Аймақтың зерттелу ісіне саяси факторлар әсер еткен

Тарихымыз туралы түрлі дерек, сан алуан ақпарат пен болжам бар. «Елдің де, жердің де иесі менмін» деп нық айту үшін ұлан-ғайыр өлкенің сырын білу керек. Ал тарихты түгендеу  – археолог, тарихшының еншісіндегі жауапты іс. Біз бұл сұхбатта тарих ғылымдарының кандидаты, «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Әзілхан Тәжекеевпен Сыр өңірін тереңірек зерттеудің маңызы, Хорезм экспедициясы, Шірік-Рабаттың астана не жерлеу орны болғандығы туралы кеңінен сөз қозғадық.


– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалалары ұлт тарихына тікелей қатысты.  Дәл қазір тарихты, Сыр өңірін тереңірек зерттеудің қандай маңызы бар?

– Сыр өңірінің тарихи-мәдени мұраларының зерттелу ісіне өткен ғасырда саяси факторлар әсер еткен. Соғыстан кейінгі жылдары Сталиннің су реформасы бойынша Әмудария мен Сырдария бойын егістік алқаптарға пайдалану туралы жоба басталады. Бірақ, алдымен ол жерлерге археологиялық сараптама жүргізу қажет. Осы мақсатта 1946 жылы Хорезм археологиялық экспедициясы облыс аумағында зерттеу жұмысын бастады. Оның ХХ ғасырдың 60-70 жылдары Сібір суын Арал маңына Торғай өлкесі арқылы жеткізу жобасы да бар. Міне, сол кезде Жетіасар, Шірік-Рабат мәдениетінің ескерткіштері орналасқан аумақ жаңадан қазылатын магистральді канал бағыттарына сәйкес келіп, алдымен сол жолды зерттеуге ден қояды. Мұнан кейін 1970-1980 жылдары «Байқоңыр» ғарыш айлағына Жалағаш ауданы, Бекей елді мекені маңайынан да жерасты суын тарту жобасы басталады. Осындай саяси реформалардың арқасында өлкені зерттеу жұмысын Ресей археологтары жүргізген. Ал экспедиция мүшелерінің арасында отандық, яғни, қазақ ғалымдары мүлде болмаған.

Тағы бір мәселе, Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаң­ғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында, Ұлы­тау сұхбатында Түркістан, Ұлытау, Алтай, Жетісу, Отырар, Ежелгі Тараз сияқты  тарихи-мәдени аудандар аталады. Неліктен? Неге Сыр өңірі туралы сөз болмады? Себебі, Сыр өңірінің тарихы Қазақстан тарихынан бөлек зерттелген кездер болған. Өлкені тәуелсіздік жылдарына дейін Ресей ғалымдары зерттеді. Шын мәнінде, Сырдарияның төменгі ағысы – халықтардың тарихи-мәде­ни өмір сүруіне қолайлы аймақ. Тұран ойпатының үлкен бір бөлігі. Бірақ, отандық ғалымдарымыз, археологияның атасы Әлкей Марғұлан, «Алтын адамды» тапқан Кемел Ақышев, қола дәуірін зерттеуші Әбдіманап Оразбаев, орта ғасыр маманы Карл Байпақов сынды көрнекті тарихшы, археологтар Орталық, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Отырар өлкесін зерттеді. Мектеп оқулықтарын алып қарасақ та Сыр бойының тарихы, онда өмір сүрген ежелгі халықтар, олардың мәдениеті туралы ақпарат аз. Қазақстан тарихының 5 томдығына бірқатар мәліметтер енгізілді. Енді жарыққа шығуға дайындалып жатқан 20 томдыққа Сыр – Алаштың анасы болғандығын дәлелдейтін деректерді кеңінен беру керек деп ойлаймын. Сонда мектеп оқушысы да, ғалымдар да аймақ тарихымен тереңірек таныс­пақ. «Өлке тарихын не үшін зерттеу керек?» деген сауал қойсақ, алдымыздан осындай мәселелер шығады.

– «Хорезм экспедициясының Сыр өңіріндегі зерттеулерінің тарихы» атауымен жинақ даярлануда. Алдымен мынаны білгіміз келеді, неге экспедиция Хорезм атауын иеленген?

