан бір формацияға ауыстыра алдық, адамдардың психологиясын өзгерте ал­дық, адамдардың ойында меншік иесі психологиясын қалыптастыра ал­дық, адамдардың санасында «Мемлекет адамды асырауға тиісті емес» деген қарапайым қағидаттарды сіңірдік. «Әркім өз бақытын өзі қалыптасуы керек» деген қағиданы қалыптастырдық. Сол арқылы айналасы оншақты жыл­дың ішінде бізде адамдардың мінез-құлқы, сана-бітімі өзгеріп, жаңаша қо­ғам қалыптаса бастады. Сол жаңаша қоғамның қалыптасу кезі бірте-бірте экономикадағы іскерлікке, бизнестегі алғырлыққа алып келді, ақыр аяғында Нұрсұлтан Назарбаевтың биік беделінің арқасында, шетелдік инвестицияны тарту жөніндегі жүйелі жұмыстың арқа­сында экономика бірте-бірте көтеріле бастады.

– 1991 жылға қайта оралсақ. Пре­зидентті ұлықтау рәсіміне үлкен кісілер келіп, Елбасына бата беріпті. Соның куәсі болыпсыз. Сол кездегі естеліктеріңізбен бөліссеңіз. 

– Куәсі ғана емес, соның бәріне қа­ты­сушы болдым. Бұл естелікті мен телеэкраннан бұрын да бір айтқанмын, енді қысқартып айтуға болады. Ол кезде Премьер-Министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков еді. Мырзекең маған сол ұлықтау рәсімінің сценарийін жасауды тапсырды. Оны мен жасап, ұсындым. Сол кезде әдебиетті білгеннің, халық өміріне жақындығымның арқа­сы шығар, 93 жасқа келген Шәкір Әбе­нов ақсақалдың әлі тың екенін, бата беретіндей сөзі ширақ екенін, Алматыға келтірудің мүмкіндігі бар екенін білдік. Сөйтіп, мен Мырзекеңе Шәкір Әбенов ақсақалды ұсынғанмын, батаны сол кісі берсе деп. Батадан кейін осы заманғы үлгіде тілек айту орынды шығатын болды. Оған мен абыз Әбіш Кекілбаевты ұсындым. Осы екі ұсынысым да қолдау тауып, инаугурация рәсімі өте жақсы өтті.

Сіздің айтайын деп отырғаныңыз бата беру кезіндегі бір төтенше жағдай шығар. Ондай жағдай болды. Қайта сол жағдайдың өзі әдемі болып шықты. Бата беру рәсімі аяқталып қалған кезде сахнадағы ту қозғалып кетіп, ол туды Президент сәл шалқайып барып, бір қолымен қағып алды. Ол көріністің ерекше бір символдық мәні бар сияқты. Президент қазақтың туын жықпайтындығы жұрттың бәріне көрінді, бүкіл халық соны көрді, дәтке қуат етті, сөйтіп ол өзі ерекше мәнді бір оқиғаға айналып кетті.

– Сол кездегі еліміздің рухани өмірі қандай жағдайда еді? Қандай белестерді бағындырдық, қандай ке­зең­дерден өттік? 

– Ол кезде қандай да бір белестерді бағындыру жөнінде әңгіме етуге де болмайтын. Мен 1995 жылы Мәдениет министрінің бірінші орынбасары қыз­метіне тағайындалдым. Оның алдында да Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары ретінде руханият  саласына жауапты адамдардың бірі едім. Министрдің бірінші орынбасары қызметіне кіріскен кезде бізде мәдениетті өркендетіп жі­бе­ру, гүлдендіріп жіберу, дамытып жібе­ру жөнінде мақсат қойылған жоқ. Өйткені, дәл сол кезде сонау Мәскеу­ден, Санкт-Петербургтен бастап мәде­ниет мекемелері қатты дағдарысқа ұшы­рап жатқан еді. Бізбен көршілес мем­лекеттерде тіпті театрлар бірінен кейін бірі жабылып жатқан-ды. Елде кітапханалардың жабылу үдерісі бас­тал­ған болатын. Біздің міндетіміз сол үдерісті тоқтату болды. Мәдениет меке­мелерін таратпау, олардың кадрларын ұстап қалу, театрлардың адамдарына ай­лық табу, олардың стационардағы жұ­мысын қамтамасыз ету(гастроль жөнінде әңгіме болған жоқ, өйткені оған ақша жоқ), қысқасы Қазақстан мәдениетінің әлеуетін сақтау жөнінде мақсат қойдық. Сол мақсатқа біз жете алдық. Одан кейін ақша молайған кезде сол орнында қалған адамдар кейінгі белесте мәдениетті жаңа деңгейге алып шықты. Ал біз сол тұста жаңағы нақты міндеттің үдесінен шыға алдық. Кинотеатрларды жауып алмауды орындаудың толық мүмкіндігі болған жоқ. Прокаттың нашарлауына байланысты көптеген кинотеатрлар сатылып кетті, аудандардағы мәдениет үйлерінің сатылып кеткендері де аз емес. Кейін  әкімдіктер өздерінің қалтасына қаржы түскен кезде солардың біразын қайтып сатып алды. Әлдеқайда қымбат бағаға түсті.

