ФЕСТИВАЛЬДА ТЕКТІ СӨЗДІҢ ТӨРЕСІ ҰЛЫҚТАЛАДЫ

 

30 наурыз күні Қызылордада жас дәстүрлі әнші-жыршылардың республикалық фестивалі өтеді. Игі шараның басында бағзыдан жеткен төл өнерді ұрпаққа насихаттау жолында тер төгіп жүрген жыршы-термешілер Күнсұлу Түрікпен мен Марат Сүгірбай жүр. Дайындық кезінде Күнсұлумен сұхбат құрудың сәті түсті.


– Күнсұлу, фестивальді өткізу идеясы неден туды?

– Игі бастама Тұңғыш Президенттің ұлттық құн­дылықтарды на­сихаттауға арналған «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағ­дарламалық ­мақа­ла­ла­ры негі­зінде әрі «Жас­тар жы­лы» аясында қолға алы­нып отыр. Мақсат – дәстүрлі ән, жыр, термені тыңдарманға жаңаша форматта ұсыну. Бұл фестиваль бұрынғыларға қарағанда өз­гешелеу болады деп отыр­мыз. Осы уақытқа дейін ұлттық өнерді насихаттау мақсатында белгілі бір әкімдік, мекеме немесе жекелей демеушілердің қолдауымен біршама бастама жүзеге асырылып келді. Жастар жылында ерікті жас­тар болып, ешкімнен бір тиын сұрамай, өз бетімізше тіршілік жасағымыз келді. Ақылы түрде ұйым­дас­ты­рылғанымен, дәстүрлі ән, жыр, термені сүйіп тың­дай­тын аудитория үшін билет бағасы қалтаға салмақ түсірмейді. Оның сыртында, халық фоно­грамма қолданатын эст­рада әншілерінің де шы­ғар­машылық кештеріне би­леті қымбат болса да ба­рып жүр. Фестивальда өсиет пен өнегеге толы текті сөздің төресі ұлықталады. Төл өнердің тұғырын өзіміз биіктетпесек, бізге оны ешкім сырттан келіп көтеріп бермейді. Концерттен түс­кен қаржы бірқатар жер­лесімізге «Жас­тар жы­лы» аясында Алматы мен Атырауда өтетін фес­тивальдарға қатысуға мүмкіндік береді.

– Шараның басында жүрген, «бәрекелді» деп қолдау білдірген кімдер?

– Алмас Алматовтың «Еріңді ер деп мойын­дамасаң, басқа ел ел деп мойындамайды» деген сөзі бар. Осы орайда дәстүрлі өнердің біз сияқты өкілдерінің ең әуелгі қамқоршысы – Алла, екінші – халық. Халық өзі тудырған өнердің отын ешуақытта өшірмейді. Игі шараны қолға алғанымызды естіп, біршама азаматтың шамасы жеткенше көмек беріп, жанашырлық танытқанына қуанып қалдық. Әсіресе, Жағыпар Қарабала бастаған «Oyzylorda» теле­ар­насының ұжымын ерекше атап өткім келеді. «Қанеки, тілім, сөйлеші», «Сыр сүлейін сұрасаң», «Жыр керуені» секілді тележобалар ол кісінің қазақ өнерінің жанашыры екенін көрсетеді. Нар­тай Бекежанов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының директоры Мұхит Әбдікәрімов, «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы филиа­лы­ның директоры Бауыржан Елеусінов, Текей Қарпықұлы атындағы колледж директоры Мейрамбек Исаев, жеке кәсіпкер Досхан Жүнісов секілді ағалардың бетімізден қақ­пай, бастамамызға қол­дау білдіргені көңілге жылылық ұялатты.

– Фестивальға кімдер қатысады?

– Идея авторлары әрі фестивальдің негізгі ұйым­дас­­тырушылары – Марат Сүгір­бай екеуміз. Фес­ти­вальға Алматыдан Мақпал Тоқ­тағанова, Астанадан Ал­­­пысбек Оңайбайұлы, Пав­­­лодардан Салтанат Қи­затова, Қызылорда қала­сынан Марат Сүгірбай, Еркебұлан Шыңжанов, Бейсембек Төлеубай, Әділхан Қуаңбаев, Нұртілек Ақтаев, Мұхамедәли Бекпейісов, Қуа­ныш Алғазиев, Жарасхан Төлебай, Зүлфия Баймырзае­ва, Амандық Жап­парбер­диев, ­соны­мен қатар, Қазанғап атын­дағы Қызылорда му­зы­калық колледжі мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің дәстүрлі ән-терме бөлімінде оқитын талантты жас өнер­паздар қатысады.

– «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында да­ла фольклорын топтас­тыру, аудиторияға оны цифрлық форматта ұсыну туралы ой айтылған. Дәстүрлі өнерді өрістетудің бұдан басқа қандай амалдары бар?

