БИЗНЕСТІ ҚОЛДАУДЫҢ БАСТЫ ҚАДАМЫ

Қазақстанның салық жүйесі бүгінде дамудың тұрақты арнасына түсті. Елбасы жыл сайынғы Жолдауларында экономиканың, қоғам мен мемлекеттің тұрақтылығы үшін басқа салалармен қоса салық жүйе­сіне қатысты да уақыт талабына сай реформаларды жария етіп келеді. Салық реформасының басты мақсаты – экономикалық ахуалдың күр­делі кезеңінде бизнес саласының аяғынан шалмай, керісінше заң аясында демеу көрсете отырып, ел экономикасының дамуына ықпал ету, жасырын бизнестің «көлеңкеден» жарыққа шығуына, «қолма-қол ақша­сыз» жүйені реттеу арқылы сыбайлас жемқорлықтың, жең ұшынан жал­ғасушылықтың жолын кесіп, таза, мөлдір салық саясатын қалыптастыру. Осы орайда бизнес өкілдеріне биылғы жылы да көптеген жеңілдіктер жасалып отыр.

Соған байланыс­ты са­лық заң­на­масына ен­гі­зіл­ген өзгерістер жө­нінде Кәсіп­кер­лер палатасының сарап­­шысы Гүлдана Таңа­товамен сұх­­баттасқан едік.

– Гүлдана Яхияқызы, са­лық заңнамасына енгізілген өзгерістер жалпы халыққа, сондай-ақ бірінші кезекте кәсіпкерлер үшін аса маңызды. Ең алдымен өзге­ріс­терге қатысты жалпы тоқ­талып өтсеңіз.

– 2019 жылдың 1 қаң­та­рынан бас­тап Қазақстан Республикасының Салық Ко­дексіне бірқатар өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, тәуекелдерді басқару жүйесі қосылды. Салық төлеушілер тәуекелдердің үш санатына бөлінеді: жоғары, орташа, төмен. Жоғары санаттағы салық төлеуші қызыл топтағы кәсіпкер болып табылады, орташа дегеніміз сары топтағы, төмен дегеніміз жасыл топтағы кәсіпкер. Кәсіпкердің қай топтан табылуы өзіне байланысты. Егер ол салық міндеттілігін толығымен және уақытылы орындап тұр­са, орташа немесе жоғары санатқа кірмей төменгі санатта жүреді. Ол дегеніміз салық есептіліктерін уақытылы тап­сыру, мерзімінде аудару. Егер де салық төлеуші салық есептіліктерін 0 көрсеткіш деп көрсетсе немесе салық есептіліктерін қайта-қайта қо­сымша төмендетуге қа­тысты салық декларациясын тапсырса, сол кезде орташа немесе жоғары санатқа шығуы мүмкін. Демек, салық төлеуші салық органдарының бақылауында болып, са­лық­тық тексеру болуы мүмкін деген сөз.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап жалақысы 25 айлық есептік көрсеткіштен (63125 теңге) төмен азаматтар үшін жеке табыс салығы 10 есе төмендетілді. Сонымен қатар, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық ашық сауда орындарында онлайн бақылау-кассалық ап­параттарды қолдану мін­дет­телген. Қазіргі таңда 17 қызмет түрі мін­дет­телген болса, сәуір айында тағы да 323 қызмет түрі қосылады. Әр тоқсан сайын қызмет түрлері қосылып отырады, жылдың аяғына дейін 650 қызмет түрі міндетті түрде онлайн бақылау-кассалық ап­паратты пайдалану керек. Қазіргі таңда Кәсіпкерлер палатасының ұсыныстары мәжілісте талқыланып жатыр, ол жерде онлайн бақылау-кассалық аппаратқа жұм­салған қаражатты шегеруге жат­қызу мүмкіндігін ұсын­ғанбыз. Сонымен қатар, кәсіп­кер­лерге бөліп төлеу жолдары қарастырылды.

