Сыр бойы құрылысшыларының қолтаңбасы айқын

 Құрылысшылардың еңбек іздері мыңдаған тұрғын үйлер мен  қызмет көрсету ғимараттарында, мектептер мен балабақша, ауруханалар мен емханаларда, мыңдаған шақырым жолдарда сайрап жатыр. Ел қуанышына айналған ғажайып кешендер мен көкпен таласқан көрікті үйлердің көптеп салынуына қыстың суығы мен жаздың аптап ыстығында тер төгіп жатқан құрыш қолды құрылысшылардың сіңірген еңбегі ерен. Олар білікті, іскер де қабілетті маман ретінде елдің әлеуметтік-экономикалық деңгейінің өсуіне айтарлықтай үлес қосуда.
Биыл Сыр құрылысшылары төл мерекелерін толымды жетістіктермен, оң көрсеткіштермен атап өткелі отыр. Себебі, облыстың құрылыс саласының құрылғанына 75 жыл! Мерейлі мереке қарсаңында газет тілшісі облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріковпен сұхбаттасқан еді.

–Мұхамедиса Әб­дір­ахман­ұлы, қала­дағы бой түзеген тұрғын үйлер­де, еңсе  тіктеген емхана-ауруханалар мен білім нысандарында, іске қосылған өндірістерде – бәрі-бәрінде құрылысшылардың қолтаңбасы жа­тыр. Бұл ғимараттар өз кезе­гінде  әлеуметтің  әлеуетін ай­шық­тай­тынын ескерсек, құрыш қолдар төк­кен тердің текке кетпегенін ұға аламыз. Облыстың құрылыс са­ла­­сының 75 жылдық тарихында атқарған жұмыстарын тізіп шы­ғу мүмкін емес шығар. Дегенмен, та­рих­қа тағы бір үңілсек, өткені мен келешегі туралы ойыңызбен бөліссеңіз...
–Құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы. Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты. Бүгінде өңірімізде құ­ры­лыс индустриясы қарқынды дамып, ел экономикасының, оның ішін­де тұрғындардың әлеуметтік әлеуе­тінің артуына айрықша ықпал етіп келеді. Саланың өркен­деуін облыс орталығы – Қызылорда қа­ласы аумағының  өсуінен, аудан орталықтары, ауылдар мен елді мекендерге салынған әлеуметтік объектілер мен тұрғын үй құрылыстарынан, жолдардан байқауға болады. Мұнан 75 жыл бұрын облыста құрылыс саласында бір ғана мекеме болса, қазіргі күні құрылыс салумен айналысатын  мекемелер саны артты. Бұлардың ішінде құрылыс салуға тапсырыс беретін, сәулеті мен жобасын келісетін, құры­лыс-монтаж жұмыстарының, материалдарының сапасына бақылау жасайтын, құрылысты жобалайтын мекемелер бар. Барлық аудандар мен қала әкімдіктері жанында құрылыс, сәулет және коммуналдық шаруашылық бөлімдері құрылған.
1944 жылы 1 қарашада Еңбек­шілер депутаттарының облыстық Совет атқару комитетінің жанынан архитектура істері  бөлімі құрылған. Оның бірінші бастығы болып Петр Силович Югай та­ға­йындалған. 1959 жылы құрылыс іс­тері жөніндегі облыстық бөлім мен Қызылорда қаласының бас архитекторы басқармасы біріктірілді. Ал 1945 жылы Қызылорда плотинасының құ­рылысы басталды. Біздің облыс жағдайында суармалы егіс кәсібінен тұрақты мол өнім алу мәселесімен шұғылдану аса қажетті іс. Сондықтан Сырдариядан Қызылорда плотина­сын құру керек болды. Бұл пло­тина – Орталық Азиядағы ірі су құ­ры­лыстарының бірі. Плотина салы­нып біткен соң аймақтың суармалы егін кәсібі қарыштап дамып, ха­лық шаруашылығы мен мәдениеті көр­кейеді деген үлкен сеніммен қарады. Солай болды да. 1956 жылы пло­тина іске қосылып, маусым айында су жіберілді. Одан кейінгі жыл­­дарда қаланың солтүстік батыс бө­­лігінде целлюлоза-картон комбинаты, өндірістік цехтар, жылуэлектр орталығы, Титов поселкесі салына бастады.  