– 1993 жылды еске алайықшы. Ақша ауысқан кез. Еліміз дағдарыс­ты бастан өткізіп жатты. Сол кезде халықты сабырға шақыру, егеменді­гімізге сендіру жолында қандай жұ­мыстар атқарылды? 

– Сол шаруалардың басы-қасында жүргеніме мен өзімнің тағдырыма үлкен тәубешілік айтамын. Жаңа ауызға алған Мырзатай ағамыз 1992 жылдың басында Елбасына: «Қазір бюджеттен ақша шығарып, тәуелсіздік тойын тойлайтын шамамыз жоғы рас, бірақ біз тарихи оқиғаларды түгендеп қарап көрсек, көптеген айтулы адамдарымыздың осы жылдарға сәйкес келетін мерейтойлары бар екен, соларды біз өңір-өңірге айтайық, елдегі азаматтар өздері бас көтеріп, қаржы құрастырып атап өтсін, соның өзі халықты серпілтеді, халықтың көңілін көтереді», деген тұрғыда ұсыныс жасады. Президент сол ұсынысты толық қолдады. Сөйтіп 90-шы жылдарда ана жақта Қабанбайдың, мына жақта Бө­ген­байдың, ана жақта Төле бидің, мына жақта Абылайдың, ана жақта Сы­рымның деген сияқты бүкіл қазақ же­рінде мерейтойлар науқаны басталып кетті. Сөйтіп дәл біздің ойлағанымыздай шықты да, бүкіл қазақ халқы бір жарым-екі жылдай жер-жердегі, ел-елдегі тойларды дүркіретіп өткізді. Сол арқылы тәуелсіздігін тойлады. Осыған қол жетті.

– 1992 жылы Құрылтай өтті. Сол кездегі естеліктеріңізбен бөліссеңіз. Өйткені бұл қазақ елі үшін үлкен оқиға. Құрылтай өткізейік дегенге кім бастамашы болды? Бұл ой қалай келді, кімге келді? Қалай ұйым­дастырылды? 

– Мұның алдында мен Нұрсұлтан На­зарбаевтың 1991 жылғы 31 желтоқсан күні әлем қазақтарына радио арқылы үндеу жасағанын ерекше айтқым келеді. 16 желтоқсан күні тәуелсіздік жария­ланды ғой. Содан кейінгі оншақты күнде негізінен  жұмыс барысындағы жи­налыстар, мәжілістер өтіп жатты. Бірақ желтоқсан айының аяғына дейін Президент елдің алдына шығып, үлкен әңгіме айта қойған жоқ. Мемлекет жаңа орнығып жатыр. Алғашқы сапырылыс күндер, қарбалас күндер. Сондай күндерде Президент өзінің үндеуін дайындады және 31 желтоқсан күні халыққа арнаған алғашқы сөзін бүкіл әлемге та­рыдай шашырап кеткен қазақтарға ар­нады, міне, біз егемен ел болдық, тә­у­елсіздік туын тіктік, туған елдің құшағы сіздерге айқара ашық, туған жер сіздерді күтеді деп. Ол бір. Екіншіден, 1992 жылдың көктемінде Түркияға алғашқы ресми сапары кезінде сол кездегі Жазушылар одағының бірінші хатшысы Қалдарбек Найманбаевқа: «Біз дүние жүзіндегі қазақтардың басын жинайық, сөйтіп құрылтай өткізейік» деп айтқан Елбасының өзі. Сөйтіп, 1992 жылы күз айында, жаңа сіз айтқандай, құрылтай өтті. Ол да қазақтың санасын бір дүр­кіреткен ерекше оқиға болды.