Осы жерде айта кеткен жөн, 2020 жылдың 1 қаң­тарынан бастап патент арқылы жұмыс жасайтын кәсіп­керлер міндетті түрде онлайн бақылау-кассалық машиналарын қолданатын болады.

– Патент, оңайлатылған режиммен жұмыс жасайтын кәсіпкерлер үшін қандай жаңалығыңыз бар?

– Патент арқылы жұмыс жасайтын кәсіпкерлердің жылдық айналымы өзгерді. Өткен жылдары жылдық айналымы ең төменгі жала­қыдан 300 еселенген болса, биылдан бастап айлық есептік көрсеткіштің 3528 (8 908 200 теңге) есе көрсеткішінде мін­деттеліп отыр. 2020 жылдан бастап саудамен айналысқан кәсіпкерлер патент режимін қолдана алмайды.

Оңайлатылған декларация бойынша айтатын болсақ, жеке кәсіпкер мен заңды тұлғаға салық кезеңі үшін айналымы айлық есептік көрсеткіштің 24038 (60 695 950 теңге) еселенген деп міндеттелді, сонымен бірге адам саны 30-дан аспауы қажет.

Сонымен қатар, зей­нет­ақы жарналары бойынша шектеулер өзгерді. Ең төменгі шектеуі ең төменгі жалақының 1 еселенген болса, ең жоғарғы шектеу ең төменгі жалақының 50 есе­лен­гені көлемінен аспауы тиіс. Әлеуметтік алым бойынша төменгі шектеуі ең төменгі жалақының 1 еселенген болса, ең жоғарғы шектеу ең төменгі жалақының 7 еселенгенінен аспауы тиіс. Міндетті әлеуметтік меди­циналық сақтандыру ауда­рымдар бойынша ең жо­ғарғы шектеу ең төменгі жала­қының 10 еселенгенінен аспауы қажет. Сондай-ақ, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық қосымша құн салығын төлеушілер электронды түрде шот фактураны жүргізу керек.

– Бірыңғай жинақталған тө­лемге қатысты айтыңызшы.

– Биылғы жылдан бастап жаңа төлем түрі – Бірыңғай жинақталған төлем пайда болды. Бұл төлемнің жал­дамалы жұмыс күшін қол­дан­­бай­тындарға да қатысы бар. Мемлекеттік органдар бірыңғай төлемнің мөл­ше­рін де есептеп шығарды. Жоспарға сәй­кес, қала тұр­ғындары үшін айына бір айлық есептік көрсеткіш (2 525 теңге), ал ауыл тұр­ғын­дары үшін 0,5 айлық есептік көрсеткіш болды. Бірыңғай жинақталған төлемнің 10 пайызы жеке табыс салығына, 30 пайызы міндетті зейнетақы жинақтау шотына, 20 пайызы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, қалған 40 пайы­зы медициналық сақтандыру жарнасы ре­тінде жіберіледі. Бірыңғай жиын­тық төлемі алдымен банктер мен тер­миналдар арқылы «Азаматтарға ар­нал­ған үкімет» мемлекеттік кор­пора­циясының есепшотына аударылады. Мемлекеттік кор­порация одан әрі тиісті қорларға өзі бөледі. Бірыңғай жинақталған төлем жеке тұл­ғаның тіркеу орны бойынша төленеді. Салық кезеңі – бір ай.

– Мемлекет басшысы өткен жылы кәсіпкерлер үшін салық амнис­­­тия­сының жария­ланатынын айтқан еді...

– Дұрыс айтасыз. 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда салық амнистиясы жүргізіледі. 2018 жылдың 1 қазанындағы ахуал бойынша негізгі қарызын 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін өтеген жағдайда, мемлекет салық төлеушілердің бүкіл өсімақы мен айып­пұлдарды жояды. Тағы айта кететін жайт, 2020 жылдан бастап жалпы декларация тапсыру басталады. Ол – 2019 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша, барлық салық төлеушілер активтер мен міндеттемелер бойынша салықтық декларациясын тапсыруы қажет.

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

Әңгімелескен

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

"Сыр бойы".

Cұхбат 16 ақпан 2019 г. 788 0