Солтүстік аймақта оқу практикасын өткізудегі мақсат - сапалы маман даярлау

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің дене шынықтыру және спорт мамандығының 1-курс студенттері жылдағы дәстүрмен Ақмола облысы, Щучинск қаласында шаңғы спорты бойынша оқу практикасынан оралды. Оқу практикасының Солтүстік өңірде өткізілу барысы туралы дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Жандос Есіркеповпен сұхбаттасқан едік.

– Жандос Мергенбайұлы, Солтүстік өңірде шаңғы спортынан оқу пратикасын қай жылдан бастап өткізіп келесіздер, басты мақсат қандай?
– Щучинск қаласындағы Бурабай курорттық аймағы Қазақстанның маржаны болып саналады. Осы өңірде шаңғы спорты бойынша оқу практикасын кафедраның негізін қалаушы, профессор Н.И.Шиндиннің бастамасымен 2004 жылдан бастап өткізіп келеміз. Біздің облыста қыс мезгілінде қалың қар болмайтыны белгілі. Сондықтан дене шынықтыру және спорт мамандығын бітіруші түлектер кәсіби қызметін еліміздің басқа өңірінде жалғастыратын болса, шәкірттерінің алдында шаңғы, конькиді алғаш көріп, ұятқа қалмауы керек. Кейбір студенттер елімізде осындай жауһар өлкенің, ну орманның бар екенін, нағыз қыстың қандай болатынын көрмей өтуі де мүмкін. Студенттік өмірде берілетін мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауы керек. Біздің ең негізгі мақсатымыз кәсіби білікті мамандар дайындау.
– Оқу практикасы қанша уақытқа созылады? Биыл қанша студент шаңғы практикасынан өтті?
– Шаңғы спортынан оқу практикасы 14-25 қаңтар аралығында өткізілді. Биылғы оқу жылында 1-курсқа талапкерлерді былтырғы жылға қарағанда 2,5 есе көп қабылдадық. Олардың 80 пайызы спорт түрлері бойынша ҚР спорт шеберлері мен спорт шеберлігіне үміткерлер. Бұл жастардың дене шынықтыру және спорт мамандығына жыл сайын қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл қуантарлық жағдай.  Биыл 51 студент шаңғы спортынан оқу практикасына барып, шаңғы мен коньки тебудің негізгі әдіс тәсілдерін үйреніп қайтты.
– Шаңғымен бірге коньки спортын да айтып қалдыңыз. Коньки тебуді де үйретесіздер ме?
– Біз орналасқан «Алмаз» шипажайында коньки тебуге арналған арнайы орын дайындалған. Сонда студенттер бір мезгіл коньки теуіп, хоккей де ойнайды. Оқу практикасының алғашқы жылдарында шаңғы мен конькиді курорт Бурабайдағы базадан жалға алып келдік. Ол өз кезегінде үлкен қаржы шығынын талап ететіні белгілі. Осы мәселені шешуге ректорат тарапынан қолдау көрсетіліп, 35 жұп шаңғы мен 25 жұп коньки аяқ киімін алуға мүмкіндік жасалды.  Қазіргі таңда бұл мәселе түбегейлі шешілді. Студенттер өздерінің өлшемдеріне сай шаңғы мен конькиді алып барып, алып қайтады.
– Жыл сайын шаңғы спорты бойынша оқу практикасын курорт Бурабайда өткізіп келесіздер. Осы жылдар ішінде бітіруші түлектерден шаңғы спорты бойынша жарыстарға қатысып,  жетістікке жеткен студенттер болды ма?
– Біздің негізгі мақсатымыз студенттерге шаңғы спортының ережелерін, жүру, бұрылу, тоқтау, қырға шығу, түсу сияқты әдістерін үйрету болып табылады. Алайда, Серік Құлжанов атты 2007 жылы бітіруші түлегіміз Республикалық өрт сөндірушілер арасында өткен шаңғы жарысында 3-орын иеленді. Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» кешенінде бірнеше түлегіміз коньки спортын жас жеткіншектерге үйретіп келеді. Бұл біздің түлектердің оқу практикасынан үйренген дағдысының нәтижесі деп білеміз. Біз үшін бұл үлкен жетістік.
– Оқу практикасын өткізудің тағы да қандай ерекшеліктерін айтар едіңіз?
– Оқу практикасын алыс өңірде көп студентпен бір адамның өткізуі мүмкін емес. Менімен қатар «Дене тәрбиесі» кафедрасының меңгерушісі В.Мощеев пен кафедраның аға оқытушысы С.Ержанов та студенттерге сабақ берді. Олар 2004 жылдан бері үзіліссіз шаңғы спортынан оқу практикасына жетекші болып, қысқы спорт түрлерінің қыр-сырын әбден меңгерген, өте тәжірибелі мамандар. Практика барысында әрбір студентке қатаң тәртіпті сақтауды міндеттейміз. Қауіпсіздік ережесімен таныстырамыз. Студенттер оқу-жаттығу жиындары қалай өтетінін біліп, қатаң тәртіпке негізделген кестемен жүруге үйренеді. Оқу практикасының аяғында студенттер шаңғымен жүрудің, бұрылудың, шаңғыны тоқтату, қырға шығу, қырдан сырғып түсу түрлерінен сынақ пен 5 шақырымдық қашықтыққа норматив тапсырады. Сол норматив нәтижелері бойынша бағаланады.
Сонымен қатар, соңғы күні Абылайхан алаңына, Оқжетпес, Жеке батыр, Көкше таулары мен Жұмбақтасқа саяхатқа шығып, Қазақстанның ең тамаша өңіріндегі сұлу табиғат аясында суретке түсіп, киелі орындармен танысады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Cұхбат 29 қаңтар 2019 г. 602 0