«Бұлтартпас факт – журналистің басты қаруы»

Баспасөз тарихын зерттеу үшін архивтегі қатталған тігінділерді ақтарсаңыз, барлығы көз алдыңызға келеді. Өткен дәуірдің бет-бейнесі, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы, басылымда еңбек еткен жандардың өздері өмір сүрген орта туралы толғаныстары кеңінен көрініс тапқан. Қоғамның барометрлігін атқарған газеттің сарғайған парақтарындағы әр мақала сол күндердің шежіресі іспетті. Сол шежірені жасаған адамдардың арамызда жүріп, ақылын айтқаны жас буын журналистер үшін тәрбие мектебіндей. 

Облыстық, республикалық басылымдарда еңбек еткен Өтеген Жаппархан журналис­тиканың кешегі мен бүгінін салыстырып, ой безбенінен шыққан туындыларын әлі күнге дейін оқырманға ұсынып келеді. «Сыр бойының» 90 жылдығы қарсаңында ардагер журналистпен әңгімелесіп, ақыл-кеңесін тыңдаған едік.

– Өтеген аға, шығармашылыққа жақын адамның бойындағы қабілет бала жас­тан байқала бастайтыны бел­гілі. Оны шыңдап, өмірлік мұ­ра­тына айналдырғандар да, орта жолда тастап кеткендер де бар. Сіздің бойыңыздағы қабі­леттің пайда болуы, оны ұш­тауға ықпал еткен жандар туралы айтып беріңізші...  

– Биыл 90 жылдығы аталатын «Сыр бойы» газетін 1955 жылдан бері, оқушы кезімнен оқып келе жатырмын. Өзім малшының баласымын. Ата-­анам малда болғандықтан, қала іргесіндегі «Коммунизм» колхозындағы №43 мектепте оқыдым. Қазір жасы 95-ке келген Әбжан  Бәйтіков ағайымның үйіндемін. Ол кісі газетті көп оқиды. Өзі мал шаруашылығында қызмет істегендіктен, үйден гөрі түзде көбірек жүреді. Менің журналистикаға келуіме ықпал еткен осы ағам. Үйіне көп газет-журнал жаздырып алады. Аптасына бір мәрте үйге келгенде ел­дегі, облыстағы, аудандағы жаңа­лық­тарды сұрайды. Мен Әбекеңнің сұрағына жауап беру үшін газет-журналдарды түгел оқып, маңыздыларын түртіп қоямын.  Өзі қолы қалт еткенде, қызықты дүние­лердің астын сызып оқиды. «Полк баласы», «Жас гвардия», тағы басқа жа­ңа­дан шыққан  кітаптарды сол кісінің әсерімен қолға алдым. 1953 жылдан бастап «Қазақстан пионері» газетіне мақала жаздым. Сырдария аудандық комсомол комитетінің бірінші секретары Күзек Назханов да көп оқитын адам еді. Мақалаларыма көзі түсіпті. Кейін бағыт-бағдар беріп отыратын болды. Сөйтіп газет жұмысына бейімделдім.

Бір күні Күзекең «сен ауданның жаңалықтарын «Ленин жолына» жазып тұр» деп тапсыр­ма берді. Соның әсері болуы керек, үш-төрт мақаламды алып редакцияға келдім. Ақын Әбдікәрім Оңалбаев  бірді-екісін жариялады. Сондағы қуанышымды айтсаңшы! Кейін сын-сықақ жазуға жігерлендірді. Одан кейін «Қазақстан пионері» газетінің 25 жылдығында Орталық Комсомол комитетінің грамотасын жіберіпті. Қасымбек Ыбыраев ұстазым үлкен жиналыс өткізіп, аудандық комсомол комитетінен келген өкілдің қатысуымен грамотаны тапсырды. Мұның барлығы менің журналистикаға келуіме даңғыл жол ашты. «Лениншіл жасқа» мақалаларым шығып тұратын болды.

– Сол кездегі «Ленин жолы» талай қаламгерге қалам тербеуді үйреткен  мектеп болғанын білеміз. Болатын баланың бетінен қақпай, белін буған кісілер туралы не айтасыз?  