– Шетелдік басылымдар біздің еліміздегі Қазақстан халқы ассамблея­сын Назарбаевтың ноу-хауы дейді екен. Осы жайында айтып беруіңізді өтінемін. 

– Біз өткен жылы Мәскеуге жұмыс бабындағы сапармен барғанымызда Пре­зиденттің Әкімшілігінде болдық (олар администрация дейді ғой), содан кейін Ресей халықтары (оларда халықтары дейді) Ассамблеясында және Мемлекеттік Думада болдық. Осы үш жерде де бізге Ресей халықтары ассамблеясын құру идеясы Назарбаевтың үлгісінен, яғни, Қазақстан халқы Ассамблеясынан басталғанын айтты және оның құрылымдық негіздерінің барлы­ғын Қазақстаннан алғанымызды жасырмаймыз, өйткені көп этносты мемлекетте ұлттардың жарасымдылығын қалыптастыру жолын Нұрсұлтан Назарбаевтан артық ойлап тапқан адам жоқ деді. Осы жерде мына бір жағдайды айтқым келеді. Нұрсұлтан Назарбаев белгілі бір дәрежеде саясаттанудағы кейбір қасаң қағидаларды қақыратып сындырып берген адам. Өйткені бұған дейін көп тілді болу, көп дінді болу міндетті түрде мемлекеттің кемшілігі деп саналатын. Назарбаев сол «кемшілікті» артықшылыққа айналдыра алды. Бұл да ерекше жағдай.

– 27 жыл ішінде талай белестерді бағындырдық. Сол белестердің бәріне өзіңіз куә болдыңыз. Қандай ауқымды кезеңдерден өттік? 

– Қадау-қадау етіп айтуға тырыссақ, жаңа сөздің барысында келтірілгендей, біз бір қоғамдық формациядан екінші қоғамдық формацияға ауыстық, бір экономикадан басқа сипаттағы экономикаға ауыстық, адамдардың менталитетін өз­герттік. Жарты жылдап жалақы, зей­нетақы, шәкіртақы бере алмай жүрген қиын кезеңдерді еңсердік. Қазақты әуелі елге таныттық, өзіміздің ішімізде мойындаттық. Мемлекет құра алатын, ел болып тұра алатын халық екенімізді дәлелдедік, осы елдің ұйыстырушы ұл­тына айналдық. Елді әуелі кеңестік ке­ңістікте таныттық, мойындаттық, одан кейін әлемдік кеңістікке таныттық, мой­ындаттық, танытып, мойындатып қана қойған жоқпыз, құрметтелетін елге айнал­дырдық. Оның нақты дәлелі 56 мемлекеттің басын қосатын Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымы­ның төбе биі болдық. Қазақтың сөзімен айтқанда, әуелі би түсетін үй болып ал­дық, одан кейін бидің өзі болдық. Сол құрметті біз түркітілдес елдердің ішінде бірінші болып иелендік, бүкіл мұсылман әлемінде бірінші болып иелендік, бү­кіл ТМД кеңістігінде бірінші болып иелендік. Иеленіп қана қойған жоқпыз, төрағалық етіп қана қойған жоқпыз, сол ұйымның он бір жылдан бері өткізілмей келе жатқан саммитін өткізіп, Астана декларациясын қабылдадық. Одан кейін тәуелсіздік алғанымызға 20 жылға да жетпеген кезеңде талай азуы алты қарыс мемлекеттердің айтулы қалаларының қолы жете қоймайтын «ЭКСПО» көр­месін өткізу құқын қолдарынан тартып алғандай қылып Астанаға алып кел­дік. Оны да абыроймен өткіздік. Мі­не, біз қазір «ЭКСПО» көрмесінің территориясындағы «HiltonAstana» деген тамаша отельде отырмыз. Осының барлығы сол жылдарда атқарылған жұмыс. Одан кейінгі кезеңде Қазақстан өзінің мәселесін шешумен  шектеліп қалмайтын, әлемдік аренадағы саясатқа ықпал жасай алатын мемлекетке айналды. Мұны арнайы айтқым келеді. Мысалы, Сириядағы атыс алғаш рет Астанадағы келіссөздерден кейін барып тоқтатылды. Тағы бір нақты мысал айтатын. Мен 2016 жылдың желтоқсанында Анкараға барып, түркітілдес мемлекет­тердің тәуелсіздігінің 25 жылдығына қатысып қайтқан едім. Сонда Қазақстан атынан мен сөйледім, менен кейін Түр­кия Президенті Ердоғанның кеңесшісі Ибрагим Калын деген кісі сөйледі. Ол сөз сөйлеп болғаннан кейін үзіліс жарияланды, үзілісте бірден маған келіп: «Біз Нұрсұлтан Назарбаевты түркі дү­ниесінің ақсақалы деп санаймыз, біздегі ең қиын проблемаларды шешіп берген адам Нұрсұлтан Назарбаев», – деп айта бастады. Мен ол кезде Ибрагим Калынның қандай іске араласқанын білмейді екенмін. Сөйтсем, Ибрагим Калын Түркияда Ресейдің әскери ұшағын атып түсіріп, одан кейін елшісін атып өлтірген ерекше қиын оқиғалар болған кезде Назарбаев екі елді бітістіру миссиясына кіріскен кезде Ердоғанның Путиннен ғафу өтінген хатын арнаулы ұшақпен Анкарадан Ташкентке алып келген адам екен. Путин әуелі біраз тулаған екен, оның тулағанын басып, «Екі ел келісімге келуі керек. Ол сізге қолын созып отыр ғой, созылған қолды алыңыз»  деген сөзді айтып тұрып бітіс­тірген адам Назарбаев. Өзіміздің ішіміз­дегі мәселелерді шешудің сыртында Түркия мен Ресей сияқты ірі елдерді ке­лістіргені – Назарбаевтың мәмілегер ре­тіндегі ерекше беделінің тағы бір келісті көрінісі.

