Кәсіпке қажет үш қадам

 Кәсіпкер болғысы келетіндер көп болғанмен, кәсіп бастау оңай емес. Ынта болғанмен істің көзін таба алмайтындар бар. Енді бірі бизнес бастаудың жолын іздеп ұзақ жүріп қалады. Оқырмандар жиі қоятын осы сауалға орай «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы, Кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бөлімінің сарапшысы Әсел Алушаева кәсіпті бастаудың жолын көрсетіп, кеңес берді.

Бірінші қадам – оқу

Кәсіпке қадам оқудан басталады. Кәсіпкерлік әліп­песін үйрететін оқудың екі түрі бар. Бірі – «Бизнес - кеңесші», екіншісі – «Бастау» оқу курсы. «Бизнес-кеңесші» кәсіппен айналысқысы келгендерге және кәсіпкерлерге арналған, ал «Бастау» оқу курсы тек жұмыссыз азаматтарды оқытуға бағытталған.

«Бизнес-кеңесші» – екі күндік курс. Биылғы жаңалық – онлайн оқытыла бастағаны.  Ол үшін кәсіпкерлерге ар­налған «Atameken services» порталына тіркеліп, оқуға болады. Мұнан соң «Кәсіп­керлерге қызмет көрсету орталығындағы» онлайн тестен өткен жағдайда курсты оқығаны жөнінде сертификат беріледі.

Ал жұмыссыздарға ар­налған «Бастау» курс мерзімі – 1 ай. Курсқа қатысушылар әуелі тест тапсырады. Бизнес тренер бір ай бойы курсқа қатысушыларды бизнес бастауға даярлап, идея­ларды талқылап, бизнес жоспарды бірге жасап, кәсіпке бейімдейді. Айта кететіні, курсқа қатысушыларға сти­пендия төленетіндігі. Курс аяқ­талған соң қатысу­шы­лар­дың әрқайсысы өзінің бизнес жоспарын арнайы комиссия алдында қорғап, сертификат алады. Қысқасы, курс­тан өту арқылы кәсіпкерлікке ал­ғашқы қадам жасалды деуге болады.

Екінші қадам –

идеяны жүзеге асыру

«Бастау» бағдарламасын оқығандар үшін 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз қаржы та­ғайындалған. Өткен жылы қайтарымсыз қаржы облыс бойынша 405 адамға, биыл 820 адамға берілген. Яғни, бизнес идеясы озықтар грант ұтып алып, шағын кәсібін бастауға мүмкіндік алады.

Мұнан бөлек, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдар­ламасы бойынша инно­вация­лық идеяларды жүзеге асыруға 3 млн теңгеге дейін грант беріледі. Бұл грантқа қатысу үшін жұмысы бар немесе жұмыссыз екендігі маңызды емес. Ең бастысы – өзгеден ерек идея және «Бизнес-кеңесшіні» оқығандығын растайтын сертификат болуы тиіс. Әсіресе, қалалықтардан тың жоба талап етілсе, ал аудан көлемінде мұндай шектеу жоқ. Ең бастысы, сұранысқа ие болуы тиіс.

Үшінші қадам –

жеңілдетілген несие алу

Кәсіпті дамыту үшін жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік бар. Мәселен, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы аясында 5 жыл мерзімге 20 млн теңгеге дейін 6 процентпен несие беріледі. Бұл несие сауда-саттықтан өзге кәсіп түрін дамытуға арналған. Бұл несиелерді өңірлік инвес­тициялық орталығы, «Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау» қоры және екінші деңгейлі банктер арқылы рәсімдеуге болады. Несие рәсімдеуде міндетті түрде кепілдік зат болуы қажет.

Әрине, кәсіпкерлікті қол­дау мұнымен шектелмейді. Кәсіпкерлер үйінде кәсіппен айналысамын немесе кәсібін дамытамын дегендер үшін мамандар зыр жүгіріп, бірі құжатын реттеп, енді бірі есеп-қисабына көмектесіп жат­қанын көзбен көріп, қуанып қайттық.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

Cұхбат 15 маусым 2019 г. 781 0