Органикалық егіншілік – уақыт талабы

Химиялық жолмен өндірілген өнімнен табиғи өнімнің артықшылығы айтпаса да түсінікті. Демек, табиғи өнімге деген сұраныс кемімейді. Келешекте де елімізде органикалық егіншілік басымдылыққа ие бола бермек. Осы орайда Сыр өңірінде қандай шаралар қабылданып жатқаны туралы Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымы, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Хасый Жамантіковпен әңгімелескен болатынбыз.

– Хасый Жамантікұлы, ең бірінші органикалық егіншілікке қатысты түсінік беріп өтсеңіз...

– Органикалық егіншілік деге­німіз – топырақ құнарлылы­ғы­­­ның сапасы мен мөлшерінің жер­­­гі­лікті климаттың небір құ­бы­лысына шынығып, тұрақты қа­лып­­тасуы арқылы оны түрлі өзге­­рістерге қарсылық жасайтын жағ­дайға жеткізетін жаңа жүйе. Топырақ құнарының құралуына себепші жақсы жағдайда өскен өсімдік қалдықтары мен оның жер астындағы тамырлар жүйесі екенін түсінсек, осы органикалық заттардан топырақ шіріндісі құралатынын, оларды микроағзалар (бактериялар) тіршілік қорына айналдыратынын біліп-түсіну қиын емес. Бактерия­лар қорегінен өткен шірінділер бұ­зылмайтын тіршілік тірегі – гумус болатынын ғылым дәлелдеген ұғымды диқан қауымы саналы қабылдаған жөн.

Құнарлылық қоры – гумус күр­делі қосылысты, тіршіліктің бар болмысына энергия беретін тұрақты толық зарядталған аккумулятор десек, жаңыла қоймаспыз. Гумус энергия көзі ретінде жылда толықтырып тұрғаны дұрыс. Құнарлылық құры­лымы органикалық және минералды заттар қосылысынан тұрады. Осы қосылыстардың байланысын нығайтатын және толықтыратын топырақтағы пайдалы әрі белсенді зат – бактериялар. Бактериялардың белсенді тіршілігінен кешенді орга­никалық-минералдық өнімдер туындайды. Осыдан құнарлылықтың сапасы мен мөлшерін құрауда микроағзалардың үлесі зор екенін білеміз. Микроағзалар тіршілігінің белсенділігі мен өміршеңдігі топы­рақ құрамындағы минералдық және органикалық заттардың қорына байланысты. Қазіргі топырақта орга­никалық заттар керекті мөлшерден аз екендігін оның құрамындағы гумустық заттардың мөлшерінен білуге болады. Біздің батпақты-шалғынды топырақта гумустық заттар бастапқы 1,5-2% мөлшерінен 0,5-1%-ке төмендеген. Ал, Ресей топырағында гумус мөлшері 8-10% деңгейінде.

Сонымен, органикалық егіншілік дегеніміз – егіншіліктің табиғи құ­рылым жолына бағытталған жаңа жүйе. Ал, топырақтың табиғи жолы ұзақ уақытты қамтиды. Қазіргі біз­дің тіршілік өте жылдам екені белгілі. Жетіспеген органикалық зат болса, оны компост (органикалық тыңайтқыш) түрімен толықтыруға болады. Себебі, көбінесе ауыспалы егіс дақылдарының қалдығы то­­пы­рақ құрамын жеткілікті мөл­шер­де толықтыра алмай отыр. Ор­га­никалық заттар қоры (жоңышқа тамырлары) бактериялар арқылы тез қорытылатындықтан, топырақты гумустық заттармен қана­ғаттанды­ра алмайды. Ол кемістікті компост­пен жабуға болатынын Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруа­шы­лығы ғылыми-зерттеу инс­титуты ғы­лыми жұмыстарымен, патентті жетістіктерімен кезінде дәлелдеді.

– Дәстүрлі егіншілік жүйе­сі өзгертілмей қала берсе, топырақ­тың батпақтану кезіне тірелетіні рас па?