– Тәуелсіздік алғалы бері талай жетістікке жеттік қой, бірақ бар мүмкіндікті пайдалана білдік пе? Қалай ойлайсыз?

– «Политика – искусство возможного» деген сөз бар. Саясатта кереметтер жасалмайды, саясатта ғажайыптар болмайды. Ғажайыптар, кереметтер өнерде, ғылымда болуы мүмкін. Бірақ саясатта ондай болмайды. Саясатта жасауға болатын нәрселер ғана жасалады. Жасауға  болатын нәрселерді барынша толық жасай алған адам мықты саясаткер болып саналады. Назарбаевтың мықтылығы Қазақстанды тәуелсіздік жолына өзімен бірге түскен елдердің кеуде тұсына көтеруге мүмкіндік берді. Назарбаевтың мықтылығы осы жылдарда объективті факторлардың әсерін ескере келгенде Қазақстанды көтеруге болатын  деңгейге көтере алғанында. Сол мүмкіндікті то­лық пайдаланғандығында. Бұл, әрине, үлкен қасиет, біз бәріміз мақтаныш ете­­тін мерей. Интернетті шұқылап, Еуропаның елдеріндегі, Америкадағы, Жапониядағы жан басына шаққандағы долларлық, еуролық табыстарды оқып, солармен салыстырғанда біз қайда жүрміз деп жанымызды жей бермеуіміз керек. Біз өзімізбен тәуелсіздікке қатар түскен елдермен салыстырып, солармен салыстырып қараған кезде қандай деңгейде жүргенімізге қарауымыз керек. Осы тұрғыдан қарағанда, Қазақстанның қазіргі жағдайы алақайлауға жете қой­майды, бірақ шүкір, тәубе деуге ғана емес, мақтаныш етуге де толық жетеді. Біз тәуелсіздік жолына түскен кезде бұлар ел болып тұра алмайды, әлі-ақ ал­дымызға келеді дегендер болған. Олардың барлығының көмейіне құм құйылды, қазақ мемлекет құра алатын, ел болып тұра алатын, әлемнің алдына шыға алатын ұлт екендігін көрсетті. Біз сол үшін ерекше мақтанамыз. Осы шаруаның барлығын бір адам – Нұр­сұлтан Назарбаев бастады. Тәуелсіздік тарихы – елдік ерлігі.

– Сіз Елбасымен жиі шетелдік са­парларға шықтыңыз. Жалпы, әлем Нұрсұлтан Назарбаевты қалай қа­был­дайды?

