Қоғамдағы саяси тұрақтылықты бекітеді

Төрткүл дүниенің ең негізгі мәселесі – қауіпсіздік болып тұрған кезеңде Қазақстанның президенттік сайлау өткізу туралы шешімі ішкі жағдайда және халықаралық деңгейде ел қауіпсіздігін сақтап қалу және жарқын болашақ үшін жасалған стратегиялық шешім болды. Президент үндеуіне пікір білдірушілер бұл сайлау демократияны дамытуда елеулі рөл атқарады деген ойда. Солардың бірі саяси ғылымдарының кандидаты, «Болашақ» университетінің профессоры Мұрат Насимовке  бірнеше сауал қойған едік.
Еліміздегі биліктің ауы­суына байланысты болған саяси өзгерістерді қалай бағалайсыз?
– Осы уақытқа дейін отандық сарапшыларды еліміздегі биліктің ауысуына байланысты пікірлер мазалап келді. Елбасының ақпан айының басында Конституциялық кеңеске Мемлекет басшысының өкілеттігін тоқтатуға байланысты өтініш бергенде, саясаттанушы ретінде көптеген ойлар мазалады. Сарапшылардың басым бөлігі алдағы уақытта өзгерістердің болатынын сезгенін де жасыра алмаймын.
Жалпы саяси процестер – сая­саттың серпінділігін танытатын негізгі сипаттама. Сондықтан сая­си процестердің орнықты жүзеге асуында саяси өзгерістердің орны бөлек деп атауға негіз бар. Өзгерістер саяси дамудың ілгерілеуіне де ықпал етеді. Бұл өз кезегінде еліміздің әлеуметтік және саяси жаңғыруына жол ашады. Демек, бұл саяси өзгерістер Елбасының бастаған саясатын жалғастыруға жол ашатын бастама деп білемін.
Елбасының халыққа үндеу жариялап, Конституцияға сәй­кес Президенттің өкілеттігі мер­зі­мінен бұрын тоқтатылған жағ­дайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беруі елін ой­лаған саясаткердің шешімі деп түсінемін. Әрине, кезекті сайлауды күтіп, биліктің ауысуына болар еді. Бірақ мұндай жағдайдағы саяси ахуалды болжау қиынға соғады. Тұңғыш Президенттің би­лікті бейбіт түрде ауысуға ықпал етуі және әлемдік қауымдастық білетін дипломатты лайықты азамат ретінде сенім білдіруі –  Елбасының кезекті жетістігі.
– Ішкі және сыртқы саясатта сабақтастықты қалып­тастыруда кезектен тыс сайлаудың рөлі қандай?
– Президент сайлауы респуб­ликалық мемлекеттік басқару фор­масына тән таңдау екендігін баршамыз білеміз. Жалпы Елба­сының Қазақстан халқына үндеу жариялап, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті ретіндегі өкілеттілікті тоқтату жөніндегі шешіміне тек посткеңестік елдер ғана емес, бүкіл әлем ерекше мән берді. Елбасының бұл шешіміне тек мән беріп қана қоймай, әлемдік қауымдастық жоғары бағалады. Сондықтан алдағы өтетін кезектен тыс сайлауға әлем назары біздің елімізде болатындығы анық.
Біз бұл сайлау барысында ішкі саяси тұрақтылығымызды сақтауға мән беруіміз керек. Осы жағдайда ғана Елбасы бастаған сыртқы саясаттағы жетістіктерімізді жалғастыра аламыз деп ойлаймын. Халық Президент ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын нақтылайтын ең жоғары лауазымды тұлға екендігін ұмытпауы тиіс. Кезектен тыс сайлауда лайықты тұлғаны таңдағанда ғана қоғам үшін маңызды барлық салаларда зор жетістіктерге жетеміз.
– Президенттің өзі сай­лау­дың еркін, ашық өтуіне кепілдік берді. Бұл саяси науқан қоғамның саяси санасының тез өсуіне қаншалықты ықпал етпек?
– Бүгінде еліміз тарихи сәтті бас­тан өткеріп жатқандығы анық. Билік Конституцияға сәй­кес бейбіт түрде ауысып отыр. Бұл халқымызға тән бей­бітсүйгіштігіміздің бел­гісі деп түсінуіміз қажет. Президенттің кезектен тыс сайлау өткізу тура­лы шешімі және оның ер­кін, ашық өтуіне кепілдік бері­луі еліміздегі демократияны бекі­тудегі маңызды қадам. Еркін, ашық түрде өткен сайлау ғана мем­лекетіміздің даму стратегия­сын жалғастыруға және әлеуметтік бағдарламаларды сәтті жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл кепілдік ішкі және сыртқы саясатымыздағы тұрақтылықты сақтауға сенімділік беріп, еліміздің ілгері дамуына жол ашады және қоғамдағы саяси тұрақтылықты бекітеді.
Қоғамның саяси санасы – өте күрделі құбылыс. Мұнда белгілі бір тарихи дамудағы қоғам мү­шелерінің елеулі әлеуметтік-эко­­­номикалық, әлеуметтік-сая­си, ру­хани-адамгершілік мұқ­таж­­­дықтары мен мүдделері кө­­рі­ніс тауып, саяси идеялар, пі­кір­лер, құндылықтар, ойлар мен көзқарастарды біріктіреді. Сон­дықтан қоғамның саяси санасы сай­лаудың еркін, ашық түрде өтуімен тікелей байланысты болмақ.
Сұхбаттасқан
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы».
Cұхбат 18 сәуір 2019 г. 7 517 0