Қылышбай БИСЕНОВ: “Өңір дамуына үлес қосу депутаттық қана емес, азаматтық парызым”

Депутат – халық қалаулысы ғана емес, елдің жауапкершілігін, сенімін арқалап жүрген жан. Халықтың алдында айтылған уәдені орындау, әрдайым көп ортасынан табылу, қоғамдағы өзекті мәселені қозғау ең алдымен осы депутаттарға жүктелетіні белгілі. Халық алдында берілген уәде, айтылған сөз қаншалықты орындалуда? Осы орайда, облыстық мәслихат депутаты, мәслихаттың әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы  Қылышбай Бисеновпен болған сұхбатты ұсынамыз. 

– Қылышбай Алдабергенұлы, сұрақты алдымен сіздің сайлауалды бағдарламаңыздан бастасақ. Депутат ретінде атқарған істеріңізді атап өтсеңіз, қаншалықты деңгейде орындалуда?

– Депутат – халық қызметшісі. Халықтың атынан сөз сөйлеуге өкілеттілік алған, елдің игілігіне қызмет етуші. Сондықтан депутат болу абырой мен мәртебе ғана емес, халық алдындағы жауапкершілік, сенім мен парыз. Сонымен бірге халық қалаулысы ретінде сайлаушылар алдындағы әрбір берген уәдеңе берік болып, оны орындау жолында аянбай еңбек ету деп білемін.

Мен облыстық мәслихат депутаттығына №17 сайлау округінен  сайландым. 15 мыңға жуық сайлаушы бар. «Nur Otan» партиясының «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламасын басшылыққа ала отырып, сайлау­шылардың мақсат-мүдделеріне орай жұмыстар жүргізіп келеміз.

Қазіргі уақытта облыстық мәслихаттың «Әлеуметтік және мәдени мәселелер»  жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасымын. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде округте жол жөндеу және жарықтандыру жұмыстарының  сапалы іске асуына қажетті қолдау көрсетіліп келеді. Сонымен бірге сайлаушылар аманатын уақытылы орындауға жұмыс жүргізудемін. Бас жоспарға сәйкес қаланың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамытуға бағытталған бағдарламалардың орындалуы да көпшіліктің көз алдында.

Елбасының «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасының жүйе­лі жүзеге асуын белсенді түрде жүргізу, индустриялық-инновациялық дамудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында қабылданған инвестициялық жобалардың іске асуы және сол арқылы жаңа жұмыс орындарының ашылуына белсенді қолдау көрсету, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білікті  мамандар даярлау үшін жоғары және техникалық-кәсіптік білім беретін оқу орындарын тиімді басқару жүйе­сін жетілдіру үшін жұмыс жүргізу – басты назарда. Одан бөлек, ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу мен технологияларды коммерцияландыру үшін тиісті мекемелермен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасауға қол жеткізу мәселесі бойынша университет жанында бірнеше ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар ашылды. Ондағы зерттеу жұмыстарының нәтижесі еліміз ғылымының дамуына тікелей үлес қосуда. Ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруда, оларды әзірлеу мен ендіру мерзімдерін қысқартуда университет жанында қыз­мет жасап келе жатқан «Агробиологиялық және қолданбалы зерттеулер» ғылыми орталығы мен «Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институты, «Шоқайтану» орталығының жұмыстарын ­атауға болады. 2016-2017 оқу жылынан Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесін  облыстағы жалпы білім беретін мектептерге жүйелі әрі сатылы түрде енгізуге ықпал жасау, 2017 жылдан бастап Елбасы тапсыр­масы бойынша «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жаңа білім беру жобасы да кезең-кезеңмен  жүзеге асып келеді. Өңірдегі мектептердің, әсіресе, шағын комплектілі мектептердің педагог-кадрларға деген сұранысын ескере отырып, қосарланған мамандықтар бойынша мектеп мұғалімдерін даярлау жұмысы да өз нәтижесін берді. Тұрақты комиссия отырысында осы мәселе қаралып, Қармақшы аграрлы-техникалық колледжінің жатақханасына күрделі жөндеуге қажетті 344,8 млн, Арал индустриалды-техникалық колледжінің теңгеріміне алынған ғимаратты күрделі жөндеу үшін жобалау сметалық құжат әзірлеу­ге 3,5 млн, Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінің оқу өндірістік шеберханасы мен Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжінің оқу ғимаратына күрделі жөндеуге жобалау сметалық құжаттарын әзірлеуге және жатақханасының материалдық-техникалық базасын жаңартуға 14,7 млн теңгеге,  14 колледждегі жалпы білім беретін пәндердің кабинеттерін заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында кәсіби пәндерден арнайы зертханаларды жабдықтау үшін 270,6 млн теңгеге, жергілікті бюджет есебінен жұмысшы мамандықтар бойынша білім алатын оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін 647,0 млн теңгеге облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы тиісті бюджеттік өтінім енгізу ұсынылды.

