Әбдуәлі БАЕШОВ, академик: Отандық ғылымда көшірмеден көз сүрінеді

Өткен жылдың соңында Сыр топырағында өсіп-өніп, қазіргі күні қазақ қоғамы үшін қызмет етіп жүрген бірқатар азаматқа «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Олардың қатарында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, химия ғылымдарының докторы, профессор Әбдуәлі Баешов бар. Жерлесіміз 1993 жылы – профессор, 1995 жылы – Жаратылыстану ғылымдары академиясының, 2017 жылы Ұлттық ғылым академиясының академигі атанды. Бүгінде Д.В.Сокольский атындағы органикалық жанармай, катализ және электрохимия институтының электрохимиялық технологиялар зертханасының меңгерушісі.

Отандық ғылымның өркендеуіне орасан зор үлес қосып жүрген ағамызбен орайын тауып сұхбаттасқан едік.


– Ауыл баласы қалай атақты ғалым болып жүр, аға?

– Бастауыш класты Жаңақорғанда оқып, Кентау қаласындағы №2-мектеп-интернатта жалғастырдым. 10-11 класқа барғанда бізді еңбекке араластырды. Бір жолы Кентаудың трансформатор зауытында электр дәнекерлеушісі болып жұмыс істедім. Мектепте оқып жүргенде электротехника деген пән өтетін. Қыр-сыры, заңдылықтары көп, қатты ұнайтын. Оқушылар сабақта неше түрлі бұйым – детекторлы, бір және екі лампалы радиоқабылдағыш, қозғалтқыш, трансформатор құрас­тырады. Осыдан біздің техникаға құштарлығымыз оянды. Алайда, мектепті аяқтағасын электротехника емес, электрохимия мамандығы бойынша оқуға түстім. Екеуінің пәлендей айырмашылығы жоқ деп ойласам, олай емес екен. Электрохимия электр тогын жіберіп, химиялық реакция немесе химиялық реакцияның негізінде ток алуға мүмкіндік беретінін кейін білдік. 3 курста оқып жүргенде ғылымға құштарлығым артып, шам алып жолына түстім.

– Өзіңіз қатарлы қыз-жігіттердің арасында ғылымға қызыққан жалғыз сіз емес қой сонда, иә?

– Мектеп-интернатта қойшылар мен көпбалалы отбасылардың балалары оқитын. Қарап отырсам, біздің кластың өзінен үш бірдей ғылым докторы шығыпты. Мектепті бірге бітіргендердің түгел дерлігі сол жылы-ақ оқуға түсті.

– Ғалымның жетістігі – ашқан жаңалығы ғой. Бұл жағынан сіздің жолыңыз болған сияқты...

– Ғылыми жаңалықтарым үшін берілген патент саны 200-ге жуықтайды. Жаңалық ашып, оны бүкіл әлемге мойындата білу бар да, оны пайдаға жарата білу бар. Бұл жағынан кедергі болатын мәселе көп.

– Әйтсе де, адамның игілігіне асқан өнертабысыңыздың бір-екеуіне тоқ­тал­саңыз...

– Бұрын Лондон биржасында біздің Балқашта өндірілетін мыс ең таза металл ретінде бағаланды. Кейін ол сапасызданып, орнын Чили мемлекеті шығаратын мыс ауыстырды. Содан Қазақ үкіметі ұстазым, белгілі ғалым, қоғам қайраткері Ебіней Бөкетовке мәселенің мәнін анықтауды тапсырды. Ол кісінің басшылығымен бір топ ғалым жұмысқа кірістік. Зерттеп көрсек, мыстың құрамындағы өте зиянды бірнеше элемент оның тазалығына нұқсан келтірген екен. Балқаш тау-кен комбинатында электролиз ерітіндісін мышьяк және сурьма иондарынан тазалау әдісі 1973 жылы өндіріске енгізілді. Осының арқасында металдың сапасы жоғарылады. Бұл жаңалық әлі күнге қолданылып жүр. Электрохимиялық насос ойлап таптым. Өзі қарапайым, екі-ақ электроды бар. Белгілі бір уақытта қалаған көлемдегі суды бір ыдыстан екінші ыдысқа айдап шығарады. Қондырғының ерекшелігі сол, сұйықты өте аз жылдамдықпен қозғайды.