– Нұрсұлтан Назарбаевқа әлем кө­лемінде берілген билік бағалар аз емес, олардың ішінде мен бір бағаға ерекше назар аударғым келеді. Өйткені бағаның өзі салыстырмалы ұғым. Бағаның ба­ғасы оны кімнің беруіне байланысты. Біреудің «керемет екен» дегенінен басқа біреудің «жаман емес» дегені артық болуы мүмкін. Бәрі кімнің айтуына байланысты. Осы тұрғыдан қарағанда, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Нұрсұлтан Назарбаевқа берілген ерекше бір баға – «темір леди» атанған ұлы саясаткер Маргарет Тэтчердің бағасы. Сол кездегі жағдайда Маргарет Тэтчер былай деп айтқан: «Қазір әлемде үлкен саясатқа араласатын және үлкен мәселелерді шеше алатын бес-алты ғана адам бар, солардың біреуі – Нұрсұлтан Назарбаев». Сол әйелдің көрегендігі дәл келді. Сол кезде ол Нұрсұлтан На­зар­баевпен екі-ақ рет кездескен болатын, соның өзінде Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­­ның барлық қасиеттерін ерекше се­зім­талдықпен, үлкен ақылмен баға­лай алған. Қазақстанға келген инвести­циялардың үлкен бөлігі тікелей Нұр­сұлтан Назарбаевтың жеке өзінің бе­де­ліне байланысты келген инвестициялар. Олардың ішінде Нұрсұлтан На­зар­баевтың жеке басын, адамгершілік қасиетін сыйлап, таза сыйлық түрінде қайтарымсыз берілген қомақты қаржы­лар да бар. Олардың біразын Астана құрылысы кезінде де нақты көре алдық.

– Он алты жыл бойы еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанды» бас­қардыңыз. Бір сұхбатыңызда «қо­ғамды өзгертетін адам, адамды өзгер­тетін ой» депсіз. Еліміздің бас газеті сол кезде адамның ойын өзгерту үшін, нарықтық экономикаға көшу үшін қандай қадамдарға барды?  

– Бәрі де сөзден басталады, сөзден ой туады, ойдан сана өзгереді, санадан адам өзгереді, адамнан қоғам өзгереді, қоғамнан заман өзгереді. Осы тұрғыдан қарағанда біз газетке барған кезде, ең алдымен, қазақтың психологиясын өз­гертуді, мемлекеттік патернализмнен, яғни үкімет асырайды, өкімет өлтірмейді деген психологиядан бірте-бірте арылтуды ойладық. Сол арқылы мемлекеттің атқаруға тиісті қызметтері жөнінде әрі теориялық, әрі практикалық маңызы бар мақалаларды үлкен ғалымдарға, сая­саттанушыларға тапсырма беріп жаздырып отырдық. Осы арқылы біздің еліміздегі психологиялық, менталитеттік өзгерістерді жүйелі көрсетуге тырыстық. Өзінің күнін өзі көріп, өзінің шаруасын өзі құнттап, өзінің бақытын, өзінің тағдырын өзі жасап жатқан адамдарды таныту арқылы «сөйтуге болады екен ғой» деген ойға келтіруге тырыстық. Мысалы, жаз бойы шөп шауып, өзінің қорасына мая-мая шөп жинап алған адамдар туралы суреттемелерде берілді. Былай қарағанда, кімнің қанша шөп шапқанында, үйінің қорасында қанша шөп тұрғанында кімнің не шатағы бар? Бірақ сондай адамдарды көрсету ар­қылы міне жаз бойы шөп шапқанның арқасында үйінде пәлен сиыр, пәлен жылқы ұстап отыр, оны мұншаға сатып, соған балаларын оқытып отыр, балаларына көлік алып беріп отыр дегендей нақты мысалдармен «далада өзінен-өзі өсіп жатқан шөптің өзі ен байлық екен ғой, тек ерінбесе болды екен ғой» деген психология туғызатын мысалдарды алға тарттық. Адамның психологиясын өзгертуге қазақтың рухын көтеруге, тарихын жазуға, халықтың бойындағы рухани байлықты қазып көрсетуге біраз күш салдық.

– Журналистер тәуелсіздікке не бер­ді, тәуелсіздік журналистерге не берді? 