– Хорезм өркениеті Әмудария бойында, Өзбекстан аумағында орналасқан. ХХ ғасырдың 30-жылдары Мәскеуде Ресейге бағынышты бұратана елдердің тарихын зерттеу мақсатында бірнеше экспедиция құрылған. Соның ішінде ең ірісі – Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы. Ал ұзақ жылдар бойы жетекшісі С.П.Толстов болды. Зерттеу тобының базасы мықты жасақталып, тіпті бірнеше ұшақтарды иеленген. Дрондардың өмірімізге дендеп енгені жуырда ғана, ал экспедиция 1946 жылдан бастап-ақ, Әмудария бойындағы ескерткіштер мен ландшафты әуеден мыңдаған кадрға алып, барлау жасаған. Толстов Сталинді жақсы таныған деседі, сондықтан одақ басшысы зерттеу жұмысын барынша қолдаған. Әйтпесе, ол кезең әлеуметтік-саяси ахуалдың өзі ауыр кез еді. Толстовтың мамандығы – әскери топограф. Сондықтан Сыр бойы ежелгі қалаларының картасы өте жоғары деңгейде жасалған. Әскери топограф ретінде екінші дүниежүзілік соғысқа да қатысады. Соғыстан кейін Сталиннен жұмысын жалғастыруды сұраған. Ұсынысы қолдау тауып, 1946 жылы қайтадан үлкен база жасақталады. Мақсат – Хорезмнің Орта Азиядағы ірі өркениет ошағы болғандығын дәлелдеу. Алдымен Толстов экспедициясы Хорезм маңайын зерттеп, кейіннен Сыр бойындағы Шірік-Рабат, Жетіасар, Жент, Жанкент аумағын ұшақпен барлап шығады. Зерттеушілерге Хорезм аймағынан гөрі Сыр бойы ескерткіштері ерекше әсер етіп, осы маңда зерттеу жүргізуге шешім қабылдайды. Толстовтың жетекшілігімен бірнеше ескерткішке кешенді қазба жұмыстары жүреді. Тіпті, Ұйғарақта 80 оба болса, түге­лімен, Түгіскенде 70 оба болса, 70-і де қазылған. Бірақ табылған жәді­герлердің барлығын Мәскеудің ғы­лыми мекемелері қорына алып кетеді.

– Бір сұхбатыңызда ресейлік археологтар Жетіасардың өзінен 700-ден астам оба қазған депсіз...

– Иә, Жетіасардан табылған бар­лық жәдігерді санасақ, бірнеше он­даған мыңнан асып жығылады. Бірақ, табылған заттар өте көп бо­луына байланысты түбегейлі жүйе­ленбеген. Тіпті, кей бөліктері сол күйі сақталып тұр. Хорезм экспедициясы туралы жергілікті халық, кей ғалымдар арасында «тапқаны алтын болды, жәдігерлерді тонап кетті» деген теріс пікір қалыптасқан. Өзім Мәскеуде үш жыл аспирантура, бір жыл кандидаттық жұмыс қорғау кезінде табылған экспонаттарды көріп, түгелге жуық сақталып тұрғанына көзім жетті. Жәдігерлер қазір ірі үш мекемеде. Бірақ Хорезм экспедициясы тоқтатылып, ғалымдардың өзі болмағаннан кейін жәдігерлерді зерттеу ісі аяқсыз қалған. Бүгінде экспедицияның зерттеулерін жалғастыратын жас мамандар да жоқтың қасы.

– Экспонаттарды елге қайтаруға болмас па екен?

– Бұл – мемлекетаралық мәселе. 1998 жылы Кеңес үкіметі кезінде табылған экспонаттардың барлығы Ресейдің мұрасы болып қалу керектігі туралы заң қабылданды. Сол жылға дейін ғана жәдігерлердің біразы елге әкелінген.

Өткен жыл соңында ғы­лыми-әдістемелік кеңес өтіп, архео­логиялық  жұмыстарды сарала­дыңыздар. Былтыр қай аумаққа зерттеу жүргізілген еді?

– Облыс әкімі Қырымбек Көшер­баевтың тікелей бастамасымен 2013 жылдан бастап тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес құрылды. Сол жылға дейін тек республикалық бюджеттен ғана қаржы бөлініп келген еді. Алғаш рет облыстық бюджеттен де қаржы қаралып, тарихи мұраларды зерттеу жұмыстары жаңа кезеңге өтті. Сыр өңірін «төрт астананың төрі» деп атап жүрміз ғой. Кеңес әуелі Шірік-Рабат, Жанкент, Сығанаққа қазба жұмыстары сөзсіз жүргізілу керек деген шешім шығарды. Арасында Аралдың кепкен табанында, Жентте де зерделеу жұмыстары жүрді. Мұнан кейін бұл қатарға жарты бөлігін Сырдарияның суы шайып, апатты жағдайда тұрған Сортөбе қалашығын да қостық. Жалпы, қазір Қышқаланы қоса санағанда 5 ескерткіште тұрақты қазба жұмыстары жүргізілуде. Былтыр жыл соңында, осы аумақтардың зерттелу барысы туралы есеп бердік. Бүгінде Қорқыт ата атындағы ҚМУ ғалымдары Жанкент пен Сортөбенің тарихына тереңдесе, Шірік-Рабатты қазу жұмысын Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтымен бірлесіп жүргіземіз. Ал Түркістан ғалымдары Сығанақта еңбек етеді.