Әрине, сайлау округінде бұдан басқа да көптеген әлеуметтік, инфрақұрылымдық мәселелер бар. «Мектеп» сайлау округінің жартысы темір жолдың арғы беті – КБИ шағын ауданында орналасқан. Сол себепті жолдарды жөндеу, жарықтандыру жұмыс­тарын жүргізу және сайлаушылардың көтерген ұсыныстары үнемі назарымызда. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастырамыз. Абай даңғылы бойындағы №5 оқу ғимараты жанынан жаяу жүргіншілер көпірін салу мәселесі тікелей менің депутаттық сауалымның нәтижесінде өз шешімін тапты. Ал сайлаушыларды жекелеген сұрақтар бойынша «Nur Otan» партиясының облыстық филиалында арнайы кесте бойынша қабылдау өткізіледі.

– Жалпы мәслихат депутаттарының алдында қазір қандай басымдықтар бар?

– Ел дамуына үлес қосу – баршамыздың міндетіміз. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуін, елдің хал-ахуалының жақсаруын қамтамасыз ету үшін облыстың  индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының жүйелі жүргізілуіне, оның іс жүзіне асуына мәслихат депутаттарының үлесі зор деп білемін.

Мәслихат депутаты өз округiнiң сайлаушыларының жағдайына байланысты жергілікті басқару органдарына сауал жолдауға, жиналыс өткізуге, тиiстi әкiмдік отырыстарының жұмысына қатысуға толық мүмкіндігі бар. Олай болса, өз сайлаушыларының ең басты мәселелерінің, әсіресе, әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысу арқылы ел дамуына тікелей үлес қосатыны анық. Өздеріңізге белгілі, соңғы жылдары мемлекет индустриалды аймақтарды дамытуға баса көңіл бөліп отыр. Мұның аймақтардың экономикалық өсіп-өркендеуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, облыстағы тұрғын үй құрылысының дамуына, халықтың баспаналы болуына жәрдемдесіп, елдің әлеуметтік жағдайының жақсаруына айтарлықтай септігін тигізетіні рас. Біздің де негізгі мақсатымыз – түрлі  қызмет көрсету саласындағы халыққа тікелей пайдасы бар жобаларды дамыту, бюджет кірістерінің артуын, экономиканың аграрлық сектор табысының молаюын, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуын қамтамасыз ету.

Сыр өңірі – табиғи қазба байлықтарға бай өлке. Жер қойнауында мұнай және газ қорымен қатар, қорғасын, мырыш, алтын, күміс, темір, ванадий, молибден қорлары бар. Логистикалық қызмет көрсету секторын дамыту да – облыс үшін ең маңызды саланың бірі. Осындай стратегиялық маңызды салаларды дамыту өз кезегінде білікті мамандарды қажет етеді. Осы жерде айта кетейін, Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты ретінде осы өңірдің дамуы мен өркендеуіне үлес қосу менің тек депутаттық қана емес, азаматтық  парызым деп санаймын.

– Сіздің сайлауалды бағдарламаңызда нағыз бүгінгі күннің өзекті мәселесі әлеуметтік сала жұмысына назар аударылған. Яғни, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілетін жәрдемақының әлеуметтік түрлерінің жалпы сомасына теңестіру, жас отбасыларын, әлеуметтік әлсіз топтарды баспанамен қамтамасыз ету секілді мәселелерді қозғағансыз. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар атқарылды?

– Ананың өмірдегі ең үлкен бақыты – дүниеге сәби әкелу. Ал, көп баланың анасы болу нағыз ерлік десе болады. Көпбалалы ана болу оңай емес, сондықтан да еліміздегі көпбалалы аналардың хал-жағдайына мән беру, үнемі көмек көрсету міндетіміз.  «Әр баланың өз несібесі бар» десек те, оның оқуы, жоғары білім алуы мен ұлтымыз үшін қасиетті саналатын үйлену тойын жасап, баспана әперу – әрбір ата-ананың парызы екендігі де анық. Сайлауалды бағдарламада көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілетін жәрдемақыны әлеу­меттік төлемдер түрлерінің жалпы сомасына теңестіру бағытында жұмыс жүргізуді жұмысымның негізгі бағыттары ретінде алғанмын. Осы бағытта нәтижелі жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен бірге жас отбасыларын, әлеуметтік әлсіз топтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында неғұрлым қолжетімді және сұранысқа ие жалға берілетін тұрғын үйлердің санын көбейту үшін  қазіргі уақытта «Бақытты отбасы» атты бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек тұрғын үйдің кезегі бойынша бөлу мәселесінде осы алдымен әлеуметтік әлсіз топтарды басты назарға аламыз. Түрлі қайырымдылық қорлар, демеушілер арқылы да мәселені оңтайлы шешу жолдарын да қарастырып келеміз. 