– «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақалада дала фольклоры мен музы­ка­сының мыңжылдық тар­мағы негізінде жыр, терме, қисса, дастан, эпос­тарды ұлттық аспаптардың сүйе­мелдеуімен жаңаша форматта сақтау жөнінде айтылған. Осы идея не­гізінде біз жас орын­дау­шылардың кәсіби дең­­гейін кө­теру, шы­ғар­ма­шы­лық мәдениетін да­­мытуға ынталы­мыз. Ұлттық өнерді өрістетудің ­жолдары жетерлік. Ең алдымен, ол – осы бағыттағы жастардың талабына қолдау білдіру. Өнер қолдау бар жерде ғана өрістейтіні белгілі. Ел­дің есінде жиі жаңғырып тұрмаса, бұл өнердің аудиториясын қа­лып­тастырамын деу қа­те­лік. Қазір біз эстрада жұлдыздарының өмірі туралы жатқа айтатын жағдайға жеттік. Өйткені, олар туралы ақпарат өте көп. Ішіп-жегені, жүріп-тұрғанына де­­йін көз алдымызда, елдің аузында. Ұлттық ­өнер­дің насихаты да осындай дең­гейге көтерілсе деген тіле­гіміз бар. Оны ха­лыққа жет­кізудің жолдары көп. Ол телевизиялық жоба, бағ­­дарлама немесе шы­ғар­­­машылық кеш болуы мүмкін. Мұндайда кө­гілдір экран үлкен көмекші бола алады. Ұлттық арнадағы ха­лықаралық «Мен – қа­зақ­пын» мегажобасы төрт ай бойы экраннан түскен жоқ. Осы­ның ар­қа­­сында ха­лық қа­ты­сушы­ларды біраз та­нып-бі­ліп қалды. Дәстүрлі өнер­ді дә­­ріптеу шараларын әлеу­мет­­тік желілер арқылы да жан­дандыру ойда бар.

– Қазір кей мектептерде қоңыраудың орнына күй ойнайтын болды. Оқушыларға «Қо­быланды батыр» жы­рын жат­тату бас­тамасына та­ғы бір қуандық. Алайда, жас­тарға жыр-тер­ме­ден гөрі бә­рібір эстрада жақын. Неге?

– Өзіңіз де білесіз, «Тұлпар мініп, ту алған» жобасын көпшілік жылы қабылдады. Осының арқа­сында «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» дастандарына қызығушылық оянды. Оны жатқа айтушылар қатары көбейді. Жыр жаттаған оқушылар мен олардың мұғалімдері үшін тәуір жүлде тағайындалды. Дегенмен, мұндай шара­лардың науқандық сипаттан әрі аса алмайтыны көңіл қынжылтады. Кезінде ата-әжелеріміз қаншама мың жолдық дастандарды тыңдау арқылы жадында сақ­таған. Осы уақытқа дейінгі біршама дүние бізге құймақұлақтық әдіс­­пен жетті. Бір ғана жо­бамен шектеліп қа­луға болмайды. Қа­зіргі жастар терме, жыр-дастандарға емес, керісінше жеңіл-желпі ән­дерге әуес. Өйт­кені эстрада әншілерінің қасында дәстүрлі әнші-жыр­шылардың насихаты әлсіз. Біз жастарды қы­зықтыра алмай жүрміз. Қы­зық­тырудың тетігін таппай жүрміз.

– Күнсұлу, ше­тел­­діктер қазақ­­тың дәс­түрлі өнерін қалай қабыл­дайды? Өзі­ңіз ара­лаған елдердің ішін­­де қайсысының ықы­ласы жо­ғары болды?

– Дәстүрлі ән-жыр өнері Орта Азия елдерінің көбінде бар. Қазақтың ұлттық өнеріне, оның ішінде домбырамен ән айтуына еуро­па­лықтардың ықы­ласы ерекше. Оны бір­неше рет барғанда бай­­қадым. Осы жер­де Алмас Ал­­матовтың әңгі­месі есіме түсіп отыр. Аға­мызды осында Еуро­падан бір ға­лым іздеп келсе керек. Жыр-терме тыңдап отыр­ғанда ол: «Біз­де де осындай өнер бар еді, бірақ жойылып кетті. Сіздерді тыңдау арқылы арғы тегіміздің тегін емес екенін сезінеміз», – деген екен көзіне жас алып. Біздің өнер әлемдік классика қатарында. Биыл қобыздың атасы саналатын Қорқыт ата мұрасы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұра­лары тізіміне енгізілді. Ал қазақтың жыр-дәс­түрі Қорқыт мұрасына не­гіз­делген.

– Жыр-термені үл­кендер жағы ұйып тың­дайды ғой. Фестивальдің өтетінінен халық қан­шалықты хабардар? Қай күні, нешеде өтеді?

– «Біздің тыңдау­шыла­рымыздың алды алпыс­тан асып кетті. Алдағы жиыр­ма­жылдықта мамандық ауыс­­тыр­ғанымыз дұрыс шы­ғар» деп әзілдеп қоямын кейде. Бірақ ұлттық өнер қазақ ұлты барда еш­қашан өшпейді. Қолда бар мүмкіндікті пайдалану өзі­мізге байланыс­ты. Ат­қа­рылып жатқан жұ­мыс­тың легі, тіршіліктің тынысы тоқтамауы тиіс. Алдағы шара теңізге тиген тамшыдай ғана. Фестивальдің бола­тыны туралы ақпарат құралдарында да, әлеуметтік желілерде де жарияланды. Афишалар да ілінді. Бұйырса, зал толы болып, халық ерекше ықыласпен қабылдайды деп сенеміз. Осы орайда өнерсүйер қауымды 30 наурыз күні сағат 18.00-де Нартай Бекежанов атындағы облыстық театрда өтетін жас дәстүрлі әнші-жыршылардың республикалық «Жырласа, жастар жырласын!» атты фестивалін тамашалауға ша­қырамыз.

– Қым-қуыт шаруаның арасында уақыт тауып, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет.


Әңгімелескен

Назерке САНИЯЗОВА.

Cұхбат 20 наурыз 2019 г. 2 615 0