А.Тоғызбаев: «Дәрігер еңбегі өз дәрежесінде бағалануы керек»

Балалық арманы атақты математик болуға жетелеген Асылбек Тоғызбаевты өмір арнасы мүлдем басқа салаға бұрып жіберді. Оған өмірден ерте өткен әкесі мен науқас анасының жағдайы ауыр тиді. Сол уақытта арқасүйер ағасы бір сәтте : «Сен болашақта дәрігер болуың керек!» деп, айқын бағыт-бағдар берді. Міне, сол уақыттан бері бүкіл саналы ғұмырын адамның басты байлығын сақтауға арнаған, алтын қолды дәрігер, мықты ұйымдастырушы, білікті басшы, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы Асылбек Тоқмырзаұлы бүгінде жетпістің желкеніне шығып отыр. Газет тілшісімен болған сұхбатта медицина саласының майталманы өзінің өмірден түйгенін тереңінен тарқатып, сыр ақтарып, емен-жарқын әңгіме де айтты.


– Асылбек Тоқмырзаұлы, сіз­дің басшылық қызметіңіздің ал­ғаш­­қы уақыты 90-жылдардағы то­қы­рау кезеңдерімен тұспа-тұс келді. Мұндай өтпелі кезеңде дәрігерлерге айлық тауып берудің өзі қиын іс болғанын сіз жақсы білесіз. Сол жылдар есіңізге түскенде қандай сезімде боласыз?

– 1990 жылы Жаңақорған аудандық орталық ауруханасының  бас дәрі­гері қызметіне тағайындалдым. Ол кез­дегі аурухана ғимараты да, халық денсаулығын сақтаудағы жұмыс та сын көтермейтін жағдайда еді. Аурухана 1961 жылы тұрғызыл­ған­нан жөндеу көрмеген, су жоқ, әжет­хана далада, тамақты даладағы қа­занға әзірлейді, кірді қазанға қай­натып жуады екен, жылу, су жүйесі шіріп, толық істен шыққан. Емхана орталық дәріхананың бір бөлігінде және қамыстан тұрғызылған екіқабат­ты үйде балалар мен ересек­терді аралас қабылдап келген. Орталық аурухана бюджеті басқа аудандармен салыстырғанда өте төмен, жедел-жәрдем көліктері тозған. Айта берсек, мәселе шаш етектен. Облыста ең өзекті мәселе ана-мен бала өлімі болатын. Біздің негізгі жұмысымыз осы екі көрсеткішке тығыз байланысты. Ал Жаңақорған ауданы бала туу көрсеткіші бойынша өте жоғары, сондықтан туу бөлімі кеңейтіліп, бі­рін­ші қабатқа орналастырылды. Ау­­ру­ханадағы ең үлкен күрделі мә­селе, ол – реанимация бөлімінің жоқ­тығы, анестезиолог маманының жетіспеуі еді. Арнайы маман облыстық ауруханадан шақыртылады. Сол себепті, бір дәрігердің біліктілігін арттыру үшін оқуға жіберіп, анестезиолог-реаниматолог маман дайындадық. Балалар арасында инфекцияның өршіп тұрған кезі. Ол уақытта аудан бойынша балалар өлімі өте жоғары деңгейде 50-60 промильді құрады. Осы себепті біз күрделі жөндеуді инфекция бөлімінен бастадық. Айналдырған 15 күннің ішінде бөлімшені дайын­дап, іске қостық. Сыйластығым жарас­қан адамдардан көмек сұраудан ұял­мадым. Соның арқасында гидро-гео­логиялық экспедиция мамандары біз­дің аурухана ғимаратының астында жерас­ты судың қоймасы барын айтып, бұрғылау жұмыстарына кірісті. Бір аптада 280 метр тереңдіктен тұщы су шығарып берді. Су тартатын құрылғы мен су мұнарасын орнатып, 10 күн ішінде бізді суға қарық қылды. 1990-1995 жылдар аралығында атқарылған тірліктерді тізбелеп шығу мүмкін емес. Ауқымды шаралар нәтижесінде нәрестелердің шетінеуі екі есеге тө­мендеді. Осы уақыт аралығында бір­де-бір ана өлімі тіркелген жоқ. Хи­­рур­гиялық белсенділік артты. Мамандығымыз орта дәрежедегі оталарды облыс орталығына жібермей өз күшімен жасайтын дәрежеге жетті.

– Ал қазір ХХI ғасырда медицина көз ілеспес жылдамдықпен да­муда. Елімізде бұл салада бүгінге дейін аз реформа жүргізілген жоқ. Бү­гінде осы саладағы жа­ңалықтарға көзқарасыңыз қандай?

