Термезді тербеткен тектілік

 Сәуірдің 5-10 күндері Өзбекстанның Термез қаласында халықаралық бахшылық (жыраулық) өнер фестивалі өтті. 74 мемлекеттің 160-тан аса ұлт өнері шебері бақ сынаған бақсылық сайыста Сыр елінің дарынды қызы, қазақтың жампоз жырауы Ұлжан Байбосынова бас бәйгені жеңіп алды.
Ұлжан Байбосынова - атақты жырау Алмас Алматовтан сабақ алған, осы өнерді жеті атасынан жалғап келе жатқан Бидас Рүстембековтің шәкірті. Талай мәрте халықаралық жыр сайыстарынан суырылып шығып, бәйге алдын бермеген тарланбоз талант.
Ықылас атындағы халық музыкалық музыкалық аспаптар музейінің директоры, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы, Франция әдебиеті мен өнері кавалері орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Біз жерлесімізді телефон арқылы жеңісімен құттықтап, осы фестивальдің өту барысы жайлы аз-кем ақпарат алған едік.

– Ұлжан, жеңісіңе күллі жер­лес­терің қуанысып, сүйінші сұра­сып жатыр. Ақжолтай хабарды алдымен та­ратуға ұм­тылып, об­­лыстық «Сыр бойы» газеті де өзіңе деген тілек­­тес­тігін білдіріп отыр. 

Біздің білуімізше, Өзбекстан алғаш қолға алып өткізіліп отыр­ған бұл фес­тиваль бұрын­ғы­лардан өзгерек се­кілді.

– Дұрыс, өзбек елінде ұлт өнерін дәріптейтін әр­түр­лі ауқымды шаралар өткі­зіліп келеді. Бұл фестиваль өз­бек Президентінің арнайы қа­­ра­рымен бекітілген «1-ші Халық­аралық бақ­сылық фес­тивалі» деп аталады. Мұнда тек бақсылық, жыр­шылық өнерді ғана емес, сонымен бірге ұлттық тағам, қолөнер бұйымдары, ха­лықтың салт-дәс­түріне қатысты жәдігерліктер жәр­меңкесі болды.

Өнер тойына келген 74 мем­лекеттің әрқайсысы өзінің тарихи қалаларының макетін жасап, тағам­дарын тарту етіп, жар­­қыл­даған бұйым­­дарын жайып тас­тады. Көр­геннің көз жауын алады, ертегі еліне еніп кет­кендей әсер қал­дырады.

Ал, эпостық шы­ғар­маларды орын­дау мен бақ­сылық өнер сайы­сының сахнасы қала ор­та­сындағы атшап­тырым алаң­да кешкі сағат сегізден таң атқанша талмай жырлады. Оны шамамен 5 мыңдай адам тама­шалады және өзбек елінің телеарналары тікелей эфирден таратты.

Фестивальдің ашылуына Өз­­­бекстан Президенті Шавкат Мирзиёев келіп, сөз сөйледі. Ол кісінің «Егер біз халық жауһары саналатын өнерді ұлықтап, әлем алдына шығармасақ, онда тарихтың алдында кінәлі бола­мыз» деген сөзі барша түркі жұртын жақындастыра түс­кен­дей еді.

Бағзы замандағы Тоныкөк, Күл­тегін кезеңінде-ақ шежірелі жыр­ларымыз тасқа қашалып жазылды. Түрік қағанаты, Но­ғайлы дәуірі, Қазақ хандығы тұсында бақсылар, жыршы-жыраулар мемлекеттің құ­ры­луына тікелей атсалысты. Ұлт­тық идеологияны жасаушы сол жыршы-жыраулар еді. Міне, сон­дықтан да өз мұңы мен үнін бойында сақтаған киелі өнер әрбір ұлт үшін қымбат қазына. Жыр – ха­лық­тың қанында ағыстап жат­қан асыл болмысы.

Бес күндік ұлт өнері мере­ке­сінде осы сарындағы ойдың әрбір кеудеде сақталып келе жат­қаны сезілді.

... Менің кезегім түнгі сағат он екіде келді. Өзбектің рубабы, қыр­ғыз­дың қомузы, тываның чанзысы, кәрістің кунхуы, ұй­ғыр­дың дутары думандатқан алапат үннің ішіне қазақтың ақ домбырасын алып қосылып кет­тім. «Көрғұлы» дастанын жырладым.