– Органикалық егіншілік жүйесі біртіндеп табиғи жолмен жасалады. Ол үшін біраз жұмыс атқарылуы керек. Тіршілігі мол топырақ деп топырақтың үдемелі белсенділігін айтады. Белсенділікті бактериялар жасайды. Топырақта да кір жуғыш мәшиненің басты элементтерін қақ басып, істен шығатындай жағдай туындайды. Қақ басу, иістену – борсу топырақта да болады. Бұл – топырақтың батпақтану кезінде болатын процесс. Ол жағдайды қалпына келтіру топырақ болмысында тез жүрмейді. Оған уақыт керек. Оны өтпелі кезеңде қалпына келтіреді.

Біз 40 жылдан астам егіске сапасыз тыңайтқыш бердік. Неге сапасыз? Себебі, оның құрамында ауыр металдар қоспасы көп орын алды. Ауыр металдар қоры топырақ құрамында өте көп жиналса, олар өсімдікті улайды. Микроорганизм­дер бұндай ортада тіршілігін мүл­дем тоқтатады. Микроорганизмдер топырақта көп болса, ауыр металдарды қорытып, пайдалы элементтерге ыдыратар еді.

Ал, екінші зиянды фактор – тұздылық. Күріш егілген топы­рақ­та тұз қатар түзілетіні заңдылық. Оның мөлшері шамадан асса, зиян­­дылығы да артады. Ауыр ме­тал­дар топырақты белсенді тірші­лігінен айырады. Тұздар өсімдікті өндірмейді, сиретеді, өсірмейді. Се­бебі, ол өсімдіктер тамырына қо­ректік элементтерді дер кезінде бергізбейді, өсу ортасын сіл­ті­лендіріп улайды. Ауыр металдар мен тұздарды бейтараптасақ, жер жағдайы жақсарады. Топырақ қай­тадан тірі денеге айналады, өсім­діктің өсуіне оңтайлы жағдай жасалады.

Өтпелі кезеңде өңделетін то­пырақ қабатын ауыр металдар мен тұздылықтан тазартамыз не бейтараптандырамыз. Сонда топырақ жоспарлы өнім алуға бетбұрыс жа­сайды. Жоспарлы тұрақты өнім органикалық егіншілік талабы орындалғанда және топырақ белсенділігі қалпына келгенде, яғни органикалық егіншілікке көшкен кезде болатынын және ол жаңа жүйеге көшкеннен кейін туындайтынын санаға терең сіңірген дұрыс.

– Ал  өтпелі кезең қалай орындалады?

– Диқан қауымына белгілі мәліметтерге сүйенсек, топырақта өсімдік қалың өсіп, жылда топырақ қабатында мол тамыр жиынтығын және өсімдік қалдығын қалдырса, олар біртіндеп шіріп, қара шіріндіге айналады. Ал, органикалық заттар аз болса, топырақ шіріндіге кедейленеді. Шіріндінің аздығы топырақтың құралу заңдылығына қайшылық туғызады. Яғни, топырақ тіршілігі нашарлайды. Біз қазір осындай топырақ жағдайына куә болып жүрміз. Топырақ құрамында  органикалық заттар мөлшері кемісе, оны компостпен толықтырсақ, то­пырақ белсенділігі қайтадан артады. Компосты жасау әдісі туралы бірнеше патентіміз бар. Компостпен ғылыми жұмыс 2001-2017 жылдары орындалды. Топырақтың құнарлылығын және белсенділігін тұрақты деңгейде ұстау үшін гектарына 15-30 тонна компост керек екені дәлелденді. Компост био­логиялық технология жолымен жасалады. Күріш сабаны мен қауызын бактериялық ашытқылар арқылы белгілі деңгейде шірітеміз.