– «Ленин жолына» кел­генімде Әбдікәрім Оңал­баев жақсы қарсы алады. Нәсіредин Сералиев­тің «айналайын» дегені мамандыққа деген қызығу­шылығымды арттырды, бойымдағы ұяңдықты жеңуге көмектесті. Тапсырмасын беріп, кейде жаңа шыққан кітаптарға пікір жаз дейтін. «Кешегі жазғаныңда мынаны қамтымапсың, кемшілігің мынау, тіліңді жөнде» деп ақылын айтады. 

1957 жылы Сырдария аудандық «Коммунизм таңы» газеті үлкейіп, редактор Сыдық Алдабергенов адам жинай бастады. Маған диктовканы үйреткен сол кісі. Мақала жазып отырғанымды көріп «кешке дейін осылай отырамысың? Диктовканы үйрен» дейтін. Алғашқыда диктовкамен айтқан материалымның бірді-екілі тұсын жөндейтін. Кейін әбден машықтандым. Радиода жұмыс істегенде диктовканы меңгергеннің пайдасы көп тиді. Онда жазып отыру қайда?!

Оныншы класқа өтетін жы­лым еді. «Коммунизм та­ңына» мақаламды өткізіп ке­тіп бара жатыр ем, редактор ша­қыр­­ды. «Сен бала әжептәуір төселіп қалдың. Жақсы журналист қылып тәрбиелейік, газетке кел», – деді.  Орта мектепті бі­тір­­мегенімді айттым. «Қазір еңбек өтілінсіз жоғары оқу орнына қабылдамайды. Сені кешкі мектепке тіркетемін. Қа­та­рыңмен бірдей аттестат аласың», – деді. Ақылдасқан адам­дарым шақыр­ған жұмысқа баруыма кеңес берді.

Екі жарым жылдай аудандық газетте жұмыс істеп, партияға өтіп, ҚазГУ-ге оқуға түстім. Университеттің өз басылымына бірден жұмысқа алды. Тәжірибем болғандықтан студенттерге газет жұмысының қыр-сырын үйретем. Шериаздан Елеукенов бар жұмысты маған сеніп тапсырды.

– Университет бі­тір­­­­геннен кейінгі еңбек жолы қалай жалғас­ты? Бұрын тәжірибеде шыңдалған тілші теориялық тұрғыдан қаруланып келген соң тіпті оңай болған шығар?

– Оқуды бітірген соң, обком радиоға жіберді. Ол жерде алтын қорға жеті атасынан жырау Көшеней Рүстембековті, Шәмшат Төлепованы, Алшынбек Сәрсенбаевты жазып алдым.

Іссапарға шыққанда қолымызға «механизаторды, шопанды, парторгты, тағы басқаларды жазып әкел» деген тапсырмамен бар болғаны 3 кассета береді. Соның арасында жырауларды, әншілерді, ескіден қалған жақсы әңгімелерді іздеп жүріп жазып алатынмын.

– Енді «Ленин жолындағы» еңбек еткен жылдар, жауынгер жанр – фельетонды өткірлеуге қосқан үлесіңіз туралы айтып берсеңіз...

– Радиодан облыстық «Ленин жолы» газетіне ауысып, сын-сықақ бетін жүргіздім. Ол кезде газет беттерінде күнделікті өмірде болатын кейбір зиянды, атышулы оқиғалар мен кемшіліктерді осы айдармен, өткір тілмен мінеп жазатын мақалалар басылатын. Темірбек Қожекеев «Әдебиет пен баспасөз тәжірибесінде жамандыққа жаны қас, жақсылықты ғана іздейтін, азулы да айбынды бір жанр бар. Ол – фельетон. Жат мінез, жайсыз қылық, кемшілік-мінді көрсе-ақ айырын ала салып, оны түйрей қояды, жұрт алдына сүйреп шығарып, қағып-сілкіп, масқара етеді» дейді.