– Сіз облыстық мәслихаттың I шақырылымынан бастап депутат болып келесіз. Осы кезеңдерде бюджеттен қаржы бөлінгенде  мынадай мәселеге жұмсалғаны дұрыс еді дейтін кездер бола ма?

– Менің ойымша, бюджеттен қаржы тиісті салаларға өз деңгейінде бөлініп келеді. Дегенмен де, тәжірибе көрсеткендей, денсаулық пен білім беру салаларына қатысты мәселелер өте белсенді түрде  талқыланады. Себебі, қандай да болмасын әлеуметтік топқа жататындығына қарамастан, әрбір азамат үшін бұлар өте маңызды.

Қазіргі таңда білім саласында мектепке дейінгі 667 ұйым жұмыс істейді, онда 60 мыңнан астам бала тәрбиеленуде. Оның 72 %-і жекеменшік ұйымдар. Облыста жалпы білім беретін 293 мектеп бар. Онда 153 мыңға жуық бала білім алуда. 2018 жылы 7113 оқушы мектеп бітірсе, биыл 5556 оқушы мектеп бітірді. Алдағы жылдан бастап мектеп бітірушілер саны артады деп күтілуде.

Жалпы өңірдің кадрлық әлеуетін көтеру, оның әлеуметтік-экономикалық дамуын білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін осы мәселеге қаржы көбірек бөлінсе деген ой болады. Облыстық мәслихаттың регламенті бойынша бюджеттен қаралатын қаржы кезең-кезеңмен атқарылатын бағдарламаға сәйкес бөлінеді.

– Өз аймағыңыздың тұрғындарымен жиі кездесесіз бе? Мұндай кездесуде тұрғындар көбіне қандай мәселені жиі қозғайды?

– Жоғарыда айтып өткендей, бекі­тілген кесте бойынша міндетті түрде кездесемін. Одан бөлек те кез келген сайлаушы үшін уақыт табамын және ұсыныс-тілектері мен сұрақтары бо­йынша жүйелі жұмыс жүргізіп келемін. Әрбір аптаның бейсенбі күні кездесуге жұмыс кестесі жасалған.

Көбіне сайлаушыларды мазалайтын басты мәселе – жұмыспен қамту. Нарықтық қатынастарға негізделген жаһандық экономика әркез жұмыссыз­дықты тудырып отырады. Басқа елдерге қарағанда бізде жұмыспен қамту мәселесі біршама оңтайлы шешіліп келеді. Облыс көлемінде жаңадан жұмыс орындарын ашу жүйелі түрде жүргізілуде. Облыстың экономикалық және әлеуметтік даму басымдықтары, мақсат-міндеттері Қызылорда облысының 2020 жылға дейінгі әлеу­меттік-экономикалық даму стратегиясына сәйкес айқындалып, іске асырыла бастады. Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына «Индустрия­лық-инновациялық даму», «Бизнес­тің жол картасы-2020», «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламаларының жүзеге асырылуы негіз болып отыр. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлікті қолдауға бөлінген қаржы – мемлекет тарапынан іс бастаймын дегендерге үлкен көмек. Жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жасалған ауқымды жұмыс. Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты ретінде Жалағаш ауданы, Аққұм ауылында шағын және орта бизнес пен кәсіпкерлікті дамытуға жауаптымын. Ауыл тұрғындарымен жиі кездесіп тұрамын.

– Сіз өзге әріптестеріңіз секілді бизнестің биігінде жүрген жоқсыз. Білім ордасын басқарған азамат ретінде сізге жастардың мәселесі етене таныс. Олай болса, жастар тәрбиесі туралы бірер ауыз айтып өтсеңіз...