Өтпелі кезең 5-7-10 жылға созылады және шаруашылыққа ауырт­палығы жоқ және шығыны өзімен өтелетін технологиямен орындалады. Себебі, жылда жерге компосты 2,5-5 тонна мөлшермен бергенде шыққан өнім  шығынды жауып, гектарына 18000 теңгеден астам пайда келтіретіні дәлелденген. Өтпелі кезең жылы кеміген сайын, пайда өсіп ауылдың әлеуеттік жағдайы жақсарып, арта түседі. Органикалық жүйенің ерекшілігі осы.

Өтпелі кезеңдегі жұмыстар негі­зінде ауыспалы егіс топырағы құнар­лылығының сапасы да жақсарады. Топыраққа сіңіп, оның құрамын жақсартушы органикалық заттар суды, тыңайтқыш ерітінділерін бойы­на көптеп ұстайды. Суды үнем­дейді және тыңайтқыштың тиім­ділігін арттырады. Міне, осылай күріштің жоғары өнімі гектарына 65-70 центнер деңгейінде, тек органикалық егіншілік жүйесінде ғана тұрақталады. Ресейге жетерміз, жетпеспіз. Ол әзірге мақсат емес! Себебі, біздің топырақ өңірі басқа жағдайда қалыптасады. Біз шөлейт белдеуіндеміз, Ресей қоңыржай климат белдеуінде. Дегенмен, өнім гектарына 65-70 центнерден тұрақты болып, сапасы жоғары болса, бізге осының өзі үлкен меже! Өнімді алдымен осы деңгейге жет­кізіп алайық, басқасын содан кейін көрерміз. Сонымен, орга­никалық егіншілікке көшкен кез­дегі бас­ты көздеген мақсат, ол топы­рақ құ­рамындағы органикалық зат­тардың мөлшері жергілікті кли­матқа сәйкес жылма-жыл жиналып, жалпы оның құнарлылығының мөл­шері тұ­рақ­ты қалыптасуында. Сонда егіс то­пырағының жаратылысы то­лық­қанды болмысына толық жетеді.

– Басты дақылымыз – күріш өсірудегі ерекшеліктер қандай?

– Қандай топырақ түрі де күріш өсіргеннен кейін, табиғи болмысын күрт өзгертеді. Себебі, топырақтың химиялық, физикалық, биологиялық қасиеттері деградация құбылысына ұшырайды. Топырақтың қай түрі болмасын олар күріштік топыраққа айналады. Топырақтандырудың қа­сиеттерін өзгертетін күш күріш өсі­ру технологиясындағы су факторы және оның режимі, тағы басқалар.

Су күшті реагент ретінде, та­биғи топырақтағы бұрын-соңды қа­­лыптастырылған құнарлылық қа­сиеттерін кемітетінін күнделікті тіршілікте көріп, біліп, сезініп жүр­­міз. Оны түзейтін жол – тек ор­га­никалық егіншілік жүйе­сі. Ор­га­никалық егіншілік кезінде то­пырақ жаратылысының қалып­тасуы та­би­ғи бағыттағы жолға түсе­тін­діктен, құнарлықтың, өнім­нің, оның сапасының көрсет­кіш­тері жо­­ғары деңгейде құралып тұрақ­талады. Топырақ болмысына жетік тұрақтанбайынша деградация (ыдырау) белсенділігі кемімейді және ол реттеуге көнбейді. Өнім­нің дәстүрлі егіншілікте де тұрақ­талмайтыны сондықтан деп түсінген дұрыс.

Жерді ғылыми жетістіктер ар­қылы игере білсек, оны табиғи бол­мысына жеткізсек, Жер-Ана нарықтық экономиканың құйтырқы жағдайына да төтеп беріп, соны табыс әкелетіні сөзсіз. Оның дара жолын қазақстандық «Жасыл экономика» стратегиясы дәлелдеп отыр. Таза биологиялық әдістің химиялық әдіспен салыстырғанда қоршаған орта мен адам денсаулығына зияны өте аз болатынын түсінгеніміз абзал.

– Рахмет!

Әңгімелескен

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

Cұхбат 04 шілде 2019 г. 321 0