Апта сайын берілетін бетке тақырып табу қиын. Кейбіреулерін «Социалистік Қазақстанға» да жіберіп тұрамын. Бірде ауданда қызмет істейтіндердің облыс орталығынан да, барған жағынан да пәтер алғандардың тізімін алып «Қызылордаға барсаң, қос үйің болады» деген фельетон жаздым. Бұл жерде 3 жылдай еңбек еттім.

Бір күні Қалқабай Әбенов қолыма бір беттік материал ұстатып, тез арада іссапарға шығуға тапсырма берді. Материалды оқысам, Қазалы ауданындағы бір мектептің директоры жөндеу жұмыстарының ақшасын талан-таражға салыпты. Пойызға отырып, Қазалыға жеттім. Мұндай арыздарды тексеруде аса сақтық керек. Құзыр­лы органдардан материалдар алып, ауданның бірінші хатшысына кірдім. Бұл мәселе алдағы бюрода қаралғалы жатыр екен. Бірақ мен басшымның тапсырмасымен келген тілшімін. Бұра тартуға болмайды. Дүйсенбі күні жұмысқа келіп «Балық сор­пасы» деген фельетон жаздым. Ертеңіне жарық көрді. Түс ауа обкомға шақырды.

Фельетонға қатысты қарсы ойын айтқан лауазымды тұлға ақырында фактіні қайдан алғанымды сұрады. Қолымда барлық құжат бар. Өзім коммунист­пін. Ақырында «бұл мәселе бұрыннан белгілі. Сіз дайын фактілерді алып жаза қойғансыз. Өз тарапыңыздан шығармашылық ізденіс жоқ» дегенге барды. Ауыр сөздер айтты. Орнымнан атып тұрып «Кешіріңіз, мен – облыстық партия комитеті органының қыз­меткерімін. Мұндай ауыр сөз айтқаныңыз үшін «Фельетон туралы фельетон» деген материал жазамын» дедім.  Біраз уақыт дауласып, кейін түсіністік.

– Фельетон туралы әңгіменің жалғасы болсын, баспасөз тарихында облыстың бірінші басшысы туралы фельетон жазған адамсыз. Бұл көзсіз батырлық па, өзіңізге сенімділік пе?

–  «Социалистік Қазақстан» газетінің Жезқазған облысындағы меншікті тілшісі кезім. Өндірісті, қазақшадан гөрі орысшасы басым аймақта бірталай қиындықтар болды. Партияның қылышынан қан тамып тұрған кезінде бірінші хатшы туралы фельетон жазу дегенді түсінесің бе, шырағым? Бұл ең бас­тысы – бас редактор Балғабек Қыдыр­бекұлының батылдығы. Ол кісі хабарласып «осыдан 19 жыл бұрын Жезқазғанда литей зауытының іргетасы қаланған еді. Обкомның қазіргі бірінші хатшысы сол кезде қалалық комитеттің бірінші хатшысы ретінде басы-қасында болған екен. Кейін Қарағандыда, Шым­кентте қызмет істеді де, айналып, Жезқазғанға бірінші болып барды. Іргетас әлі жатыр, сол туралы фельетон жаз» деді. «Бірінші хатшыны сынаған қалай болар екен?» деген күдігімді айтып ем, «бас редактор – мен! Мен саған тапсырма беріп тұрмын!» деп қысқа қайырды. Ертесіне фельетонды диктовкамен жібердім. Жан-жақтан хабарласқандар «бала, байқасай» деді.  Қоғамда үлкен резонанс туғызған  оқиға болды. Мені де жан-жағымнан тексерді. Қорқатын ештеңем жоқ, бастысы – қолымда бұлтпартпас факт бар.

Жезқазғанда 14 жыл қызмет етіп, тоқсаныншы жылдары облыс тарағасын, Қызылорда облысына меншікті тілші етіп жіберді. Зейнетке сол жерден шықтым. Жалпы менің ұғымымдағы журналист сын жаза білу керек. Сынның бұлтартпас фактісі болса, жазған адам күймейді.

–       Әңгімеңізге рахмет. 

Әңгімелескен

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

Cұхбат 01 маусым 2019 г. 146 0