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында құрылыс атаулы тоқырағаны рас. Соның ішінде, тұрғын үй құрылысын салу жұмыстары өте баяу­лады. 80-жылдардың ортасында басталған «Мерей» шағын ауданының құрылысы 2004 жылы тоқтады. Арал теңізінің тартылып, экологиялық апат аймағына айналуы бүкіл дүние жүзін алаңдатқан оқиға болды. Елбасының тікелей қолдауымен «Сырдария өзе­нінің арнасын реттеу және Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу» жобасы дүниеге келіп, «Көкарал» бөгеті тұрғызылды, «Ақлақ» су тоспасы салынды. Кіші Арал теңізі сақталып, елдің ризық-несібесіне айналды. Аймақта балық шаруашылығы өр­кен­деп, балықшылар атакәсібіне қайта оралды. Жағалаудағы елді ме­кендердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды. Бүгінде Аралда бұрынғы Кеңес заманында болмаған жаңа технологиямен балық зауыттары жұмыс істеуде. «Жезқазған-Сек­сеуіл-Бейнеу» теміржол желі­лерінің құрылысы жүргізіліп, Сексеуіл арқылы өтетін теміржол бойында көптеген нысандар ашылды, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылды.
Егемендік алған жылдардан бас­тап облыстың құрылысына Мәлік Сапарғалиев, Қожахмет Баймаханов, Кемал Нұрекешов, Әуезхан Уромбаев, Сухраб Жолдасбеков, Сержан Нәметша, Ерлан Төрәлиев, Нәжмадин Шамұратов, Батыржан Қаракөзов, Әмірқұл Жылқайдаров, Мұрат Тілеумбетов секілді ағаларымыз бен замандастарымыз басшылық жасады. Өзім 2016 жылдың қазан айынан бастап облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы қызметіне келдім. Басқармада білікті де білімді кадрлар жұмыс жасайды. Осы жылдары облыс аумағында бірқатар әлеуметтік маңызды нысандар пайдалануға берілді. Жалғыз баспанасы апатты деп танылған отбасылар жаңа шағын аудандардан пәтер алды. Аймақтың құрылыс индустриясын өрге сүйреп келе жатқан ірі әрі қуатты құрылыс компанияларының қатары жыл өткен сайын көбейе түсуде.  
 Осы қызметке келерге дейін 2013-2016 жылдары қалалық құрылыс бөлі­мінің басшысы қызметінде болдым. Сол кезеңде Сұлтан Бейбарыс, Жаппасбай батыр көшелері бойындағы, Тасбөгет кенті, Титов қыстағы, «Сырдария», «Астана», «Арай», «Арай-2», «Нұр Орда», «Ипподром», «СПМК» жаңа шағын аудандары мен тұрғын үй кешендерінің құрылысына тікелей басшылық жасадым. Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында қабылданған «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында қаланың бірқатар елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз етуде ауқымды жұмыстар жүргіздік. Нәтижесінде 57 скважина іске қосылып, облыс орталығы – Қызылорда қаласы толықтай жерасты су көзіне қосылды.
2016 жылы аумағы 980 гектарды құрайтын толықтай инженерлік инфрақұрылым жүйелерімен қамта­масыз етілген «Бәйтерек» жаңа шағын ауданы ашылып, жер кезегінде тұрған 6 мыңға жуық азаматқа жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер бөлінді.
Құрылыс материалдары өндірі­сімен айналысатын, темір-бетон, қыш, металл-пластик, ағаш, түрлі аяқжол және аллеялар төсеніштерін, тағы басқа да қажеттіліктерді шығаратын зауыттар мен өнеркәсіп орындары бар. Республика бойынша барлық аудандары мен елді мекендерінің бас жоспарлары бекітілген облыстың бірі – Қызылорда. Қаланың бас жоспарына біршама өзгеріс енгізіліп, аумағы 9 мың гектарға кеңейіп отыр. Бұл да аймағымыздың дұрыс бағытта дамып, өсіп келе жатқанын білдіреді.
Құрылыс дегеніміз – ауыт­қуына ешқандай жол беріл­мей­тін стан­дарттардың, нормалар мен ере­­желердің толықтай жиын­ты­ғы. Себебі, таразы басында сол ғи­мараттарда өмір сүретін, жұмыс істейтін адамдардың тағдыры тұр. Мұны құрылысшы мамандығын таң­даған адам ғана түсінеді.  Қазір қарап отырсаңыз, Қызылорда құрылыс алаңына айналғандай...