– Журналистер тәуелсіздікке көп дү­ние берді. Алдымен Қазақстандағы ты­ныштыққа, тұрақтылыққа, татулық­қа белгілі бір дәрежеде біздің журналис­тердің кешегі кеңестік кезеңінен қалған ұстамдылығының, сабырлылығының ар­­қасында қол жетті. Халқымызға тән кең мінез журналистерге де дарыған. Біз өзге елдердің журналистеріндей әлем-жәлемге тым құмар болмадық. Қалайда сенсация қуып, рейтинг іздеп кеткен жоқ­пыз. Осы елдегі тұрақтылыққа, ты­ныштыққа септесетін дүниелерді жа­зуға, көрсетуге тырыстық. Сол арқылы әсіресе алғашқы жылдарда журналистер тәуелсіздікке көп қызмет етті. Ал журналистерге тәуелсіздік не берді? Ойдың еркіндігін берді, әлемді көру мүмкіндігін берді. Мен кейбір бизнесмен жігіттерден «Қанша елде болдыңыз?» деп сұрасам, «Жиырма-отыз елде болдым» дейді. Оларға мен «Сіздің байлығыңыздың он­нан бірі менде жоқ, бірақ мен 58 елде болдым», деймін. Оны тек қана тәуелсіздік беріп отыр, оны тек журналист мамандығы беріп отыр. Әзіл сөз ғой, бірақ әзіл сөз болғанда да астары бар. Сондай мүмкіндікті журналистерге тәуелсіздік берді, әлемді көрдік, ойымызды кеңейттік, қиялымызды ұшқыр ете түстік.

– Қалай ойлайсыз, Елбасының қандай қасиеті бүгінгідей  табысқа жетуде басты рөл атқарды? 

– Бұл жөнінде бейнелі сөзді, меніңше, Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан. Тоқаевтың: «Назарбаев феномені екі құрлықтың ортасында, Батыс пен Шы­ғыстың қиылысқан тұсында, мұсыл­мандық пен христиандықтың тоғысатын жерінде, социализм мен капитализмнің кіріккен жерінде пайда болғандығында, нарық пен жоспардың бетпе-бет келген кезінде шыққандығында», дегені бар. Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің бүкіл өмір жолы – ауылда ту­ған­дығы, далада өскендігі, қалада қалып­тасқандығы көп рөл атқарды, ойының биіктігін, жүрегінің кеңдігін осы екі фактор анықтайды дегенді қосып айтқым келеді. Жастайынан көп ұлтты ортада тұрғандығы, бала күнінен ауыр еңбекпен шыңдалып өскендігі, жастайынан үлкен қызметке араласқандығы, қазақ айт­қан­дай, атқа ерте қонғандығы да өте маңызды болды. Мысалы, қырық жасқа толмаған кезінде Назарбаев Орталық Комитеттің өнеркәсіп мәселелері бойынша хатшысы болды. Ол кездегі Орталық Комитеттің хатшысы деген қызметтің салмағын бәріміз білеміз. Одан кейін Үкіметті басқарды. Ең қиын жылдарда елдің тізгінін қолына алды. Өзінің бойына біткен ақылы, қажыр-қайраты, сабыры, көңілінің кеңдігі, мінезінің беріктігі, тәуекелшілдігі елді алға жылжытты. Астанадай қаланы салуға ұлы істерге тәуекелі тұратын адам ғана кірісе алады. Елдің бәрі «Қайдағы Астана ауыстыру, әуелі айлық беріп алмай ма, әуелі елді тойындырып алмай ма?»  деп күпті күйде тұрған кезде «Жоқ, осылай жасаймыз» деп кірісіп  кеткеннің аяғын, жемісті нәтижесін бүгінде бүкіл халық, бүкіл әлем көріп отыр.

– Тәуелсіздік алған алғашқы сәт­тер­ден бастап ұлтымыздың болаша­ғын айқындайтын бағдар­лама­лар көп болды ғой. Соның ішін­де өзіңіздің кө­ңіліңізден ерекше шыққаны қандай бағ­дарлама? 