– Мені әрдайым толғандыратын бас­ты сұрақ – жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беру мәселесі. Еліміздің болашағы жастар десек, тұғырлы, іргелі әрі баянды болашаққа жету үшін жастарымыз барынша білімді, бәсекеге қабілетті болу керек екендігі өмір шындығы. Жастардың білім алу, мамандық таңдау, рухани ұстанымдарын қалыптастыру, қоғамдағы өз орнын табу секілді әлеуметтік кезеңдерден өтуі – өмір заңдылығы. Қоғам өміріндегі білімнің маңызын айта отырып, Елбасы «Әрбір адам, соның ішінде, әсіресе жастар белгілі бір кәсіптік саладан өз болашағын көргісі келетіндігін мойындау қажет. Адам өзінің қайда бет алғандығын анық көрген кезде ғана биікке қарай күш-жігермен ұмтылады» деген қағиданы келтіреді. Сондықтан әрбір жас буын үшін «жол картасы» болатын біліктіліктің ұлттық жүйесін кезең-кезеңімен әзірлеу жоспарын дайындау басты міндет.

«Мен жастарға сенемін!» деп Мағжан ақын жырлағандай қазір жастар өте белсенді. Олар мемлекет тарапынан жасалып отырған «Жасыл ел», «Жастар кадрлық резервi», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін-2050», «Қолжетімді баспана – 2020» және тағы да басқа бағдарламаларды жақсы біледі. Жастар тиянақты еңбек етіп, елімізде болып жатқан оң үрдістерге белсене қатысуы арқылы ғана жетістікке қол жеткізіп, биіктерге көтерілуге болатынын түсінді. Ал, біздің міндетіміз – өз елін, халқын, Отанын сүйетін жас буынның  жеке тұлға болып қалыптасуына  көмек беру.  Жалпы, қазіргі заманғы жастар азаматтық қоғамда мәртебесі кемімейтін мейірімділік, әділдік, шыдамдылық секілді адами құндылықтарды бас­ты орынға қойса, нұр үстіне нұр болар еді. Ең бастысы, жастарымыздың өмірлік ұстанымы қалыптасуы керек. Сондықтан рухани қазынаға барынша басымдық беруді басты назарда ұстаудамыз. Біздің өмір сүріп отырған аумалы-төкпелі уақытымыз жайбасарлықты көтермейді. Сол себепті қазақ жастары тәуелсіздіктің тарихи мәнін, маңызын жете түсініп, оның ғұмыры мәңгілік болуы үшін ұлтқа қалтқысыз қызмет етіп, аянбай еңбек етуі керек.Ұлттың бүгіні мен келешегі – белсенді жастардың қолында дейтін болсақ, ұлттың рухани құндылықтарын бойына сіңірген ұрпақ ғана ел болашағын қалыптастыра алады.

Халқымыз қашан да ұрпақ тәрбие­сіне ерекше көңіл бөлген. Атаның ақылымен, ананың ақ сүтімен дарыған қасиет кешегі Абайдай дана, Шәкәрімдей ғұлама, Шоқандай шоқтығы биік тұлғаларды қалыптастырды. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең бесігіңді түзе» деген мәнді де, мағыналы тұжырым жасады. Бұл тұжырым бүгінге дейін құндылығын жойған емес.

Менің ойымша, ел мүддесі мен келешегін ойлайтын рухани әлемі бай жастарды тәрбиелеу үшін отбасының, ата-ананың алар орны ерекше. Бала тәрбиесіндегі ата-ананың, отбасының маңызды екендігін білген халқымыз «ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегенді бекер айтпаған.

Жастарға қажетті ең басты үш  нәрсе бар. Олар – жақсы тәрбие, кемел білім және адал еңбек. Болашақ ұрпаққа тәлімі мол тәрбие беру үшін осы үшеуін ұстану қажет. Ертеңіміздің айбынды азаматтары болу үшін, әрбір жас ұрпақ – әрі  тәрбиелі әрі білімді әрі өнерлі де өнегелі болады  деген  сенімдемін. Сонда ғана оларды  болашақтың кепілі болатын азаматтары дей аламыз. Біздің келешегіміз бүгінгі жас ұрпақ, ал жас ұрпақ тағдыры  олардың бойына тәрбие мен білім  нәрін  себуші ұстаз қолында. Келешегіміздің келбетті, болашағымыздың баянды болуы бүгінгі жастарға тікелей байланысты. Елдің қуаты мен қозғаушы күші де осы – жастар. Ел болашағы – жастарымыздың жан-жақты қабілетті, білімді болып өсуіне және дамуына тікелей байланысты.

– Қоғамда мамандық таңдау өзекті болып тұр. Ғалым ретінде жастарға қандай мамандық таңдау­ға кеңес бересіз. Келешектің мамандығын дайындауға біздегі оқу орындары дайын ба?

– Мамандық таңдау – бұл кез келген жастың өміріндегі ең күрделі шешімдерінің бірі. Мамандық таңдар алдында «мен бұл мамандықты не үшін таңдаймын?» деген сауалға жауап беріп, ойланғаны дұрыс. Білмегені болса, мамандар кеңесіне жүгінген жөн. Ол үшін әрбір жоғары оқу орындарында бірнеше рет ашық есік күндері өтеді. Кәсіби бағыт-бағдар береді.

