ОТАНДЫҚ ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ӨЗГЕРІСТЕР жинақтарды жоспарлау мәдениетін қалыптастырады

 Отандық зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер отандастарымызды толғандыратыны сөзсіз. Оның үстіне биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері тек ай сайын беріле бастады. Оның себебі неде? Зейнетақы жинақтары енді бір жолғы төлем ретінде берілмей ме? Осы және өзге де сауалдарды «БЖЗҚ» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры Арнұр Құрманғали мырзаға қойған едік. 

 

Арнұр Дәденұлы, ең алдымен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қашан құрылғаны және алдына қандай стратегиялық міндеттер қойылғаны туралы қысқаша айтып өтсеңіз.

– «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамы 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. «БЖЗҚ» АҚ құрылтайшысы және жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Бұл жерде зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру, инвестициялау бағыттары және қаржы құралдарының тізбесін айқындау бойынша ұсыныстар әзірлеу қызметі 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңесіне жүктелген.

Қордың стратегиялық мақсаты – қызмет сапасын көтеру, зейнетақы активтерін дұрыс есепке алу, сондай-ақ зейнетақы жинақтарын жоспарлау мәдениетін көтеру арқылы зейнетақы жинақтарын қалыптастыруда салымшыларға ұйымдық көмек көрсету. Ол үшін БЖЗҚ жинақтаушы зейнетақы жүйесінің сенімді бірыңғай басқарушысы және операторы ретінде халықаралық стандарттарға сай сапалы қызмет көрсетуге және қызмет түрлерінің әртүрлі коммуникациялық арналар арқылы қолжетімді болуына күш салады.

Cонымен қатар Қордың өңірлік желісіне де тоқтала кеткім келеді. Қор бөлімшелері еліміздің тек ірі қалаларында ғана емес, сонымен бірге шалғай елді мекендерде де орналасқан. Олар барлық талаптарға жауап береді, яғни оларда арнайы күту залдары, кезекке тұрудың электрондық жүйесі бар. Барлық стандартты операциялар 5-7 минут ішінде орындалады. Келушілер дән риза. Өйткені, кезек күтіп көп отырмайды. Бүгінде еліміз бойынша Қордың 18 филиалы, 13 бөлімшесі және 185 қызмет көрсету орталығы бар. Соның ішінде Қызылорда облысы бойынша Қордың 8 қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді.

- Биылдан бастап Қордан зейнетақы төлемдері тек ай сайын беріле бастады.  Бұл өзгерістерді енгізудің басты себебі неде?

– Иә, биылдан бастап Қордан зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға, сондай-ақ 1-ші және 2-ші топтардағы мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген жандарға тек ай сайын төленіп жатыр. Ондағы мақсат – зейнеткердің күнделікті тіршілігін, лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету және зейнетақы төлемдерінің тиімділігін арттыру. Бұл бюджет есебінен ай сайын төленетін базалық және ортақ зейнетақыға елеулі қосымша болады.     

Келешекте ортақ зейнетақы біртіндеп азаяды. Сондықтан Қордан төленетін төлемдер зейнеткер үшін маңызды табыс көзіне айналады. Сол үшін Қорға жарналарды тұрақты және қомақты мөлшерде аударып тұру – болашақта қамсыз өмір сүрудің бірден-бір кепілі.

Ал ай сайынғы төлемнің мөлшері зейнетақы төлемдерінің жылдық сомасының он екіден бір бөлігі ретінде белгіленеді. Ал жылдық сома зейнетақы шотындағы қаражаттың жалпы сомасын алушының тиісті жасындағы зейнетақы жинақтарының ағымдағы құнының коэффициентіне көбейту арқылы анықталады. Сөйтіп, 12-ге (12 айға) бөлінеді. Одан шыққан сома – айлық зейнетақы болып табылады.  

Бірақ қалай болғанда да ай сайынғы зейнетақы төлемдерінің мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызынан төмен болмайды. Биыл ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 28 284 теңге болса, оның 54 пайызы сәйкесінше 15 274 теңге болады.

 Қордағы бүкіл қаражатын бір мезетте кімдер алып кете алады?

– Әрине, зейнеткерлердің барлығы бірдей өздерінің зейнетақы жинақтарын бір мезетте ала алмайды. Бұл зейнетақы жинақтарының көлеміне байланысты жүзеге асырылады.

Егер зейнетақы төлемдерін алушы өтініш берген күні, оның шотындағы жинақтардың сомасы ең төменгі зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаса, бұл сома алушыға бір рет толығымен төленеді.

Биыл ең төмен зейнетақы көлемі – 33 745 теңге, сәйкесінше оның 12 еселенген мөлшері– 404 940 теңге. Егер зейнетақы жинақтарының көлемі бұл сомадан жоғары болса, зейнетақы тек ай сайын төленеді.

– Қазіргі кезде зейнетақы Қоры қандай маңызды міндеттерді жүзеге асыруда?