Бұл қалаларды тұтастай алып қарасақ, бір-бірімен ұштасып жат­қанын байқаймыз. Шірік-Рабат – ең алғашқы қалалық мәдениеттің қалыптасқан кезеңі. Біздің зама­нымызға дейінгі ІV-ІІ ғасырларды мерзімдейді. Зерттеу барысында ең алғашқы қалалардың қандай болғандығы, кімдер өмір сүріп, жерлеу салты қандай болғанын анықтаймыз.  Айталық, Жанкент – оғыздардың ас­танасы. Сортөбе де оғыздар заманында «өмір сүрген». Оны кейде «Ордазы» деп те атайды. Жуырда ғана тіл мамандары Ордазының – «кіші орда» деген мағынаны білдіретінін айтты. Демек, Жанкент – оғыздардың үлкен ордасы болса, Сортөбе – кіші ордасы. Бұл – Қорқыт ата мазарына ең жақын орналасқан оғыз қаласы. Сонда бұл – Қорқыт заманындағы адамдар қалай өмір сүріп, қандай салт-дәстүр ұстанғанына талдау жасай аламыз деген сөз. Шірік-Рабат ең алғашқы қалалық мәдениеттің қандай болғанын көрсетсе, Жанкент пен Сортөбе, Сығанақ Сыр бойындағы қалалардың гүлдену кезеңін бейнелейді. Ал, Жетіасардан шаһарлардың қалыптасу, даму тарихын байқаймыз. Қазақстанның басқа аймақтарындағы Түркістан, Отырар, Шымкент оазисінде қалалар мұнан бертін келе пайда болған. Олардың көне деректерінде Шірік-Рабат халқының сол аудандарда қала салуды қалыптастырғаны айтылады.

– Шірік-Рабатты осы кезге дейін сақтардың астанасы деуші едік. Соңғы жылдары халық қоныстанбаған, тек жерлеу орны болған деген хабар тарады. Қайсысы дұрыс өзі?

– Шатасатындай жөніміз бар. Себебі, б.з.д. ІІ ғасырда Жаңадарияда су тартылып, Шірік-Рабат халқы екіге бөлініп, көшіп кетті. Тек арада мың жарым жыл өткеннен кейін Жаңадарияда қайтадан су ағады. Бұл су Алтын Орда дәуіріне дейін тартылған жоқ. Сол кезеңде оғыз тайпаларының бір бөлігі осы ауданға қоныстанып, сақтар оба ретінде пайдаланған Шірік-Рабат қамалына, үлкен пантеонның бір бөлігіне қайтадан қамал тұрғызып, өмір сүреді. Толстов та, онан кейінгі археологтар да жердің беткі бөлігіндегі қаланың бейнесіне қарап, оны қалашық деп атап кеткен. 2004 жылы археолог Ж.Құрманқұловтың жетекшілігімен қазба жұмысы қайта жанданып, бұл жерден жерлеу орындарын таптық. Біз де қазба жұмысы кезінде орта ғасырда пайдаланылған ошақтарды кезіктірдік. Қаланың цитаделі, яғни, әкімшілік бөлігі де болған. Онан әрі тереңірек қазу барысында Шірік-Рабаттың алғашқы кезеңіне өттік. Демек, қала екі кезеңде өмір сүрген. Алғашында Арал маңы сақтарының рухани, діни орталығы болса, орта ғасыр кезеңінде оғыздардың қалашығы болған. Қазір Шірік-Рабат қала ма, әлде мола ма деген сөздердің шығуы осы деректерге байланысты. Шірік-Рабаттан 40 шақырым жерде Бәбіш-мола деген қаланың орны бар. Басқа астаналармен салыстыра келе, астаналық қала осы болуы мүмкін деген болжам жасадық. Екеуінің арасын ауылдар жалғастырып жатыр, тіпті екеуі де астана қызметін атқаруы мүмкін. Қазір Түркістанды еліміздің рухани астанасы деп атаймыз ғой. Дәл сол секілді Шірік-Рабат сақтардың рухани астанасы болған деген болжам бар. Себебі, сақтар заманында Шірік-Рабатта абыздар мен бақсылар салт-дәстүр жүргізетін орындар болды. Тіпті бейіттер орналасқан бұл маңды қамалмен қоршап, қарулы әскер күзеткен. Антикалық авторлардың «Сақ­тармен ашық шайқасқа шыққың келсе, ата-бабасының моласын қират» деген сөз дәл осы кезеңде айтылса керек.