Заманына қарай маманы, жаһандану дәуірінде күн сайын жаңа сала мен жаңа саланың мамандары пайда болып жатыр. Сәйкесінше, қызмет түрлері мен мамандықтар да түрліше сипат алуда. Еліміздің түкпір-түкпірінен арман арқалап келген жас түлектер үшін мамандық таңдайтын маңызды сәт. Жалпы бүгінде инженер, математик, сәулетші, биолог, ІТ-маман, бизнесті дамыту және сатылым менеджерлері үшін, аталған мамандық бойынша білім алушылар үшін жақсы жаңалық бар. Бұл мамандықтарға деген сұраныс қазірдің өзінде көп және арта бермек. Алайда кәсібилікке, қосымша машықтарға деген сұраныс та ұлғаятын болады.  Құрылысшылар мен жұмысшыларды алмастыратын – 3D-принтерлер мен роботтар. Негізінен жақсы мамандарға деген сұраныс – қашан да жоғары. Және мамандықтардың басым көбі жойылмайды, керісінше жаңа деңгейге ауысады. Мысалы, өткен ғасырдың ортасында көптеген мамандар телефоншы болып қызмет етсе, технология дамығаннан кейін бұл мамандық жоғалды. Алайда байланыс қызметі әлі де бар. Бүгінде телекоммуникациялық салалар әлем бойынша миллиондаған адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуде.

Ал роботтандырылған өнеркәсіп мекемелері қайтадан адамдарды жұмысқа шақыруға мәжбүр. Роботтар өз қызметін жақсы атқарады. Бірақ олар –  жаңашыл ойлар, ішкі түйсік немесе «адам бейнесімен» әлдеқандай әрекет жасауға қабілетсіз. Тіпті көп жарнамаланатын автокөлік автопилотының өзі адам көмегіне мұқтаж. Қазіргі таңда мамандар еңбек нарығын үнемі бақылауға кеңес береді. Соңғы 10 жыл ішінде бірқатар жаңа мамандық пайда болды. Әсіресе, ол ғаламтор саласына байланысты. Одан бөлек қолдан жасалған бұйымдар мен үй өнімдеріне деген сұраныс артып, тренд қалыптас­ты.

Жалпы алғанда келешектің мамандығын даярлауға біздегі білімнің қарашаңырағы – Қорқыт ата атындағы университет жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Оқу орнында білім беру қызметін 18 ғылым докторы мен профессор, 205 ғылым кандидаты, доцент, 19 Phd докторы, 500-ден астам оқытушы жүзеге асырады. «2015-2020 жылдарға арналған  үштілді білімді дамытудың Жол картасын» іске асыру мақсатында университетте үштілді білімді дамыту тұжырымдамасы әзірленіп, бекітілді. Академиялық ұтқырлық және қос диплом бағдарламасы аясында Түркия, Оңтүстік Корея, Қытай, Польша, Болгария мемлекеттеріндегі және Ресей Федерация­сының жетекші оқу орындарында университеттің студенттері мен магистранттары, докторанттары білім алуда. Сонымен қатар, «Шетел тілі»: «Екі шетел тілі» мамандығы бойынша екінші шетел тілі ретінде корей, қытай, араб тілдері бойынша оқу топтары жасақталып, соған сәйкес оқу үдерісі ұйымдастырылып келеді.

Қазақстан ЖОО-дың ұлттық рейтингісінде Қорқыт ата атындағы ҚМУ көпсалалы ЖОО арасында 9-шы орынды иеленді. Университеттің білім беру қызметін 7 факультет және оларға қарасты 31 кафедра жүргізеді. Қазіргі таңда университетте жоғары білім беру – бакалавриатта 27 маман даярлау бағытында 64 мамандық, жоғары оқу орнынан кейінгі  білім беру – магистратурада 16 даярлау бағытында 30 мамандық, докторантурада 8 даярлау бағытында 9 мамандық бойынша мамандар даярланады. Оқу орнында 7 бағыт бойынша докторлық диссертациялық кеңес ашылды.

Мамандықты дұрыс таңдау – табысты да мазмұнды өмірдің кілті. Сондықтан жас түлектерге мамандық таңдау жолында байсалдылық танытып, өмірден өз орындарын тауып, дүниенің бір кірпіші болып қалануларына шын жүректен тілектеспін!

– Сұхбатыңызға рахмет!

Әңгімелескен

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

Cұхбат 01 тамыз 2019 г. 700 0