– Еліміз егемендігін алғалы бері 5-6 реформа өтуде. Қазіргі жасалып жатқан реформа да кезектілердің бірі деп есептеймін. Әрине, әр рефор­маның өзінің ерекшеліктері бар. Бү­гін­де жүрекке, бауырға ота жасау, адам ағзаларын алмастыру, жоғары дәрежеде көмек көрсету мәселе­лерінде қазіргі реформаның артық­шы­лықтары көп. Бірақ осыған біздің мамандарымыздың дайындығы қан­дай? Олар бүгінгі реформаларға ілесе ала ма? Әңгіме осында. Реформа, ең алдымен, халыққа жасалатын көмек болғаннан кейін, халық оған дайын болуы керек. Екіншіден, оның мамандары сақадай сай болғаны жөн. Үшіншіден, материалдық-техникалық базасы  сәйкес болуы тиіс. Дегенмен,  ілгерілеушілік бар. Қазір кейбір мемлекеттер ішкі жалпы өнімнің 10-15 пайызын медицина саласына бөледі. Ал бізде оның көрсеткіші аздау. 

– Асылбек аға, сіздің есіміңізді атағанда Қызылорда қалалық ауруханасы тарихынан бөліп қарай алмаймыз. Тоғызбаев десе, қалалық аурухана, қалалық аурухана десек, Тоғызбаевтың  қатар аталуы заң­дылық секілді. Сауалым осы қа­лалық аурухананың қайта құру ке­­зеңдеріне ауыспақ. Кезінде құны тиынға бағаланған қалалық ауру­ха­­наның қайта қалпына келті­рі­луіне бірден-бір үлес қосқан жан өзіңіз екенін білеміз. Біздің оқыр­ман­дарымызға  болған жайды әңгі­мелеп берсеңіз...

– Иә, өзің білетіндей, кезінде қала­лық аурухана болмашы ақшаға сатылып кетті. Одан кейін талай реформалар болды. Жеке меншікте тұрған аурухана жұмысы тұралады. Уақытысында 600-650 төсектік аурухана 95 орынға дейін құлдырай бастады. Барлық ма­мандар жан-жақ­қа кетіп қалды. Бі­реулері Алматы, Астана сияқты үлкен қалаларға жұмыс іздеп сабылса, ендігілері базар жағалап кеткені рас. Құрал-жаб­дық­тары ескірген. Міне, осындай жағдайда мен аурухананы қабыл­дадым. Мен қабылдағанда ауруханаға 30 жыл болған екен. Аурухана ішін аралағанда көңілім құлазып кетті, бәрі азып-тозған. Электр желісі, су жүйесі, ішкі жылу жүйесі  қиын жағдайда тұрған еді. Оның үстіне бұл мекемені мемлекетке қайтып алған кезде  техникалық жабдықтау бөлімі, кір жуатын жері, жылу қазандығы, артындағы екі инфекциялық ғимараты да жеке адамдарға сатылып кеткен. Біздерге жан-жақты жұмыс жасауға тура келді. Алдымен материалдық-техникалық базаны жақсартып, заманауи құрылғылар алу керек болды. Жаңадан автономды қазандық алынып, ол «көгілдір отынға» қосылды. Сол уақыттары жарықтың көп сөнетін кезі еді. Ол мәселені шешу үшін де ав­тономды электр станциясын алып, оны іске қостық. Кәріз жүйесін де толығымен ауыстыруға тура келді. Осындай жұмыстармен қатар медици­налық құрылғыларды жаңарту мәсе­лесін де қолға алдық. Атап айтқанда, эндовидеохирургиялық лопароскоп, ангиографиялық-рентгенологиялық аппарат, гистерескоп, заманауи ота жасайтын үстелдер, наркоз беретін және оттегімен демалатын аппараттар, компьютерлік томограф, медбике мен науқастарды байланыстыратын электрондық байланыс құралы алынып, оттегімен қамтамасыз ету ор­талықтандырылды. Қазіргі таңда қалалық ауруханада травматология, хирургия және гинекология саласы бойынша жоғары мамандандырылған оталар жасалуда. Кезінде жан-жақ­қа кетіп қалған дәрігерлерді қай­тадан жұмысқа шақырдық, жас маман­дар­ды қабылдадық. Олардың бі­лік­­­тілігін арттыруға күш салдық. Со­ның арқасында қаладағы бірден-бір ха­лыққа сапалы қызмет көрсетіп отыр­­ған ауруханалардың қатарына қо­сылды. Мұның бәріне, әрине, көп қайрат-жігерімізді сарп еттік, қан­шама маңдай тер төктік деп нық се­німмен айта аламын.

– ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орта­лықтың бас дәрігері қызметін де ат­қардыңыз. Сіздің қызметіңіз респуб­ли­када  ЖИТС жұқпасының белең алу кезеңіне сәйкес келді. Менің бай­­қауымша, қай салада көп мәсе­ле бар, сол жерде сіз жүрген сияқ­тысыз...

– Дұрыс айтасыз, маған отызжыл­дық тарихы бар, ешқандай күрделі жөндеу жұмыстарын көрмеген, тұ­ралап қалған мекемелерге басшы бо­лу бұйырды. Алайда мен осындай күрмеуі қиын мәселелерді шешкенді жақсы көретінмін. Мен үшін шешімі жоқ мәселе болмайтын. Бұл бала кезімдегі математик боламын деген арманымды жүзеге асырғандай сезім тудыратын. Себебі, қандай қиын теңдеу болсын, оның шешуі болады. Сол тәрізді біліктілікпен басқара білген адам қандай істің де қиюын қиыстыра алады. Орталық ашылғанда штаттық кесте бар болғаны 20 бірліктен тұр­ды. Кейін оның санын үш есеге арт­тырдық. Мұнда эпидемиологиялық және зертханалық бақылау жұмыс­та­рына баса назар аудардық. Медици­налық кадрлар біліктілігін арттыру жұмыстарына да айрықша көңіл бөлініп, облыста 6 дәрігер Мәскеу, Санк-Петербург қалаларындағы, Польша мемлекетінің Краков қаласындағы базаларда білімдерін көтерді. 2001-2005 жылдар аралығында Қызылорда қаласында мінез-құлқы қатерлі топ өкілдері арасында профилактикалық жұмыс жасауға бағытталған «Сенім пункттері», «Достық кабинеті» ашылып, игілікті шаралар атқарылды. Ауылдық елді мекендерде ЖИТС инфекциясын диагностикалау жұмыс­тарымен қамтамасыз ету мақсатында 2004 жылы Қазалы, Шиеліде орталық филаилы, 2008 жылы Арал, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Жаңақорған аудандарында және қаладағы барлық емханаларда психо-әлеуметтік кабинеттер ашылды. Облыстық әкімдік жанынан ЖИТС-тың алдын алу жө­ніндегі үйлестіру кеңесі құрылды. Сол уақыттары  ЖИТС орталығы «ЮНИСЕФ», «Сорос-Қазақстан», «ЖИТС, туберкулез, безгекке қарсы күрес жөніндегі», халықаралық қорлар грантын жеңіп алып, халықтың мінез-құлқы қатерлі топ өкілдері арасында «Зиян­дылықты сейілту», жастар мен жасөспірімдер арасында «Жастар сауаттылығы» бағдарламалары жүзеге асырылды. Облыста індеттік ахуалды тұрақтандыру мақсатында жасалған шаралар өз шешімін тапты.

– Облыстың денсаулық сақтау саласының одан әрі дамуына қосқан қомақты үлесіңізді ел бағалап, сізді 2012 жылы облыстық мәс­лихатқа депутат етіп сайлады. Сіздің мамандығыңыз дәрігер болғандықтан, денсаулық сақтау саласына бүйрегіңіз бұрған болар. Дәрігер депутат ретінде денсаулық саласындағы қандай мәселенің ше­шімін табуға ықпал еттіңіз?

– Әрине, дәрігер болғандықтан, ден­саулық саласына көп көңіл бөлгенім рас. Депутаттардың ұсынысымен «2013-2015 жылдарға арналған ден­­саулық сақтаудың жол картасы» қабылданды. Бұл жол картасы арқылы денсаулық саласын түгелдей қар­жыландыруға мүмкіндік жасалды. Қандай да бір ауру түрлері болсын, ана мен бала денсаулығы, барлығы дерлік қамтылды. Сондай-ақ, ауылдық жерлерде жабылып қалған ауруханалар түгелімен қайтадан ашылып, елге қызмет етті. Барлығы 13 аурухана қайтадан ел денсаулығын жақсартуға қызмет жасады. Халық денсаулығын жақсартуға бағытталған жол картасын жасауға депутат ретінде бастан-аяқ қатыстым деп айта аламын. Сонымен бірге Белкөл, Тасбөгет кенттерінің абаттануына, су-кәріз жүйесі, газ тарту, жол құрылысы мәселелерінің оң шешілуіне үлес қостым.