– Көлік жарығын көзге түсірмейтін жаңалығыңыз туралы естіп ем...

– Ол да бар. 2003 жылы бала-шағамызбен көлікте келе жатып аварияға түстік. Құдай оңдап, аман қалдық. Аварияны тудырған себеп қарсы келе жатқан көлік жүргізушісінің түнде жарықты азайтпауы еді. Осындай себеппен күн сайын қаншама адам көз жұмады. Әлгі жағдайдан кейін «мұны шешудің жолы болу керек қой» деп ойладым. Мен ашқан жаңалық бойынша қарсы беттегі көліктің жарығы келесі көліктегі адамға көрінбейді әрі әсер етпейді. Өкінішке қарай, бұл әдіс пайдаланылмай тоқтап тұр.

– Кәдеге асқан жағдайда талай адамның өмірін, денсаулығын сақтау мүмкін болар еді...

– Оның дұрыс. Бірақ өндіріске енгізілмей, шаң басып жатқан жаңалық жетіп артылады. Мысалы, көмір шахталарын қопарылыстан сақтаудың амалын таптым. Мен құрастырған қондырғы газ көпіршігінің жиналуына тосқауыл қояды. Нәтижесінде адам шығынын азайтуға мүмкіндік туады. Бұл өнертабыс туралы көп жерде айттым, бірақ селт еткен ешкім жоқ. Ең тұрақты деген металдың өзі «патша арағын» құйғанда еріп кетеді. Ал титан ондай емес. Бүкіл әлем осының себебін таба алмай келді. Біз оны ерітуге мүмкіндік беретін жаңа құбылыс ойлап таптық. Бұл – қазақ ғылымының үлкен жетістігі.

– Аға, сұхбаттарыңыздың бірінде «жақсы ғалым ұрламайды» депсіз...

– Ақылды адам ешуақытта ұрламайды, өтірік айтпайды, алдамайды. Кішіпейіл, данышпан, көреген болады. Бірақ бұл жағынан қазақ ғылымы ақсап тұр. Отандық ғылым саласында көшірмеден көз сүрінеді. Плагиатты анықтаудың әдісі бар екеніне қарамастан, жалған ғалымдар арамызда толып жүр. Алайда, тағы қайталап айтамын, адал ғалым мұндай қадамға бармайды.

– Ғылым саласының машақаты жетер­лік. Соның ішінде басты қиындық қайсы?

– Ең күрделі мәселе – жалақының аздығы. Еті тірі ғалымдар осы күні екі-үш жерде жұмыс істеп жүр. Бала-шағасын асырау керек, басқа амал жоқ. Ал өзінің жыртығын жамай алмай жүрген адам ғылыми нәтижеге қол жеткізеді дегенге сену қиын. Ғылым саласын дамытпаған мемлекеттің болашағы бұлыңғыр. Ендеше, бұған бейжай қарауға болмайды. Ұлы Отан соғысы біткесін, 1946-47 жылдары Сталиннің тапсырмасымен ғалымдардың жалақысы жүз есе көбейді. Ғылым кандидаты облыстық комитет хатшысымен бірдей жалақы алды. Ғылым докторының еңбекақысы одан жоғары болды. Осыдан кейін ғылымда айтарлықтай жаңалықтар, тың серпіліс жасалды. Сталин белгілеген жоғары жалақы кеңес үкіметі құлағанға дейін сақталды. Біз соның шет жағасын көріп үлгердік.

– Қазір қанша жалақы алып жүрсіз?