Қазылар алқасында түріктің, мон­­ғолдың, кәрістің, басқа да ел­дердің беткеұстарлары отыр. Бәрі ұлт му­зыкасының біл­гір­лері, профессор, ака­­демик­тер. Санасы көне ғасырларға сая­­­хаттап кеткендей бол­­ған көп жұрт мен мақам қайыр­ған сайын осы шағына қайта орал­ған­дай бір дүрлігіп ба­сылып отырды. Сірә, тың­­­даушың болса, өн-бойың­дағы бү­кіл да­­­рының мен дау­сың тасқындап тө­гі­леді екен. Негізі әр эпосшыға жарты сағат уақыт бе­рілді. Бір қы­зығы, мені шектеген жоқ. Екі иы­ғым­нан рух қанаты көтер­гендей ас­пандап барып, 45 минут дегенде өзім тоқтадым. 

   – Қазақтың жы­ры мен мақа­мының қандай болатынын жар­­­қырата көр­се­тіп­сің! Бұл сенің жы­рау­лық талантың ғана емес, ұлт өнерінің ті­­ніне бойлап, оның қадір-қасиетін ұстай білген ұзан­дығың. Қо­ше­мет аз болмаған шы­ғар?

– Сайысқа қатысу­шылар күндіз демалады не қыдырыстап қы­зық көреді. Мен де өз жырымды айтып бол­­ған соң демалатын шы­ғармын деп ойладым. Бірақ, сол күні өзін шаһар хакі­мінің орын­­басарымын деп таныс­­тырған бір азамат маған келіп, «Халық сұ­ра­уы бойынша ертең жеке концертіңізді бер­­сеңіз екен» деді. Ха­лық сұрап жат­са, жоқ деймін бе, ертеңіне қа­лалық мәдениет үйін­де жеке концертім өтті. Мұнда да мың жарымдай көрермен жиылды.

Мен жергілікті халықтың ұлт өнерін соншалықты қадір­лей­тінінің куәсі болдым. Бір жарым сағаттық концертімнің қалай өтіп кеткенін өзім де бай­қа­мадым.

– Бәрекелді, айтпақшы, орын­даушы үшін сайыстың ең қызық көрінісі жүлде беру сәті қалай болды?

– Ең соңғы күнгі сол сәтті қобалжып күткеніміз рас. Бас жүлде болмайды екен деген де сыбыс естілген. Әдетте жүлде соңғы орындардан бастап табысталады ғой. Үшінші орын, екінші орын берілді. Менің атым аталмады. Бәрі де шетінен алтын алқым, күміс көмей дей­тін жыршы-жыраулар. Бәрі де озуға лайық. Бірақ, жүлдеден менің де үмітім бар. «Бірінші орын өзбек Абдназар Пояновқа беріледі» деген сөзді естігенде сырттан қараған адам еңсемнің түсіп кеткенін байқаған шығар. Қазақстан атынан келіп тұрған жалғыз жырау мен едім. Жұрт­тың соңында қалғаным қазақ өнеріне қиянат жасағаным емес пе деп өзім өзімнің жер-жебі­ріме жетіп тұрдым. Осы кезде «Гран-приді тапсыру үшін Өз­бекстан мәдениет министрін ша­қырамыз» деп хабарланды. Министрдің көрермен арасынан шығып, сахнаға жетем дегенінше ұза-ақ уақыт өткендей болды. Ол менің соңғы үмітім еді. Бір кезде… «Гран-при Қозоқстан бох­чиси Улчан Байбосиновага берилади» дегенде бес мың қаралы жұрт бір мезгілде ду-у қол соғып, орнынан көтерілді.

Бұл сәтте мен өз халқым­ның арқалатқан аманатын орын­да­ғандай ерекше күй кештім. Көп жұрт «Қазақ, қазақ!» деп қошеметтеп жатты.

Осылайша, мыңдаған жұрт­тың кеудесі киелі өнер тұны­ғымен тазарған бес күн дүрілдеп өте шықты. Жырау­лық-бақсылық өнер өзінің тарих сахнасына берік орныққанын тағы бір дәлелдеді.

–  Жеңісің де, жемісің де баян­ды болсын, ұлт өнерінің Ұл­жаны!

 

Сұхбаттасқан

Дүйсенбек Аяшұлы.







Cұхбат 12 сәуір 2019 г. 1 050 0