– Қазіргі жас дәрігерлердің білім сапасы мен қызметтегі этикасына көңіліңіз тола ма? 

– Жас дәрігерлердің білім сапасы институтта алған негізгі біліміне байланысты. Үлкен мамандық иесі болуға даярлаудың дәрежесі  төмен түсіп кетті. Ауруханаға алған жас мамандарды қайтадан оқытып, қайтадан білімін жетілдіріп, мамандыққа дайындауға тура келеді. Бізге келіп жатқан маман­дардың ынтасы мен құштарлығы жо­ғары. Мені осы қуантады. Меди­цина қызметкерлерінің арасында эти­ка мәселесі көңіл көншітпейтіні рас. Мәселен, түсіп жатқан арыз-ша­ғым­дардың көбі – дәрігерлердің ауру­ды дұрыс қабылдау, алдына келіп отырған адамға деген жанашыр­лық­пен қарап, жылы сөйлеу сияқты қара­пайым қағидаларды ұмыт қалдырудың себебінен болып жатады. Бұрынғы кезде деонтологияға, этикаға қатты көңіл бөлінетін. Жастар біздің бола­ша­ғымыз. Бүгінгі жастар өзінің ойын ашық білдіре алады. Сондықтан ден­саулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген жас мамандардың деңгейі  әлі де өседі деген сенімдемін.

– Егер уақытты кері айналдырып, сізге мамандық таңдауға тағы бір мүмкіндік берілсе, қандай маман иесі болар едіңіз?

– Әрине, сөзсіз осы мамандықты таңдар едім. Өйткені, бұл – әрбір медицина қызметкерінің үстіндегі ақ халаты сияқты пәк, таза, нағыз халық­қа қажетті мамандық. Бірақ, осы ма­ман­дыққа мемлекет тұрғысынан қол­дау әлі де болса кемшін. Ішкі жал­пы өнімнің ең болмаса 5-6 процентін бөлсе, біздің деңгейіміз бұдан жо­ғары болар еді. Дәрігер деген абзал маман­дық адам өмірінің сақшысы. Сондықтан өз дәрежесінде бағалануы керек деп есептеймін.

– Сіздің ізіңізді қуған балала­рыңыз бар ма? Жалпы отбасылық бақыт дегенді бүгінгі жастарға қалай түсіндіріп берер едіңіз?

– Бізді көпшілік медицина динас­тиясы дейді. Себебі, менің жұбайым Мирамкүл Ерғалиқызы да медицина қызметкері, көп жылдар бойы физиотерапия саласында еңбек етті. Үлкен балам Ғалымжан ғылым докторы, ревматология, эндокринология, кардиология саласының маманы, профессор. Қазіргі кезде Оңтүстік Корея мемлекетімен бірігіп, жоғары дәрежедегі халыққа қызмет жасайтын үлкен клиника ашып отыр. Ол клиника арқылы Оңтүстік Кореядағы озық технологияның барлығын Қазақстанға әкелуге күш салып жатыр. Оның мақсаты – ем іздеп, ауруын анықтай алмай жүрген халықтың Қытайға, Америкаға, Германияға сабылмауына үлес қосу. Қызым – Назира экономика ғылымдарының кандидаты, қазір Алматы қаласы  әкімдігінің бас инспекторы, әйелдер ісі және отбасы-демография мәселесі жөніндегі кеңесшісі болып жұмыс жасайды. Ұлым Ба­уыржан – заңгер. Соңғы 5 жылда Арал ауданының прокуроры қызметін абыроймен атқарды, қазір «Байқоңыр» ӘКК» АҚ директорының орынбасары. Жазира қызым да дәрігер, Алматы қаласының емханасында жұмыс жасайды. Ол әрі ревматолог, әрі косметолог. Кенже балам – Әлияр облыстық әкімдікте маман, заңгер. Отбасын шағын мемлекет деп қарайтын болсақ, біздің шағын мемлекетіміздің құрылғанына 45 жыл болыпты. Осы уақыт аралығында жұбайым Мирамен бірге отбасылық өмірдің барлық кезеңдерінде татулығымыз жарасып өмір сүрудеміз. Кейінгі ұрпағымызға өзіміз салған сара жолмен жүрудің тамаша үлгісін көрсетіп келеміз деп ойлаймын.

– Алда келе жатқан мерей­тойыңыз құтты болсын, аға! Ұрпа­ғыңызбен жүз жасаңыз! Әңгімеңізге рахмет! 

Әңгімелескен 

Айсәуле ҚАРАПАЕВА. 

Cұхбат 04 шілде 2019 г. 90 0