«Бақытты отбасы»: кім, қалай қатыса алады?

Баспана арман болған қарапайым халық үшін жағымды жаңалық – «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау басталды. Осы орайда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің облыстық филиал директоры Әділжан Сәулебаев бағдарламаға қатысты көп көкейіндегі сұрақтарға жауап берді.

Сұрақ: Бағдарламаға кімдер қатыса алады?
Жауап: Бағдарламаға 3 санаттағы отбасылар қатыса алады. Тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы отбасылар, балалары кәмелет жасқа толмаған толық емес отбасылар. Егер де неке бұзылған болса, міндетті түрде үш жыл мерзім өтуі тиіс. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар.

Сұрақ: Үйді қалай таңдайды?
Жауап: Бағдарламаға қатысушы бағасы 10 млн теңгеге дейінгі жаңадан салынған және қолданыстағы көпқабатты үйлерден және жер үйден таңдай алады. Ең бастысы, сапасы банк талабына сай болуы тиіс. Мәселен, үйдің салынғанына 50 жылдан аспауы тиіс.

 Сұрақ: Несие қалай беріледі?
Жауап: 2 процентпен 20 жылға дейін несие беріледі. Үй бағасының 10 процентін банктегі шотына жинақтауы тиіс. Мәслене, пәтер құны 10 млн теңге болған жағдайда алғашқы 8 жыл ішінде 52600 теңгеден, қалған 11 жыл ай сайын 36 мың теңге несие төлейді.

Сұрақ: Табыс қалай есептеледі?
Жауап: Отбасының әр мүшесінің табысы 42500 теңгеден аспауы керек. Егер отбасында 5 адам болса, онда оның жалпы кірісі 212500 теңгеден артық болмауы тиіс. Жәрдемақы табыс көзі болып есептелмейді.

Сұрақ: Бағдарламаға қатысу үшін ең алдымен қандай құжат жинау керек?
Жауап: Ең алдымен тұрғын үй инспекциясынан жолдама алу керек. Мұнан бөлек бағдарламаға қатысушы соңғы 6 айдағы табысы жөнінде анықтамасы қажет. Әрі қарай банк оның табысын есептейді.

Сұрақ: Таңдаған үй бағасы 10 млн теңгеден асып кетсе қалай болады?
Жауап: Бағдарлама бойынша 10 млн теңгеге дейін несие беріледі. Ал одан артық бағаға үй алғысы келсе, өзі қалтасынан қосуға болады.

Сұрақ: Бағдарлама бойынша басқа қаладан үй алуға болады ма?
Жауап: Басқа қаладан емес, өзі тұратын аймақтан ғана үй ала алады.

Сұрақ: Бағдарлама қатысушының бұған дейінгі несие тарихы бұзылғаны кедергі болмайды ма?
Жауап: Бұған дейінгі  өзге банктерден несиені қалай төлегені есептелмейді. Ең бастысы, несиесі жабылғаны дұрыс. Ал есептелген табысы өзге несиесін төлеуге жетіп тұрса, кедергі болмайды. Тағы бір айта кетерлігі, бағдарламаға қатысушының табысы жетпей жатса, екі адамға дейін гарант ұсынуына болады.

Сұрақ: Атында жылжымайтын мүлік болған жағдайда бағдарламаға қатысуға бола ма?
Жауап: Қатыса алмайды. Бағдарлама баспанаға мұқтаж, табысы төмен азаматтарды баспанамен қамтамасыз етуге арналған.

Сұрақ: Бағдарламаның ерекшелігі?
Жауап: Екі процентпен несие берілетінінен бөлек, тағы бір ерекшелігі бұл бағдарламамен несие алатындардан ешқандай комиссиялық төлем ұсталмайтындығы. Алдағы уақытта сақтандыру төлемін де алып тастау қарастырылуда. Тек үй бағалау кезінде тәуелсіз бағалаушыларға ғана тиісті төлем төленеді. Мұнан басқа ешқандай шығын жоқ.

Сұрақ: Бағдарламаға қатысушы нені ескеруі керек?
Жауап: Алаяқтардан сақ болуы керек. «Жолдама алып беремін, үй алуға көмектесемін» деген кездейсоқ адамдардан абай болуы тиіс. Кеңес алу үшін тек банк кеңесшілеріне жүгінуі тиіс. Сондай-ақ, ұялы телефон арқылы 300 нөміріне хабарласып, банк кеңесшілерінің кеңесіне жүгінуге  болады.

Сұрақ: Отбасында зейнеткер ата-әжесі болса, олардың табысы есептеледі ме?
Жауап: Отбасында кезекте тұрған азамат немесе азаматшаның жұбайы екеуінің ғана табысы есептеледі.

Гүлмира Ділдәбекова

Cұхбат 23 шілде 2019 г. 2 005 0