Ескерткіштер – ел тарихы

  Ұлы даладағы тарихи-мәдени ескерткіштер — ұлтымыздың байлығы. Халқымыздың өткенінен сыр шертетін қастерлі мұра. Ал қазақтың төрт астанасы орын тепкен Сырдың бойында да өткеннің сайраған ізіндей, көненің көзіндей тарихи және мәдени орындар жетерлік. Осы орайда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуовамен кездесіп, аймақтағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-күйі туралы әңгімелескен едік.

– Мира Рахымжанқызы, Сыр елінде тарихи-мәдени мұраға жататын қанша ескерткіш тіркелген, оларды қорғау шаралары қалай жүргізілуде?
– Тарихи-мәдени мұраларды қорғау, сақтау бағытындағы шаралар «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР Заңына және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады. Бүгінде облыс көлемінде 517 тарихи-мәдени мұра объектісі мемлекет қорғауына алынған, олардың 30-ы республикалық, 256-сы жергілікті маңызы бар объекті болса, 231 нысан тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала тізіміне енгізілген.
2013 жылдан бастап осы салаға аса мән беріліп, облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың тапсырмасымен өңіріміздегі ескерткіштердің қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес салынуы, оларды қорғау, күтіп-ұстау мәселесі көтерілді. Өңірімізде алғаш рет Мәдениет және спорт министрлігі жанынан құрылған жұмысшы тобы облыс аумағындағы ескерткіштер қатарындағы мемлекеттік тізімге енгізілмеген, белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін нысандарға сараптамалық жұмыстар жүргізілді. Осының нәтижесінде облыс көлемінде есепке алынбаған 52 нысанның 5-і мемлекет қорғауына алынса, 25 нысанның орны ауыстырылып, 11-і белгі ретінде қалдырылды, 10 нысан жөндеуден өтті. Ал, талапқа сәйкес келмейтін біреуі жойылды. Сонымен қатар, ескерткіштер толық аудан, қала, ауыл, кент әкімдіктерінің теңгеріміне берілді. Аймақта 45 ескерткіштің қорғау аймағы белгіленді. Қорғау аймағы белгіленген 2 ескерткіштің – Қорқыт ата кешені, Сығанақ қалашығы толығымен қоршалды. Бұл жұмыстар кезең-кезеңмен жалғасуда.
Сонымен қатар, мемлекет қорғауына алынған 517 ескерткішке қорғау тақтасын орнату, төлқұжаттар, есеп карточкалары, қорғау міндеттемелерін рәсімдеу, теңгерімге алу жұмыстары толығымен аяқталса, жаңадан салынған ескерткіштерді есепке алу жұмыстары өз ретімен жүргізілуде. Сондай-ақ, облыс көлеміндегі ескерткіштерді есепке алу, жаңадан салу, оларды мәртебесінен айыру мәселелері облыста жаңа ескерткіштерді орнатуды реттеу және тарихи-мәдени мұра объектілерін тарих және мәдениет ескерткіштері деп тану, сондай-ақ, оларды мәртебесінен айыру туралы қорытынды әзірлейтін облыстық комиссияның шешімі негізінде жүзеге асырылады.
– Ескерткіштерді қайта қал­пына келтіру жұмыстарына тоқ­талып кетсеңіз...
– Бүгінгі күні осы салада салмағы басым Қызылорда облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау және пайдалану жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес жұмыс жасайды. Кеңес 2013 жылы облыс әкімі Қ.Көшербаевтың төрағалығымен құрылып, бүгінгі күні облыс көлеміндегі тарих және мәдениет ескерткіштерін қайта қалпына келтіру, зерттеу, қорғау, насихаттау бағытында маңызды шешімдер қабылдап келеді.
Қайта жаңғырту жұмыстары бойынша есепті мерзім ішінде облыс көлемінде 20 ескерткіш қайта жаңғыртудан өтті. Оның ішінде Қорқыт ата ескерткіш кешені, облыстық әскери комиссариаттың шақыру пункті, облыстық тарихи-өлкетану музейі, Қалқай ишан кесенесі, Қалжан ахун мешіт-медресесі, Мырзабай ахун жерлеу кешені, Бауырластар бейіті, Ә.Молдағұлова, Ә.Егізбаев, С.Қожанов, Т.Жүргенов, З.Шүкіров, Ы.Алтынсарин мүсіндері облыстық бюджет есебінен жүргізілсе, А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет орталығы, Саяси-қуғын сүргін құрбандарына арналған ескерткіш қалалық бюджет есебінен, Марал ишан кесенесі Қармақшы аудандық бюджеті есебінен жүргізілді. Сонымен қатар, 2017-2018 жылдары «Туған жерге тағзым» акциясы аясында демеушілік есебінен 4 ескерткіш қайта қалпына келтірілді.