– Қор өз қызметінде ашықтық, шынайылық қағидасын ұстанады. Өйткені, ол - зейнетақы жүйесіне деген сенімнің кепілі. Өткен жылы Қордың 2017-2021 жылдарға арналған корпоративтік даму стратегиясы бекітілді. Стратегияға сәйкес Қор отандық жинақтаушы зейнетақы жүйесінің барлық қаржылық және ақпараттық ағындарының сенімді бірыңғай басқарушысы және операторы болып табылады. Қазір Қор стратегия аясында үздік әлемдік стандарттарға сәйкес сапалы қызмет көрсету, тұрғындар арасында зейнетақы жинақтарын жоспарлау мәдениетін дамыту және зейнетақы заңнамаларын жүзеге асыру міндеттерін орындап жатыр. Сонымен қатар халықтың зейнетақымен қамсыздандыру саласындағы қаржылық-құқықтық сауаттылығын арттыру және Қор қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету маңызды. Бұл бағытта екінші жыл қатарынан бүкіл ел бойынша Ашық есік күндері, көпшелі таныстырылымдық шаралар өтіп келеді. Мысалы, Қызылорда облысының әкімдігі мен Қор арасындағы әріптестік туралы қол қойылған Меморандум аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп барлық аудан орталықтарында кездесулер ұйымдастырылды. Басты мақсат – тұрғындарды жинақтаушы зейнетақы жүйесімен таныстыру, Қордың беделін қалыптастыру және Меморандум аясындағы әріптестікті жалғастыру.

Біздің мақсатымыз – әрбір салымшыға болашақ зейнетақысының қандай болатыны өзіне тікелей байланысты екенін түсіндіру, өз болашағына қатысты жауапкершілігін арттыру. Сондай-ақ, зейнетақы жарналарын зейнетақы қорына тұрақты түрде аударып отыруға ынталандыру.

Зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш берілгеннен кейін БЖЗҚ қанша уақыт ішінде зейнетақы төлемдерін жүзеге асырады? 

– Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес тиісті құжаттар қабылданған немесе келіп түскеннен бастап он жұмыс күні ішінде БЖЗҚ зейнетақы төлемдерін жүзеге асырады. Бұл ретте зейнетақы төлемдері алушының өтінішінде көрсетілген банк шотына аударылады.

Зейнетақы төлемдері қандай валютамен жасалады?

– БЖЗҚ өтініште көрсетілген алушының банк шотына зейнетақы төлемдерін ел аумағындағы екінші деңгейдегі банктерге, банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарда ашылған банк шоттарына тек ұлттық валютамен, елімізден тысқары жерлерде шетел банктерінде ашылған банк шоттарына АҚШ долларымен, еуромен, фунт стерлингпен немесе Ресей рублімен аударады.

Жылжымайтын мүлікті сатып алу, шет елде емделу немесе балалардың оқу ақысын төлеу үшін зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға бола ма?

– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы зейнетақы жинақтары заңнамада көрсетілген жағдайлар туындаған кезде ғана беріледі.

 «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңының талаптарына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін зейнетақы төлемдері зейнеткерлік жасқа толған азаматтарға (ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге биыл 58,5 жасқа толғанда), сондай-ақ, мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленген бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектігі бар жандарға төленеді.

Сонымен қатар елімізден тыс жерлерге тұрақты тұруға кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету дерегiн растайтын құжаттарды ұсынған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың мiндеттi зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақы төлемдерiн алуға құқығы бар. Бұл заңда БЖЗҚ-дағы зейнетақы жинақтары есебінен несиені төлеу, жылжымайтын мүлік сатып алу, оқу ақысын төлеу және басқа да шығындарға жұмсау мүмкіндіктері қарастырылмаған.

– Егер салымшы өзінің тегін ауыстыратын болса, бұл туралы БЖЗҚ-ға хабарлауы керек пе? 

– БЖЗҚ салымшының (алушының) тегі, аты, әкесінің аты, туған күнінің өзгеру деректері туралы ақпаратты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясынан автоматты түрде алады. Салымшының жеке басында Қордың ақпарат беру жөніндегі міндеттемелеріне әсер ететін қандай да бір басқа өзгерістер (мекенжайын ауыстырса немесе электрондық поштасын өзгертсе) болған жағдайда, ол бұл туралы БЖЗҚ-ға белгіленген тәртіппен хабарлауға міндетті.   

Сондықтан Қор барлық салымшыларынан БЖЗҚ-дағы деректерін тексеруді сұрайды және оларға өз жинақтары туралы ақпарат алудың барынша ыңғайлы, заманға сай, үнемді әрі жылдам тәсілін таңдап алуға кеңес береді. Себебі, бұл тәсілге олардың мекенжайының өзгергені әсер етпейді.

