Кәсіпкерліктің аймақ дамуына қосар үлесі айқын

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов Елбасының 5 әлеуметтік бастамасы аясындағы «Шағын несиелендіруді көбейту» шараларының облысымызда жүзеге асырылу барысы туралы газет тілшісіне әңгімелеп берді.    

Бұл бағытта атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты айтқан палата басшысы жеңілдетілген несие жөнінде және облыста жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы жайында қойылған сұраққа жауап берді. 

– Жеңілдетілген шағын несие беру тәжірибесі бұл механизмнің халықтың әлеуметтік әлсіз топтары мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған, сондай-ақ жұмыссыз азаматтарды, соның ішінде ауыл тұрғындарын жаппай кәсіп­кер­лікпен айналысуға ынталан­дырудағы мықты құрал екенін көрсетті.    Сондықтан да Мемлекет басшысының бұл бағыттағы бастамасы халықтың арасында кең қолдауға ие болуда.

«2018-2020 жылдар облыста жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы болып жариялан­ды. «Жаппай кәсіпкерлікті да­­мы­­тудың Жол картасы» әзір­леніп, жерлестеріміз кешенді жоспардың алғашқы нәтиже­лерінің жемісін татып үлгерді.

Осы жерде ерекше тоқталып өтетін жайт, өткен жылы біздің облыс «Бизнесті жүргізудің жеңілдігі рейтингісі» бойынша республикада көш бастаған болатын. Рейтинг жүргізілген 197 елді мекеннің алғашқы жетілігіне облысымыздың 4 ауданы мен Қызылорда қаласы енді.

Сондай-ақ, аймақ жұмыс жа­­сап тұрған шағын және орта кәсіп­керлік субъектілерінің өсі­мі бойынша 2018 жылы рес­публикада көш бастады. Өсім – 13,1 процент. Өткен жылдың қорытындысымен жұмыс жасап тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің кө­лемі тіркелгендерімен салыс­тыр­ғанда 74,9-дан 82,9 процент­ке өсті. Мұнан өзге, 2018 жылы салада жұмыс жасайтын азаматтардың саны 10,6, шы­ға­рылған тауар 15 %-ке өсіп отыр.

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды және шағын кәсіп­керлік субъектілерін шағын не­сие­мен қамту үшін өткен жылы әртүрлі көздерден 4,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Оның 3,6 млрд теңгесі «Нә­тижелі жұмыспен қамту және жап­пай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында, 1 млрд теңгесі «Қызылорда» өңір­лік инвестициялық орталы­ғы арқылы кәсіпкерлерді қаржы­лан­дыру үшін облыстық бюджеттен бөлінді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда шағын несие­лендіруге бөлінген қаржының 2 есеге артқандығын көрсетеді.

– Осы қомақты қаржылар нақты кімдерге тиесілі болып отыр?

– Бөлінген қаржының 3,3 млрд теңгесі ауыл азаматтарына, 278 млн теңгесі қалалықтарға берілді. Осылайша 1309 азаматтың жобалары қаржыландырылды. Сонымен бірге, шағын несиелерді кепілдендіруге облыстық бюджеттен 118 млн теңге бөлініп, бұл қаржы ісін жаңа бастаған 24 азаматтың қолына тиді.

– Жақсы іс жалғасын тауып жатқан болар?

« Аймақта азаматтарды ша­ғын несиемен қамту шаралары биыл да жалғастырылатын болады. Бөлінетін қаржы көлемі өткен жылғыдан кем болмайды деген жоспар бар.

 

– Өзіңіз айтып өткен «Қы­зылорда» Өңірлік инвести­циялық орталығы қандай жұ­мыстар атқарады? 

– Өңірлік орталық 2014 жылы құрылған және 2016 жылдан бастап облыстық кәсіпкерлер палатасының сенімгерлік бас­қа­руында. Жалпы актив көле­мі жағынан «Қызылорда» өңір­лік орталығы республика кө­леміндегі 150 шағын қаржы ұйымының арасында бесінші орында тұр. Орталық құрылған сәттен бері жалпы құны 4,1 млрд теңгені құрайтын 1112 жоба қар­жыландырылды. Жаңадан 1683 жұмыс орны ашылды.