– Бәрі де көңілге жақын. Дегенмен, қазірде Парламенттегі қызметімізде ті­келей қатысты саланы алдымен бөліп айтайын. Мен 2003 жылы Ақпарат министрі болып тағайындалдым. Президент сол жылғы Жолдауында «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын қолға алу қажеттігін айтқан болатын. Сол шаруаның бас жағына тікелей араластық, бағдарламалардың жүйеленуіне, кітап се­рияларының түгенделуіне қаты­сып үлгердік. Сол кезде экономиканы ал­дыңғы қатарға, саясатты кейінгі қатарға қойғанының арқасында Нұрсұлтан Назарбаев елдің тамағын тоқ, көйлегін көк етуге қол жеткізіп алған соң барып бұл шараларды бастады, яғни артық ақша қордаланған кезде кірісті. Мысалы, 100 томдық қазақ фольклорын құрастыру айтуға ғана оңай. Осыған байланысты бір жағдайды айтқым келеді. Мен министр ретінде АҚШ-тың елшісі Элизабет Джонстың өтініші бойынша сол кісіні қабылдап, министрліктің жұмысы туралы айтып отырғанмын. «Мәдени мұра» бағдарламасын айтып келіп, 100 томдық қазақ фольклоры дайындалып жатыр, дедім. Біраз сөйлеп барып аудармашының аударғанын тосасың, содан кейін тағы сөйлейсің. Менің сө­зімді елшінің аудармашысы аударып отыр еді, бір кезде біздің аудармашымыз маған «Дұрыс аудармады» деп айтып қалды.  «Не болды?» десем, «Сіздің жүз том деп айтқаныңызды он том деп аударды» дейді. Сөйтсем, Америка та­рапының аудармашысы министр мырза он том деп айтуға тиісті сөзді жүз том деп жаңылыс айтып қалды деп ойлап, өзінше мені түзетіп аударған екен, бір халықтың фольклоры жүз том деген болмайды ғой деп өзінше болжап. Содан кейін мен күліп: «Жоқ, жаңағы жерді мен нақтылап айтқым келеді, он том емес, жүз том. Бұл әлем тарихында болмаған құбылыс болғалы отыр, әлем тарихында, бұйыртса, фольклоры жүз томға жинақталған бірінші мемлекет біз болғалы отырмыз» деп едім, елші қатты таңданып, риза болды. Міне, бір ғана мысал, қандай ірі істер атқарылғанына.

Кейінгі кездегі ерекше бағдарлама – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Одан кейінгі айтарымыз – Елбасының Тәуелсіздік күнінің алдында жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақаласы. «Егемен Қазақстан» газетіне «Асауды алғаш ауыздықтағандар» деген мақала жаздым. Сонда Президент айтқан жеті қырдың бір қырына, атап айтқанда, атқа міну мәдениетіне, оның өзінде де барлығына емес, жылқыны қолға үйретуге ғана тоқталдым. Мақалада біздің ата-бабаларымыз жылқыны энеолит дәуірінде қазақ жеріндегі Ботай қонысында алғаш рет қолға үйреткен деп шегелеп тұрып айтты. Оның нақты дәлелін мен осы жазда Парижде болған кезімде алып келген фотодан көрсеттім. Париждегі Эйфель мұнарасының дәл түбіндегі Адам музейінде әлемдегі ұлы жаңалықтарға арналған бір павильон бар, сонда энеолит дәуірінде Ботай мәдениетінде алғаш рет жылқы қолға үйретілді деп тайға таңба басқандай жазылып тұр. Бұл – ерекше мақтанатын жай. Ұлы даланың жеті қырының тағы біреуі – ежелгі металлургия. Әнеу күні Дархан Қыдырәлі «Егемен Қазақстан» газетінде сол ежелгі металлургтердің бүгінгі мұрагері құрыш құйған біздің Елбасымыз деп өте бейнелі айтты. «Жезқазған» деген аттың өзі біздің ата-бабаларымыздың атамзаманнан сол жерде жез қазғандығын көрсетіп тұр. «Жезді» деген де жер бар бізде.

– Президентпен сұхбаттарыңыз белгілі. «Егемен Қазақстанда» жұмыс істеп жүрген кездегі Елбасымен әңгі­мелесулеріңіз жайында айтсаңыз. 