– Киелі жерлерді зерттеу кезіндегі жағдайларға байланысты, ел арасында аңыз көп. «Әулиелі жер», «киесі бар» деп жатады. Мұндай оқиғалар жұмыс кезінде жиі болып тұра ма?

– Археологтардың өзі тарихи қала орнына және жерлеу орындарына зерттеу жасайтындар болып екіге бөлінеді. Жерлеу орнына қазба жұмысын жүргізетіндер ислам шариғаты бойынша жерленген адамдардың бейітін қазбайды. Себебі, мұсылмандардың жерлеу дәстүрі ғасырлар бойы өзгермеген. Олар адаммен бірге алтын не тұрмыстық бұйымдарды, жылқыны көмбейді. Ал тұрмыстық заттар болмаса, тарихты сөйлету қиын. Сол заманда қолданылған дүниелер көп нәрседен хабар береді. Ал мұсылмандар бейітінен мұндай заттарды табу мүмкін емес, сондықтан зерттеу жұмысын жүргізбейміз. Ал киелі жерлерде орын алатын тосын жағдайлар бұған дейін басымыздан өтпепті.

– Елбасы «аң стилі» - ата-бабаларымыздың көркем болмысы мен рухани байлығының ай­шықты белгісі» деген болатын. Бұл озық мәдениет Сыр бойындағы ескерткіштерде кездесе ме?

– Иә, ерте темір дәуірінде Шығыс Арал өңірі мен Оңтүстік Қазақстанның оған шектес аудандарын массагет сақтардың құрамына кіретін этникалық топтар мекендеген. Сырдария бойындағы Ұйғарақ пен Түгіскен қыраттарында орналасқан обалы қорымдар сол кездегі мәде­ниет­тен хабар береді. Мұндағы жерлеу мүліктерінің ішінде бейнелеу өнерінің ерекше үлгілері бар. Ер-тұрман, алтын қаптырма, алтын шеттіктерде бұғы, киік, жылқы, таутеке, қабан, арыстан, барыс, жыртқыш құс, түйе бейнеленген.  Бұл заттардың жасалу әдістері мен стилі Арал маңы сақтарының мәдениеті скифтік-сібірлік өнер дүниесіне енетінін дәлелдейді. 

– Антрополог ғалым Оразақ Смағұл «қазақтың тарихы бір тал шашында, бір тамшы қанында жазулы тұр» деген еді. Аймақта адам сүйегіне генетикалық талдау жасайтын аппараттар бар ма? Жалпы, антрополог ғалымдар жеткілікті ме?

– Өкінішке орай, антрополо­гия­лық зерттеулерге шетелдік ға­лым­дарды тартумен келеміз. Антропология, оның ішінде адам сүйектерін зерттейтін саласы елімізде әлі дамымаған. Қазір елі­міздегі жоғары оқу орындарында антрополог мамандар даярланбайды.  

– Бір замандары сәулеті асқан шаһарлардың орнына қазір барып «мына жерде мешіт, ана жерде базар болған» деп түсіндіргенмен, қарапайым адамның көз алдына елестетуі қиын. Қаланың бір бөлігі қайта тұрғызылса, өңір туризмі жанданар еді деген де ұсыныс айтылып жүр...

– Соңғы жылдары Сығанақ қала­шығына зерттеу жұмыстары жүр­гізіліп, ғалымдар бірнеше нысан­ның орнын тапты. Өткен жылы  Сы­ғанақтың кіреберіс қақпа­сы жар­тылай бой көтерді. Ал Жанкент қалашығында тұрғын үй қабырғасы сол замандағыдай қайта тұрғызылып, қыш құмыралар мен бірнеше жәдігерлер бөлме ішіне қойылған. Мамыр айынан бастап қалпына келтіру жұмыстары қайта жалғасатын болады. Бірақ, туристерді тарту мақсатында қамал мен тұрғын-жайларды түгелдей қайта тұрғыза алмаймыз. Себебі, бұл археологиялық қазба жұмысына айтарлықтай кедергі келтіреді. Айталық, ежелгі Троя қаласын зерттеу жүздеген жылдар бойына жалғасып келе жатыр. Сондықтан, көне қалашықтар мен жерлеу орындарында толық көріністі ашып, материалдық мәдениетін анықтау үшін ондаған, тіпті жүздеген жылдар керек. 

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

Cұхбат 28 қаңтар 2019 г. 411 0