Қыдырбек Рысбек, спорт журналисі: ТЕҢБІЛ ДОП ҚАЗАҚҚА ЖАТ БОЛСА, ТИМУР СЕГІЗБАЕВ ШЫҚПАС ЕДІ...

– Әңгімені, төтесінен бастасақ, спортты біз тым саясиландырып жіберген жоқ­пыз ба?! Алпауыт мемлекет­тер арасындағы саяси ойындар да спортшыларға салқынын тигізетін сияқты...

– Спорт саясаттан ешқашан іргесін аулақ салған емес. Елдің, ұлттың, мемлекеттің мүддесі жүрген жерде бұл сала саясаттан алшақтамайды да, алыстаған да емес. Тіпті, болашақта мұнан да әрі жақындауы ықтимал. Мәселен, Олимпиадаға 205 мемлекет қатысатын болса, сол елдердің бір жарым-екі миллиард халқы додаға көз тігіп отырады. Рас, біз сол жерде саясатқа қатысымыз бар екенін ойламаймыз, бірақ саясаттың ішінде отырамыз. Қайсыбір жылдары Рио-де Жанейрода өзбек спортшыларына төрешілердің бұра тартуы өзбек үкіметінің, олимпиадалық комитетінің жақсы жұмыс істегенін көрсетеді. Болмаса, Левит пен Тищенконың жекпе-жегі ше?! Боксшымыз Олжас Сәттібай ширек финалда өзбек боксшысынан жеңілген жоқ. Әлемнің білікті мамандары мұны мойындады. Алайда, жігіттеріміздің жолы төрешілердің әділетсіздігінен кесілді. Сондықтан спорт пен саясат ат үстіндегі қазақтың екі үзеңгісі тәрізді.

– Қазақ спортының ішінде бетімізді қызартып, жанарымызды төмен салдыратыны футбол деп айтуға болады. Сонда біздің аяқдопқа   ебіміз болмағаны ма?  Легионерге құмартамыз да жүреміз. Қандай пікірдесіз?

– Бұл тек қазақтың ғана емес, әлем бойынша теңбіл допқа көңілі ауған талай ұлт пен ұлыстың бас ауруы. Маған осы нәрсе шешілмейтін түйін тәрізді көрінеді. Футболда жұртты өзіне қаратар мықты маманың болмаса, ұлттық мүддең қылаң бермесе, бойында қазақы қаны тулаған, балағының биті бар балаңды алдымен бапкерлікке дайында. Әуелі сол футболдың ғалымы қыл. Содан кейін барып, футболдағы іргетасыңды жақсылап тұрып қала. Мейлі, Бразилиядан, Германиядан бапкер әкелгенмен болмайды. Сосын спортшыларымыз қалай тамақтанып жүр?! Тағамы қай­дан келеді?! Тоңазытқышта ай­лап жатып қалған тауықтың етін жеуі мүмкін. Өзінің гене­фонындағы қазы-қартасы бір жағына қалып, чипсы жейді. Мұның бәрі қазақ баласының жетілуі үшін не нәрсе әсер етеді деген сұрақтан туып отыр. Біз әлі күнге Мәскеудің тамақ рационын қолданып келеміз. Алыстан келген қонағына тойларда қай ата-бабаң сиыр сойып беріп еді? Спорт интернаттарында он ай жататын сайыпқырандарымыз қа­зір сиыр мен тауық етін жеп жа­тыр. Қайдағы әл, қайдағы қуат? Біз футболдан қазақтың балалар бапкерін дайындадық па? Біздің ізбасарларымыз аяқ­доп­тың әліппесін қалай ашып жатыр? Кейінгі ширек ғасырда Азияны мойындататын бір қа­зақ футболшысы шыққан жоқ. 1961 жылдың мамырында Тимур Сегізбаев он тоғыз жасында Кеңес Одағы чемпионатында алғаш алаңға шығып, чемпионаттың көш басындағы «Беларустің» (кейін «Динамо» болып өзгерді) қақпасына қатарынан екі доп соқты. Сол Тимур көктен түскен жоқ, қазақтың қарашаңырағында өсті. Тума табиғатпен келді де футболды төңкеріп жіберді. 1964 жылы Еуропаның ең күшті клубтарының бірі Мәскеудің «Спартагының» қақпасына, анау-мынау емес, кеңес футбо­лы­ның мэтрі Николай Ста­рос­тиннің командасының қақ­пасына Тимур Сегізбаев жау­апсыз екі доп соқты. Нико­лай Старостин «Қайраттың» киім ауыстыратын бөлмесіне келіп, қазақтың жиырма үш жастағы жігіті Тимурдың қолын алады. Егер футбол қазақтың ыңғайына келмесе, ала доп бізге жат болса, Тимур шықпаған болар еді...