«Өңірлік орталықтың өзге қаржы ұйымдарынан айырма­шылығы несие беруде, кепіл мүлікті қарауда икемді саясат ұстануында, сондай-ақ берілген қаржыны қайтару көлемінің жоғарылығында. Қазір бұл орталық біздің облыстың азаматтары, әсіресе ісін жаңа бастаушы кәсіпкерлер үшін тиімді қаржы институтына айналып отыр.

 

– Ісін жаңа бастаушыларға қатысты қолдау шараларының бірі – қайтарымсыз гранттар екені белгілі. Осының жайына келсек? 

– 2018 жылы жұмыссыз жас­тар мен мүмкіндігі шектеулі аза­маттарға, сондай-ақ, стар­т-ап жо­баларға 297 млн теңгенің қайтарымсыз гранты жұмсалды. Осы қаржымен жоғарыда аталған санаттағы азаматтардың 629-ы өз кәсібін бастауға мүмкіндік алды. 1005 тұрақты жұмыс орны ашылды.

– Көпшілікке «Бастау» және «Бизнес-кеңесші» жобалары туралы да білдіре кетейік. 

– Ісін жаңадан бастаушы кәсіпкерлер легін қалыптас­ты­руға кәсіпкерлер палата­сының ықпалымен жүзеге асырылып жатқан, кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын «Бастау» және «Биз­нес-кеңесші» жобалары айтар­лықтай үлес қосуда. Аталған жобаларға сұраныс өте жоғары. Мәселен, соңғы екі жылда осы жобалар аясында 6663 азамат біліктілігін жетілдіріп, олардың жартысына жуығы өз кәсібін ашты.

– «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына тоқталып өт­сеңіз?

– Өткен жылы бағдарлама аясында несиелендіруге 1,3 млрд теңге, субсидиялауға 9,9 млрд теңге бөлінді. Субсидиялауға бөлінген қаржы аясында екінші деңгейлі банктер арқылы 153 жоба жүзеге асырылды. Сондай-ақ, несие үшін кепілдікті об­лыстағы 65 шағын және орта кә­сіпкерлік субъектісі алды. Бұл мақсатқа 1,2 млрд теңге қаржы кетті. Салыстыру үшін айтатын болсақ, кепілдендіруге берілген қаржы 2017 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артты.

– Алда тұрған міндеттер қандай? 

– Өңірде кәсіпкерлікті қол­дауға жан-жақты жағдай жасалуда, дегенмен, саланың аяққа тұрып кетуіне шағын және орта кәсіпкерлік үшін несие ресурс­тарының тиісті дәрежеде қол­жетімсіздігі кедергі болып отыр.

Мысалы, облыста жұмыс жасап тұрған 42 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері республика көле­міндегі кәсіпкерліктің осы са­ладағы субъектілерінің 3,4 про­центін  көрсетеді. Сөйте тұра, Ұлттық банк ұсы­н­ған мәліметке сүйенсек, біздің өңірдің шағын және орта кәсіп­керлеріне беріл­ген несие көлемі 25,2 млрд теңгені құрайды, яғни, республика көлемінде берілген несиенің 0,8 проценті ғана Қызылорда кәсіпкерлеріне тиеді. Бұл дерек кәсіпкерлеріміздің банк­тер арқылы несиеге 3 есе аз  қол жет­кізіп отырғандығын көр­сетеді.

«Елбасының халыққа арнаған Жолдауында экономиканың басым бағытын несиелендіруді кеңейту туралы тапсырма берілді. Бұл мақсатқа 600 млрд теңге қаржы қаралып отыр. Бастаманың «Бизнестің жол картасы» бағдарламасынан ерекшелігі, ірі кәсіпкерлік субъектілері де қатыса алады. Үкіметтен экономиканың басым салаларын несиелендіруге бөлініп жатқан 600 млрд теңге қаржыдан біздің өңір де өз үлесін барынша алып қалғаны маңызды. 

– Әңгімеңізден облыс кәсіп­керлерінің мемлекет тара­пынан қарастырылған жеңіл­діктерді лайықты пайдаланып, аймағымыздың әлеуметтік-эко­номикалық ахуалына қо­сып отырған үлесін байқап отыр­мыз. Осы жолдағы тынымсыз еңбектеріңізге табыс тілейміз.

Сұхбаттасқан 

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

Cұхбат 09 мамыр 2019 г. 820 0