 - Биыл отандық жинақтаушы зейнетақы жүйесінің құрылғанына 20 жыл толғаны туралы жоғарыда айтып өттіңіз. Бәлкім аз ғана уақыт шығар, бірақ жүйе туралы қорытынды жасауға тұрарлық кезең. Осы кезеңде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтып берсеңіз.   

– Иә, дұрыс айтасыз, биыл отандық жинақтаушы зейнетақы жүйесіне 20 жыл толды. Осы жылдар ішінде ол көптеген өзгерістерді бастан кешті. Нарықтық жағдайға және елдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына бейімдетілді. 1998-2013 жылдар аралығында Қазақстанда 10-нан астам мемлекеттік емес жинақтаушы зейнетақы қорлары жұмыс істеді. Соңғы жылдары меншікті капиталға деген талаптың күшеюіне байланысты олар біріге бастады. Түптеп келгенде жеке зейнетақы қорларының төмен табыстылығы зейнетақы жүйесін жаңғыртуды талап етті. Сөйтіп 2013 жылы тамыз айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылды. Зейнетақы активтерін бір қорға топтастыру – зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне кері әсерін тигізген жоқ. Керісінше қазақстандықтардың жинақтарын тиімді және қауіпсіз түрде инвестициялауға жол ашты. Сонымен қатар операциялық және әкімшілік шығындарды қысқартуға қол жеткізілді. Ал комиссиялық сыйақы екі есеге дейін қысқартылды. Ол кейінгі жылдары да бірнеше рет азайтылды.

Бүгінде отандық зейнетақы жүйесі ұдайы даму үстінде. Оның басты қағидалары: шоттарды дербестендіру, жинақтарды меншіктеу және мұраға қалдыру, сондай-ақ жинақтардың сақталуына мемлекеттік кепілдік қағидалары толығымен сақталған.

– Цифрландыру біздің өміріміздің барлық саласына  енгізіліп жатыр. Бұл ретте Қордың мақсаттары, қол жеткізген жетістіктері қандай?  

–  Кейбіреулер «Зейнетақы қоры» мен «заманауи» деген ұғымдар бір-бірімен қабыспайды» деп ойлайды. Мүмкін мұндай жағдай 2000 жылдардың басында болған шығар. БЗЖҚ өзінің жұмыс тәртібіне электрондық сервистерді енгізу арқылы жоғары технологияларды игеріп келеді.

Бұл ретте  ең алдымен салымшылар  мен алушыларға қолайлы болуын ойлайтынымызды айтқым келеді. Олардың уақытын үнемдеу, зейнетақы жүйесіне қашықтықтан қатысу маңызды. Бұл жүйенің айқындығы зейнетақы шотына үнемі мониторинг жасалуынан айқын көрінеді. Біздің Қор заманауи технологияларды енгізуден қалыс қалып жатқан жоқ. Мәселен, 2017 жылы БЖЗҚ қызметтерін офиске келмей-ақ пайдалануға мүмкіндік беретін жаңа сервистерді іске қосты. Қор сайтына тіркелген жағдайда немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы жеке зейнетақы шотын ашу жөнінде және төлемдерді алу туралы өтініш беруге, оның орындалу мәртебесін бақылап отыруға, салымшының деректемелерін, ақпарат беру тәсілін өзгертуге болады. Зейнетақы шотындағы жағдайды бақылап, зейнетақы туралы болжамдар жасауға мүмкіндік бар. Қор одан әрі қарай филиалдарға келмей-ақ зейнетақы шотын қадағалауды қашықтықтан басқару арналарын жетілдіре бермек.

– Аймақ тұрғындарына зейнетақы жинақтарын қалыптастыру тұрғысында қандай кеңестер берер едіңіз? Түсінбестік туындағанда қай жерден кеңес алуға болды?

 – Қазақстандықтар зейнетке шыққан соң лайықты өмір сүруі үшін зейнетақы жинақтарын көбейтуге жағдай жасау, көлеңкелі табыстарды заңдастыру, салық аударымдары мен болашақ зейнетақы көлемі арасындағы байланысты нығайту керек. Ең бастысы – зейнетақы жоспарлау мәдениетін қалыптастыруымыз маңызды.

БЖЗҚ жұмысына байланысты сұрақтар туындаса, (құпиялығы сақталуы тиіс сауалдардан басқасы) салымшыларымыз БЖЗҚ-ға жеке өтінішпен немесе 1418 телефоны арқылы тегін хабарласа алады. Сонымен бірге әлеуметтік желілермен, «кері байланыс» формасымен, Қордың корпоративтік  сайтындағы онлайн-чат арқылы байланыс орнатылған. Оған қоса Қордың осы Ә.Тәжібаев көшесі, 26 мекенжайында орналасқан Қызылорда облыстық филиалы мен барлық аудандардағы бөлімшелеріміздің мамандарына жүгінуге болады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА. 

Cұхбат 08 желтоксан 2018 г. 388 0