ҚИЫНДЫҚТЫ ЖІГЕР ЖЕҢЕДІ

«Қоғам» деген құндылыққа селт етіп, сезім білдірмейтін бәзбір жандар барын жасыра алмаймыз. Бұл  ұғымды жай ғана сөз деп қабылдап, астарында санқилы тағдыр жатқанын және қаперге ілмейміз. Десе де, күпті көңілді сабырға жеңдіретін, тағдырына тіке тұрып табандылық танытатын жігерлі жандарды көргенде талай ой жетегіне алатыны жасырын емес. Нұрсұлтан Тәжиев – ел артқан сенімді ақтайтын жастың бірі. «Қарекет қыл, пайдасы көпке тисін» деген ұстанымды жоғары қояды екен.

– Нұрсұлтан, қалада алғашқылардың бірі болып «ИнваСТО» мүгедектер арбасын жөндеу орнын аштыңыз. Ерекше идея қайдан туды?

– Мұндай орталық Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларынан ашылып жатты. Содан «Осыны біздің өңірде неге іске қоспасқа?!» деген ой келді. Қиындыққа тап келген адамға қол ұшын созу үлкен күш береді. Әліби Жолдасов, Данияр Жаппарберген, Еламан Нұрғали секілді достарым да дер кезінде қолдау танытты, бірлесіп жұмыс істеуге келістік. «Өзіңе сене баста» атты мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлердің облыстық көрме-байқауында бақ сынадық. Облыстық кәсіпкерлер палатасына, үлкен мүмкіндіктер сыйлайтын «Zhas project» бағдарламасына жоба ұсынып, грант қаражатын иелендік. Соның нәтижесінде ойға алған іс оңға басты. Қазір мүгедектігі бар кісілер не қолданады, соның барлығын жөндеумен айналысамыз. Жуырда «ДОС» Тәуелсіз өмір» орталығы LDS Charities халықаралық қайырымдылық ұйымының Астана қаласында ұйымдастырған тренингіне қатысып келдім. Тренингте арбаларды тек құрастырып қоймай, дұрыс өлшем алып, бөлшектерін орналастыруды үйрендім. Алдағы уақытта Вильям Эйблс секілді шетелдік мамандардың тың тәжірибесін қажетке жаратуға асықпын.

– Жұмыс процессімен бөліссеңіз. Келушілер көп пе?

– Біз жайлы енді-енді естіп-біліп жатқан адамдар бар. Келушілер аз емес. Арбаның зақымдануына қарай қызмет көрсетіледі. Арбаның бұзылуы көбіне ауа райына, сосын әр адамның қолдана білуіне байланысты. Ол да велосипед секілді, мойынтірегін жиі майлап тұру керек. Ерекше күтімді қажет етеді. Жөндеген кезде жаңа арбаның құны шықпайды, бағалар қолжетімді.

– Бөлшектерді қайдан алдырасыздар?

– Ресей мен Қытайдан. Әзірге сатылымда отандық бөлшектер жоқ. Тек арба ғана құрастырылған. Мамандар болашақта өзіміздің ауа-райына, жолға шыдас беретін арбалар пайдаланылатынын айтады. Өйткені, бізде пластмасса тез сынады. Сол себептен де тұтынушылар оны айына 2-3 рет жөндетуге мәжбүр. Негізінен, германдық «Мэйра» компаниясы шығаратын арбалар өте мықты. Бірақ, оны сатып алуға кез келгеннің қалтасы көтермейді.

– Арбаны қолданғанда ескеру керек дүниелерді айтыңызшы... 

– Кей кезде арбаның алдын көтеру керек болады. Оны көтергенде бірінші алдыңғы дөңгелек толықтай жоғарыға түсті ме, соны байқау қажет. Дөңгелекті көтеруге арт жақтан біреу көмектессе, алдыңғы дөңгелектің толықтай жоғарыда тұрғанына көз жеткізген жөн. Кейбір кісілер арбаны бірден көтереді де алдыңғы дөңгелек жоғары көтеріліп үлгермейді, үстіндегі кісі құлап қалады. Ал ол оқыс жағдайға әкелуі мүмкін.

– Кәсіптен бөлек, оңаша қалғанда қандай ойлар мазалайды?

– Бізде өзін қоғамнан алшақтатып, «Мүмкіндігім шектеулі» деп үйінен де шығуға қысылатын жастар бар. Солардың барлығы өмірден өз орнын тапқанын қалаймын. Олар тағдырдың жазуына кінәлі емес екенін түсініп, алға ұмтылса деймін. Берілетін мүмкіндіктерден құр қалмай, кәсіп бастап, нәсібін тапқанның өзі – қайыспағанның белгісі. Ерік-жігері мұқалмаған адам қиындықты да жеңе алады. Мұндай жандарға қолдау керек, қара басыңның ғана қамын ойламай, бір сәт өзгенің де жан дүниесіне үңілу маңызды.

 Әңгімелескеніңізге рақмет! Табысты болыңыз!

 

Әңгімелескен:

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,

«Сыр бойы».

Cұхбат 23 мамыр 2019 г. 585 0