– Ғылыми атақтың бәрі бар менде. Соған қарамастан, еңбекақымның көлемі – небәрі 83 мың теңге. Докторлық дәрежем үшін оған 48 мың қосылады.

– Түсінікті...

– Екінші мәселе, ғылыми мекемелерге, зерттеу институттарына қымбат приборлар керек. Онсыз алға жылжу мүмкін емес. Жалпы, ғылымда екі-үш жылда жетістікке қол жеткізу мүмкін емес. Бұл уақытта, өзің де білесің, алма ағашы да, өрік ағашы да жеміс бермейді.

– Ұстазыңыз Ебіней Бөкетов қандай адам еді, аға?

– Ол кісі – дүниеге жүз жылда бір келетін адам. Адамгершілік, кішіпейілділік, парасаттылық секілді ізгі қасиеттердің барлығы Ебіней Арыстанұлының бойынан табылатын. Оның болмысы, жаратылысы нағыз қазақты көз алдыңа әкеледі. Бойы 2 метрге, салмағы 140 келіге жуықтайтын. Ойлау, жұмыс істеу қабілеті ерекше еді. Аспиранттардың бәрін баласындай көріп, қамқорлық жасайтын. Пушкин, Лермонтов, Есениннің өлеңдерін тоқтамастан жатқа айтатын. Ол кісіден біз, шәкірттері, ғылымды ғана емес, адалдықты үйрендік.

– Осындай біртуар жанның шәкірті болу да мақтаныш шығар...

– Расында, мақтануға тұрарлық. Ебіней Арыстанұлы мені баласындай жақсы көрді. Көзі тірісінде аспиранты ретінде жобаларымды қуана қабылдап, үнемі қолдау білдіріп отырды. Фосфор шламының сус­пензиясын анод кеңістігінде өңдеу арқылы фосфат қосылыстары мен мыс, никель, кобальт фосфидтерін синтездеудің алғашқы электрохимиялық технологиясын ұсындық. Нәтижесінде элементті фосфор мен мыс иондарының әрекеттесу реакциясы негізінде фосфор шламындағы фосфордың мөлшерін анықтау әдісі табылды. Ол «Бөкетов-Баешов әдісі» деп аталды. Ол кісінің жанында жүру, кеңесін тыңдау ғылыми ізденісіме үлкен қозғау салды. Марқұм Ебіней Арыстанұлына арнап шығарған «Ұстазға» деген күйім біздің сыйластығымыздан сыр шертеді.

– Айтқандай, күйшілік өнер сізге қайдан қонған?

– Әбсемет деген нағашы атам болды, неше түрлі музыкалық аспапты шебер меңгерген еді. Сол кісіден дарыған шығар деп ойлаймын. Одан бөлек, мен Кентаудағы музыка училишесінің баян класында «Дос-Мұқасанның» негізін қалаған Досым Сүлеевпен, белгілі композитор Сейдолла Бәйтерековпен бірге оқыдым. 1996 жылы «Ясауи толғауы» атты күйлер жинағым жарық көрді. Жинаққа «Ясауи толғауы», «Түркістан», «Тұран», «Репрессия», «Ұстаз» және тағы басқа көптеген күйім енді. Бірақ он шақты жыл болды, Алматыға қоныс аударғалы күй шығармаппын.

– Әбдуәлі аға, біз білмейтін тағы қандай қабілеттеріңіз бар?

– Бала күнімде техникаға, музыкаға әуес болдым. Радионы өзім жөндейтінмін. Гимнастикадан хабарым бар. Кәсіби түрде баян, домбыра тарта білем. Әуесқой композитормын. Шабытты сәттерімде шығарған «Гүл – ару», «Өмірімнің жұлдызы», «Өмір – өлең», «Түркістан жастарының вальсі» секілді әндер еліміздің оңтүстік өңірінде жиі айтылып жүр.

– Уақыт бөліп, салиқалы сұхбат бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

Cұхбат 09 қаңтар 2019 г. 569 0