Жас ғалым: Мәскеу – ерсілі-қарсылы қозғалыстың қайнаған қазаны

  Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы Ерлан Шынбергенов өткен күзде Ресей Федерациясы Қазан (Волга бойы) федералды университеті жанындағы диссертациялық кеңесте 25.00.36 – Гоэкология мамандығы бойынша «Лена өзенінің су жинау алабындағы шағын өзендердің бассейндік геожүйелерін картографиялық-геоақпараттық талдау» («Картографо-геоинформационный анализ бассейновых геосистем малых рек водосбора реки Лены») тақырыбында география ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындаған диссертациясын сәтті қорғады.
Жас ғалыммен кездесудің сәті түсіп, ғылымдағы жетістіктері жөнінде сұхбаттасқан болатынбыз. Соны назарларыңызға ұсынып отырмыз.

- Ерлан Әлімжанұлы, диссертациялық жұмысты Ресейдің үшінші астанасы - Қазан шаһарында жазып, қорғауыңызға не түрткі болды?
- Өйткені мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисеновтің тікелей қолдауымен Ресей Федерациясы Қазан (Волга бойы) федералды университеті аспирантурасының геоэкология мамандығында күндізгі оқу формасында оқыдым.
- Қазан қаласында ғылым нәрімен сусындап, бес жылдай уақыт жүрдім дедіңіз. Өзге елде оқу барысында қиындықтар болған жоқ па?
- Аспирантураға оқуға түскенге дейін Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің магистратурасында оқып жүргенде К.А.Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті – Мәскеу ауылшаруашылығы академиясында ғылыми тағылымдамадан өттім. Сондықтан сырт елге шығу, өз-өзіңді ұстау мәдениетіне қанық болдық. Дегенмен, Мәскеу – жайбарақат тірлікті құптамайтын, ерсілі-қарсылы қозғалыстың қайнаған қазаны. Қазан қаласына келетін болсақ, мұнда шығыс пен батыс мәдениеті астасып жатыр. Қаланың нақ ортасында Кремль орын тепкен. Ондағы көнекөз жәдігерлерден Сүйімбике ханымның мұнарасы, жаңа заман мұрасы – Құл-Шәріп мешіті көз сүйсіндіреді. Қазан федералды университеті – 210 жылдан астам бай тарихы бар, өзіндік даму стратегиясына сәйкес жол картасын сайлап алған білім мен ғылым ордасы. Қиындықтар, әрине, кез келген игі бастамада болады. Біздің күнделікті өмірде пайдаланатын орыс тіліміз – ауызекі қарым-қатынас құралы. Ғылыми диссертацияны жазу үшін ғылыми ақпарат сол тілде қалыптасуы тиіс. Бұл дегеніңіз ғылыми мақалалар мен әдебиеттер ақтарып, аянбай тер төгуді талап етеді. Жиған-тергеніңді сараптап, қағаз бетіне түсіріп, ғылыми конференцияларда, форумдарда ғылыми пікірталасқа саласың. Өз ойыңды абыроймен қорғап шығу бір ғанибет.
- Әдетте ғылыми диссертация тақырыбы жергілікті жерге қатысты болып жатады. Сіздің басқаша тақырып таңдауыңызға не себеп болды?
- 2013 жылы аспирантураға оқуға түскен кезде «Солтүстік Кіші Арал теңізі деңгейі тербелуінің өңірде экологиялық жағдайға әсері» тақырыбындағы магистрлік ғылыми жұмысымды одан әрі жалғастырып, кандидаттық ғылыми диссертацияның деңгейіне жеткізу мақсатында сол жақтағы кафедраның ғылыми бағытына сәйкес «Арал өңірінің геоэкологиялық талдауы» деп қабылдадық. Деректер жиналып, ол бірнеше ғылыми конференцияда баяндалған мақалаларға арқау болды. 2015 жылы Алматы қаласындағы География институтына ресми сұраныс хат жібердім. Арнайы іссапарға барып, лаборатория жетекшілерімен кездестім. Өзімнің ғылыми жұмысым туралы баяндап, картографиялық материалдарын пайдалануға рұқсат сұрадым. Өз кезегінде институт мамандары елімізде масштабы 1:500 000-нан ірі картографиялық деректердің құпия мәліметтерге жататынын алға тартты. Қазан қаласына салым суға түсіп оралып, жетекшім Ермолаев Олег Петровичке болған жайтты баяндадым. Ол байыппен тыңдап, «Орыс географиялық қоғамы» қаржыландыруымен гранттық жоба зерттеушілерінің ғылыми ұжымының құрамына кіруді ұсынды. Жоба тақырыбы – «Создание картографо-геоинформационной системы «Реки и речные бассейны Арктического водосбора России». Жобамен жұмыс жасау барысында жаңадан диссертациялық жұмыс тақырыбы «Лена өзенінің су жинау алабындағы шағын өзендердің бассейндік геожүйелерін картографиялық-геоақпараттық талдау» болып қабылданды. Жалпы, аталған диссертациялық жұмысты жазу барысында 2 гранттық жобада инженер және «Космоэкология» ғылыми-зерттеу лабораториясының құрамында кіші ғылыми қызметкер міндетін атқардым.