– Жалпы, журналистикада, әдебиет­те, өнерде ойға түрткі салатын бір жай­лар болады. Мен сол жылдарда Фидель Кастроның «Моя жизнь» деген кі­табын оқып едім. Ол кітаптың форма­сы қызық. Игнассио Рамоне деген кубалық журналиске өзінің өмірбаянын егжей-тег­жейлі әңгімелеп шыққан. Шыққан те­гі­нен, балалық шағынан бастап, рево­люцияның жағдайын айтып, мемлекет құрудағы қиындықтар, американ им­периализмімен күрес, неше түрлі те­рактқа қалай шыдас бергені, неше рет қастандық жасалғаны, олардың бә­рінен аман қалғандығы, экономиканы өздерінше қалай құрғандығы деген сияқ­ты әңгімесінің бәрі өте қызық. Бұл кітапты негізге алып мен Елбасының атына жазбахат дайындадым. Сол жазбахатта осы кітаптың үлгісінде сұхбат кітабын жазсақ деген ой келіп отыр деп едім, ол кісі менің жазбахатымның шекесіне жауап жазып жіберді: «Жалпы, идея маған ұнады. Осы үлгімен сұхбаттар жасауға болады екен, бірақ бұған көп уақыт кетеді» деген. Ол кезде «көп уақыт кетеді» дегенді соншалық уақыт кетеді деп ойлаған жоқпын, ал жұмыс бас-аяғы үш-төрт жылға созылып кетті. Президент барамын дегеннің бәрінде қабылдай бермейді ғой, қат-қабат шаруа, Елбасының графигіне ілігудің өзі оңай емес. Ақыры 2015 жылы «Өмір өткелдері» деген атпен сұхбат Президенттің кітабы жарық көрді. Менің журналист ретінде тындырған шаруам – Елбасының әңгімесін қағазға түсіруге көмектескенім. Көмектескенім дейтінім, ол кісінің айтқан сөзін қағазға жазып апарып берумен іс бітпейді, ол кісі әрі қарай тексті қолға алып, қайтадан жұмыс істейді, өзгертеді, толықтырады, тіпті өзінің айтқан әңгімелерінің кейбіреулерін алып тастайтыны да бар, оны тасқа басудың қажеті жоқ екен деп. Оның есесіне тікелей әңгіме кезінде айтпаған дүниелерді қағазға қолымен жазып қосатындары да бар. Бұл, әрине, өте үлкен шығармашылық жұмыс болды.

– Жалпы, Назарбаев моделінің ар­­­тықшылығының, Қазақстанның өмір­шеңдігінің сыры неде деп ойлайсыз? 

– Қазақстанның өзіндік бітімін дәл танығандығында. Елбасымыз Қазақстан­ның шикізат байлығын пайдалану мүм­кіндігіне қатты мән берді. Алдымен, мұнай-газ секторын өркендетуге инвес­тиция тарту арқылы біздің қазынамызға қомақты қаржы құю мәселесін шешті. Одан кейін дәстүрлі аграрлық секторды дамытудың жаңа тәсілдерін тапты, жаңа техника мен технология тарта алды. Сөйтіп, аз күшпен мол астық, мол өнім өндіруге қол жеткізді. Баяғыда біз студент кезімізде жаздың аяғында, күздің басында алашапқын болатынбыз, астық оруға Торғайға барып. Минскіден, Чувашиядан комбайншылар келіп, Торғай­дың астығын орып жататын. Қазір Чу­вашиядан, Минскіден комбайншылар алдырмақ тұрмақ, бидай оруға сту­денттердің өзін жібермейді, өйткені ақшаны үнемдеу керек,  өздері бәрін жинайды. Сол кезде бүкілхалықтық майдан ашылып жатқанда да, кей жылдары ғана миллиард пұт астық алынатын. Қазір жылда алып отырмыз миллиард пұт астықты. Қалыпты жағдай. Ешкім оның қалай алынғанын біліп те жатқан жоқ. Қазір мал басының көбеюі де қуантады. Соның ішінде жекешедегі мал да едәуір көбеюде.

– Сауытбек Абдрахманұлы, елі­міздің Тәуелсіздік күні қарсаңында тілегіңізді білсек дейміз.  

– «Ел аман, жұрт тыныш болсын» деген сөз бар ғой. Бұл қазір өте маңызды. Мына заман қиын заман болып барады. Экономикаға саясат қатты араласып бара жатыр. Экономика саясиланып бара жатыр. Санкциялар соғысы жүріп жатыр. Осындай жағдайда үлкен мемлекеттердің арасындағы күрделі қарама-қайшылықтар біздің еліміздің тұ­рақты дамуына теріс ықпалын тигіз­бесе екен деп тілеймін. Бәріміздің кө­ңі­ліміз, рухымыз жоғары болсын, қа­за­ғымыздың, қазақстандықтардың жұл­­­дызы биіктен жана берсін деп тілей­мін.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Сұхбаттасқан

Марал БАЙҒАРА.

Cұхбат 16 желтоксан 2018 г. 420 0