1970 жылдардың басында Кеңес Одағын Құралбек Ордабаев дүр еткізді. «Қайрат» он бір ойынның онында пенальтиден жеңіп шықты. Құралбек сонда «Қайраттың қара құлпы» деген атты иемденді, пенальти қайтаруда Кеңес Одағының №1 қақпашысы болып шыға келді. Біз қазір осындай футболшыларды дайындай алдық па? Сейілда Байшақовтың КСРО құрамасында ойнауы ше?! Сол тұста әлемдегі тегеурінді құрама сапында сынға түсті ол. Бізге нағыз футбол керек болса,  ұлттық негізге сүйену керек. Сырттан келген легио­нерлермен қазақ футболын жарылқай алмайсың. Дәл қазір мұны мен емі жоқ ауруға теңер едім. Қазақ спортының отымен кіріп, күлімен шығып жүрген бапкерлеріміздің жалақысы легионерден төмен. Ал легионерге кеткен қаражат желге ұшқан ақша. Күрестен талай додада олжа салған Керей Қойшыбеков, Аманкелді Мұсабеков, Аманжол Бұғыбаев тәрізді майталман мамандарымыз ше?.. Ал, қазіргі ізбасар дайындап жатқан бапкерлеріміз 90-100 мың теңгемен кімді дайындайды? Көңілі алаң ғой, ашқұрсақ.

– Түйіндеп айтқанда, спортты дамыту үшін не керек?

– Ең бірінші мықты кадр керек. Сосын видеоанализ жасайтын әдіскерлер керек. Бапкер – қазақ баласының жан дүниесін түсінетін адам болуы керек. Ал ондай бапкерді Испанияның не болмаса Италияның мамандарынан іздеу дәу шөмеленің ішінен ине іздеумен тең.

– Қазір спорттың қай түрінен олжамыз мол?! Жекпе-жекте алдымызға жан салмаймыз деп жатамыз ғой.

– Жүйесін тауып баптаса кез келген спорт түрі қазақ ба­ла­сының оң жамбасына ке­ле­ді. Қазақта көз мерген, қол мерген, дыбыс мерген бол­ған. Мәселен, дыбыс мерген қарамайды, көздемейді, шыққан дыбыстың ізімен олжасын қағып түседі. Қазіргілер винтовкадан милиметріне дейін есептеп атады. Ширек ғасырда қазақтан бір мерген шыққан жоқ. Ұлттық саясаттың кемшін тұсы осы. Біз неге мылтық ат­паймыз, бір жылда бастан үш жүз соққы алып, боксшы болғаннан мылтық атқан жақсы емес пе?! Отыздан аса боксты доғарасың, ал мылтықты алпыс беске дейін атсаң да, ешкім қой демейді. Олимпиадаға спортшы ретінде қатыс, шәкірт тәрбиеле, әдіскер бол. Өзімізге пайдалы дүниені басқа жаққа ысырып тастап, неге біз бокс пен күресті қуа береміз? Неге біз садақ атпаймыз? «Алпыс – тал түс» деп Олимпиадаға қатыс. Саяхатшысың, мергенсің, жат­тықтырушысың, мұнан артық не керек? Естуімше, Израиль мен Қытайда мылтық ата біл­мейтін адамды мемлекеттік қыз­метке алмайды дейді. Оңтүстік­кореялық атқан садақты біз де ата аламыз, тәжіктің Рустамовасы көздеген нысанаға біз де тигізе аламыз. Бұлар атқан садақты біз ата алмаймыз дегенге мен мұрнымды кесіп алсаң да келіспеймін. Қазақ азаматтары велосипед тебе алмайды дегенге де қарсымын. Марат Сатыбалдиев 1989 жылы тамызда Францияда әлем чемпионы атанды. Кеңес Одағының бес дүркін чемпионы. Егер қазақ допқа шорқақ, бейімсіз болса, Әлжан Жармұхамедов баскетбол ойнаушы ма еді?! Баскетбол бізге төтеннен қосылғанмен, меңгеріп кетті, Еуропа, одақ чемпионы атанды. Қазіргі бессайыстан Тимур Досымбетов дүние жүзінің чемпионы болды. Су добынан Нұрлан Меңдіғалиев КСРО құрамасының үздік ойыншысы ретінде 1982 жылы әлем чем­пио­ны болды. Мәскеуден «Динамо» командасы оны Алматыдан алдырып, өз командасының капитаны етті. Конькиден Ораз Қаңлыбаев Кеңес Ода­ғының рекордын бұзды. Осындай талантты халық бола тұра біз қазір балаларымызды бокс пен күреске иіріп қойдық.

– Қыдырбек аға, дәл осы кезеңде біз қазақ спортының қай түріне қозғау салуымыз керек?

– Егер ұмытпасам,  жеңіл атлетиканың олимпиадалық бағ­дарламасында қырықтан аса түрі бар. Неге біз Рыпакова се­кірген қарғуды қолға алмаймыз? Оған бір спорт сарайын салудың қажеті жоқ қой. Бізді біреу найза лақтыра алмайды деді ме?! Біз империяның мық­тыларын мысалға аламыз да, өзімізді төмендетеміз. Кезінде Қажымұқан ешкіммен санасқан жоқ. Дәулет Тұрлыханов пен Серік Қонақбаев та қарсы­лас­тарымен санаспады. Құ­ры­ғанда жеңіл атлетиканың он тү­рін қолға алуымыз керек. Бал­тық жағалауы елдері най­за лақтырудан олимпиадаларда жүлде алып жүр. Біз ше?! Сегіз қырлы, бір сырлы халықтың баласымыз. Бірақ дәл қазір бокс пен күрестен басқа барар жер, басар тауы жоқ ел тә­різдіміз. Терең ойлансақ,  құл­дық қамытын сыпырып тас­тап, жүйелі тірлікке кіріссек, спорттың көп түрінен жүздеген бауырдың бағы жанар еді.

– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен

Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы».

Cұхбат 23 ақпан 2019 г. 218 0