- Сонда осы кезге дейін Ресейдің Ұлы өзендерінің бірі – Лена өзенінің картасы, оның геоақпараттық талдауы жасалмағаны ма?
- Қазір география ғылымы геоақпараттық жүйелердің пайда болуы негізінде қайта жаратылып жатыр десек те болады. Бұрынғы қолмен жасалып, сызылатын карталардың барлығы дерлік электронды форматқа ауыстырылуда. Бұл географ-картографтарға жаңа мүмкіндіктер ашады. Біріншіден, ескірген карталарды жаңарту, жаңа карталарды дайындау, баспадан шығару процесі едәуір жеңілдейді, екіншіден, картамен жұмыс жасау сапасы артады. Негізі, электронды карта – белгілі бір территорияның физика-географиялық немесе экономикалық-әлеуметтік жағдайлары туралы деректер қоры бар карта. Бұл деректерді пайдалана отырып, біз кез келген статистикалық есептеулерді, өткені мен болашағы туралы талдау жүргізе аламыз. Ең бастысы, аталған деректер қоры қалауымызша ақпараттармен толықтырыла береді. Сіздің сұрағыңызға келер болсақ, расында да Лена – Ресейдің ең Ұлы өзендерінің бірі. Су жинау алабы (2,46 млн. ш/ш.) бойынша әлемде сегізінші орында. Яғни Қазақтанның территориясымен пара-пар. Әрине, мұндай үлкен әрі стратегиялық маңызды объект Кеңес Одағы тұсында егжей-тегжейлі зерттеліп, тақырыптық қағаз карталары жасалған. Қазіргі таңда Ресей үкіметі белсенді түрде Сібірді және Қиыр Шығысты территориялық дамытуға кірісуде. Дегенмен, нарықтық экономиканың қыспағы салдарынан ғылыми-зерттеу ұйымдары ірі өзендер бассейндерінің электронды картасын құрастыруға қауқарсыз болып отыр. Мәселенің бір шешімі ретінде ғылыми зерттеулерге қаржы бөлетін қорларды қарастыруға болады. Соның бірі – Орыс географиялық қоғамы ұйымдастыратын «Бастама» гранттық жобасы. Осы жоба арқылы аталған территорияның электрондық картасы сызылып, географиялық талдау жүргізілді.
- Диссертациялық жұмысыңыздың ғылыми жаңалығы қандай?
- Гумидті климатта орналасқан ірі немесе орташа өзендердің ерекшелігі, оларға мыңдаған шағын өзен келіп құяды. Сол шағын өзендердің өз су жинау алабы болады. Шағын өзендер дегеніміз – Ресейдің мемлекеттік стандарты бойынша су жинау алабы 2000 шаршы шақырымға дейінгі және ұзындығы 100 шақырымнан аспайтын өзендер. Лена өзенінің басты су жинау алабында орналасқан шағын өзендердің бассейндері (жалпы саны 52400-ге жуық) алғаш рет электронды картаға түсіріліп, арнайы деректер қоры мен геоақпараттық жүйесі құрастырылды. Әрбір шағын өзен алабының жалпы саны 36 көрсеткіші бойынша (морфометриялық, климаттық, ландшафттық, жер пайдалану) географиялық талдауы жүргізілді. Аталған геоақпараттық жүйенің мүмкіндіктерін сынақтан өткізу мақсатында шағын өзендер алаптарының эрозиялық потенциалы мен топырақтың шайылуын анықтайтын статистикалық есептеулер жасалды. Бұл жұмыстардың барлығы камералдық жағдайда арнайы геоақпараттық жүйелері бағдарламалық өнімдерінің көмегімен компьютерде жүргізіледі.
- Сонда осы жұмыстардың барлығы бір университеттің материалдық-техникалық және ғылыми потенциалының негізінде жүргізілді ме?