Осы жерде айта кететінім, бізде әлі де, облыс бойынша жедел қайта жаңғыртуды қажет ететін архитектурасы ерекше 11 кесене мен мұнара болса, осындай 62 ескерткіш қайта жаңғырту және консервациялауды қажет етеді. Бұл ескерткіштердің жай-күйіне тарихи-мәдени сараптама жасалған. Осы ретте, кезең-кезеңімен қаржы бөлу мәселесі туындап тұр. Сондықтан қала, аудан, ауыл әкімдіктеріне осы жұмыстарға мән беріп, қаржы көздерін қарастырып, басқармамен бірлесіп жұмыс жасауды ұсынып отырмыз.
– Облыс тұрғындары аймақ­тағы бірқатар көне қала­ларға археологиялық зерттеу жұмыс­тары жүргізілгенінен хабардар. Бұл жұмыстар жалғасын таба ма?
– Әрине, жалғасатын болады. 2013 жылдан бастап ғылыми-әдістемелік кеңестің шешімімен облыстық бюджеттен алғаш рет археологиялық зерттеулерге қаржы қарастырылып, 2014-2018 жылдары бұл жұмыстар ежелгі және ортағасырлық Шірік Рабат, Сығанақ, Жанкент, Жент, Сортөбе, Бәбіш мола, Қышқала қалашықтарына және Аралдың кепкен табанындағы Кердері кесенесіне жүргізілді.
Биылғы жылғы қазба жұмыстары ортағасырлық Сығанақ, Жанкент, Сортөбе, Қышқала және Бәбіш мола қалашықтарында жалғастырылады. Қазіргі уақытта қазба жұмыстарымен ғана шектелмей, аршылған нысандарды сақтау, қалпына келтіру шаралары қоса жүргізіліп, облыстық музей қорына 2327 жәдігер жинақталды. Осы жұмыстардың нәтижесімен келешекте қалашықтарда археологиялық парк қалыптастыруды қолға алуымыз қажет. Өткен жылы ортағасырлық Сығанақ қалашығында қазба жұмыстарымен қатар, толық абаттандыру шаралары жүргізіліп, “SYĠANAQ” стелласы орнатылды. Республикалық бюджет есебінен қайта жаңғырту шаралары атқарылды. Жанкент қалашығында консервациялық жұмыстар жасалды және оған дейінгі жол қайта салынды. Сондай-ақ, Кеңестің шешімімен ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізу мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан «Жібек Жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» сериялық трансшекаралық номинациясы бо­йынша енгізілетін нысандар қайта қаралып, бұл тізімге Сығанақ, Жанкент, Асанас қалашықтары, Жетіасар мәдениеті ескерткіштері және Оқшы ата пантеоны ұсынылды.
– Бұл ескерткіштерді өңір тұрғындары мен қонақтарға таныс­тыру жағы қалай болмақ?
– Ғылыми-әдістемелік кеңестің тарихи ескерткіштер қамтылған өңірдің туристік маршрутын қалып­тастыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасымен бірлесіп жұмыс жасалып, Қызылорда облысы бойынша туристік маршруттар мен соқпақтардың мемлекеттік реестрі бекітілді. Ендігі кезектегі міндетіміз – осы нысандарды мектеп оқушылары мен студенттер арасында насихаттау, туристік нысанға айналдыру бағытындағы шараларды кешенді түрде ұйымдастыру. Осы мақсатта облыстық тарихи-өлкетану музейіне автобус алынып, өңірдің қасиетті орындары – Қорқыт ата ескерткіш кешеніне, Сығанақ, Жанкент, Сортөбе, Қышқала, Қорасан ата, Оқшы ата кесенелеріне экскурсия, пресс-турлар ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарында насихатталуда.
2018 жылы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында қасиетті орындарды сандық форматқа көшіру және олар туралы әлеуметтік желі қолданушыларға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында 150 ескерткіштің 3D форматтағы интерак­тивті картасы қолданысқа енгізіліп, QR-код тақтайшалары орнатылды.
«Облыста тарихи-мәдени мұра­ларды пайдалану мен қорғаудың жай-күйі және оны жақсарту шаралары туралы» мәселесі 19 сәуірде өткен облыстық мәслихаттың кезекті 29 сессиясында қаралып, осы саладағы өзекті мәселелерді шешу және алдағы жылдардағы жұмыстарымызды ай­қындау мақсатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен келісілген «Облыстың тарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау және пайдалану жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған үшжылдық өңірлік Жол картасын» әзірледік. Оған Сығанақ, Жанкент, Сортөбе, Бәбіш мола, Қышқала, Сеңгіртам, Қосасар қалашықтарына археологиялық қазба, Ақмешіт музейі мен Бекетай кесенесін қайта жаң­ғырту, ескерткіштердің қорғау аймағын белгілеу, Сығанақ, Жанкент қалашықтары мен Сауысқандық петроглифтерінің, Жетіасар мәде­ниетінің инфрақұрылымын дамыту енгізілді. Сонымен қатар, қосымша 150 ескерткіштің 3D форматын әзірлеу, республикалық бюджет есе­бінен Сығанақ, Жанкент, Жетіасар қалашықтарын консервациялау және Ғанибай үйі, Қарасопы, Асан ата, Мүлкалан, Құттыбай ескерткіштерін реставрациялау шаралары қамтылды.
– Сұхбатыңызға рахмет!

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
Cұхбат 21 мамыр 2019 г. 611 0