- Сұрағыңыз өте орынды. Негізі, Ресейде география ғылымының геоморфология, геоэкология салалары, яғни су эрозиясын (топырақтың шайылуын) зерттеумен айналысатын заманауи технологиямен жабдықталған ғылыми мектептер санаулы ғана. Ол М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Қазан федералды университеті және Ресей Ғылым Академиясының Сібір бөлімі. Біздің жүргізген гранттық жобамыз Қазан Федералды университеті Экология және табиғат пайдалану институты ландшафттық экология кафедрасы және М.В. Ломоносов университеті Географиялық факультетінің Топырақ эрозиясы және арналық процесстер ғылыми-зерттеу лабораториясы мен Құрлық сулары кафедрасының географ ғалымдарының қауымдасуымен жасалды. Айта кетерлігі әрбір ұйымның немесе ғалымдардың өзіндік қалыптасқан мықты тұстары болады. Мысалы, мәскеулік лабораторияның ғалымдары топырақтың сумен шайылу процесін есептейтін математикалық модельдерді геоақпараттық жүйелерге негіздеп жасап, сынақтан өткізеді және пайдалануға ұсынады. Қазандық географтар шағын өзендердің су жинау алабы шекараларын дәстүрлі және геоақпараттық технология негізінде ажыратып карта бетіне түсіреді. Бала кезімізде Мәскеу десе ойымызға Кремль, Қызыл алаң, М.В.Ломоносов университетінің бас корпусы келетін еді, мінекей, азамат болғанда сол Бас корпустың ішінде әлемдік ғылыми қауымдастық мойындаған ғалымдармен тең отырып қызмет атқардық.
- Ерлан Әлімжанұлы, сан түрлі ғылым салаларының ішінен географияға деген қызығушылығыңызды оятқан алғашқы ұстазыңыз кім?
- Ұстаз дегенде балалық шағым есіме түседі. Кез келген баланың өмірде әкесінен өнеге алатыны рас. Сол секілді бала Ерланның бойына жаратылысты танудың, оның жұмбақтарын шешудің алғышарттарын сіңіре білген әкем дер едім. Ал географиядағы алғашқы ұстазым Нәдірәлі Зинегүл апайым мектепте жүргенде сабақты түсіндіру мәнерімен, интеллектуалдық ой-өрісімен бірден өзіне баурап алды. Жоғары сыныптарда географиядан пәндік олимпиадаларға қатысып, бірнеше дүркін аудандық, облыстық сайыстарда бақ сынадым, жүлделі орындар алдым. Бұл жетістіктердің бірден-бір себепкері Зинегүл апайым – Қазалы ауданының Әйтеке би кентіндегі №266 орта мектептің абыройы асқақ, өнегелі ұстазы. Айтпақшы, мектепті бітіріп, журналистика деген мамандыққа құжат тапсырсам қалай болар екен деп алып-ұшып тұрғанда, география бағытын таңдауыма кеңес беріп, мәселенің ара-жігін ажыратып бергенде осы апайым болды. Одан бері қаншама ұстаздың алдынан өттік. Жалпы, өмірдің өзі – үлкен мектеп, білген үстіне біле түссем дейсің.
- Болашаққа жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз...
- Жаратылыстану саласында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің химия мектебі қарыштап дамып келеді. Ойым геоақпараттық жүйелер, электронды картография, география саласын сол қатардан көрсем деймін.
- Ерлан Әлімжанұлы, біздің оқырман қатарында жастар, мектеп жасындағы балалар да бар. Ғалым болсам деп армандайтын өзіңізден кейінгі жас буынға қандай кеңес берер едіңіз?
- Ғылыми әдебиет оқыңыздар! Ғылыми мақаланы жазу үшін ғалымдар кемінде 50 әдебиетпен танысып, ой қорытады. Бұл дегеніңіз – сізге интернетте біреудің жаза салған сандырағы емес, нақты дәлелденген, сілтемесі бар анықталған факт. Ғылымда фактіні бұрмалауға жол жоқ. Көбінесе мектеп жасындағы балалар максималист, идеалист болады ғой. Көбірек «бестік» алсам, «Алтын белгіге» бітірсем, «жарыстан жеңімпаз болсам» дейді. Егер сіз өзіңізден осы белгілерді байқасаңыз, онда ғылымға қош келдіңіз!
- Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан:
Н.ҚУАНДЫҚ.

Cұхбат 01 ақпан 2019 г. 624 0