– Дұрыс айтасыз, ауқымды  саланы  алға  жылжытуда құрылысшылар қауымының  еңбегі ерен. Миллиард­таған теңгенің ірі жобалары құрыш қолды құрылысшылардың табан­дылығының арқасында жүзеге асы­рылуда. Заманауи мектептер мен балабақшалардың бой түзеуі, дене­шы­нықтыру кешен­дерінің салынуы, жылдар бойы армандап келген тақтайдай тегіс жолдардың ауылдарға дейін жетуі – бәрі-бәрі құрылысшылардың қолы­мен тындырылып жатқан игі істер. Соңғы 6 жылда бұрынғы аймақ бас­шысы Қырымбек Көшербаевтың бас­тамасымен облыс бо­йынша 200-ден аса әлеуметтік нысан пайдалануға бе­рілді. Ал биыл басқарма  арқылы 23 әлеуметтік нысанның  құрылысы  жүр­гізілуде.  Өткен 7 айда 3 әлеуметтік ны­сан пайдалануға берілді. Олар – сол жағалаудағы Жастарға қызмет көр­сету орталығы, қайта жаңғыртылған Ғ.Мұратбаев атындағы орталық стадион және Арал ауданы Шижаға елді ме­кеніндегі 100 орындық ауылдық клуб.
Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес облыс атынан Түркістан қаласына сый ретінде халыққа қызмет көрсету кешенінің (Шығыс моншасы) құрылысы жүргізілуде және жыл аяғына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Түркістан облысы Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайдан кейін қаланы қайта қалпына келтірудегі Сыр құрылысшыларының ауызбіршілігі мен ерліктерін ерекше атап өтуге болады. Арыс қаласы 17 аумаққа бөлініп, біздің облысқа бөлінген 6 аумақта 267 тұрғын үйді қайта қалпына келтіру тапсырылған. Бір үйдің баласындай жұмыла кіріскен Сыр құрылысшылары өздеріне жүктелген жауапты істі абыроймен атқарып, 1 ай ішінде 267 тұрғын үйге толық жөндеу жұмыстарын жүргізіп, тұрғындардың алғысына ие болды. Арыстағы жұмыс қарқыны облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың тікелей бақылауында.
Қызылорда сәні мен салтанаты жағынан өзге қалалардан кем түс­пейді. Бұл ретте Сырдарияның сол жағалауын ерекше атап өтуге болады. Қазірдің өзінде сол жағалауда 18 көпқабатты үйлерден тұра­тын шағын аудан, бала­бақша, жас­тарға қызмет көрсету орта­лығы, «Болашақ» университетінің кам­пусы, 1925 жылы «Қазақ» деген атау­­ды қайтару туралы тарихи қаулы қабылданған бұрынғы Қазақ Орталық Атқару комитеті ғимаратының сыз­ба­сының негізінде салынған «Рухани жаңғыру» орталығы ғимараттары бой көтерді.
–Әрбір  отбасы баспаналы болуды армандайды, соған күш-жігерін салып ұмтылады. Бүгінгі күні тұрғын үймен қамту мәселесі қалай жүзеге асырылуда?
– Мемлекетіміз өз азаматтарының баспанамен қамтылуына, бақытты болуына мүдделі. Тұрғын үй құрылысы – тек мақсат қана емес, ел экономикасының өрлеуіне серпін беретін зор күш. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағ­дар­ла­­масы жүзеге асырылып, еліміздің бар­лық өңірлерінде тұрғын үй құры­лысы қарқынды дамуда. Соңғы 6 жылда 2,6 есеге өсіп, 2013 жылы 270 мың шаршы метрден 2018 жылы 700 мың шаршы метр­ге жетіп отыр. Облыс бойынша 361 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріліп, 7 709 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Апатты жағдайдағы бас­пана мәселесі толық шешімін тауып 713 отбасы жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Өңірде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 1862 пәтерді құрайтын 43 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Біздің басты мақсатымыздың бірі – халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын барынша қолжетімді тұрғын үймен  қам­тамасыз ету. Осы бағытта халыққа бас­тапқы жарнасыз алуға мүмкіндік беретін «Орда» жол картасы іске асуда. Сонымен қатар, «Баламекен» жобасы шеңберінде 100 отбасы «Болат Өтемұратов қорының», ал қалған 50 отбасы жергілікті бюджет есебінен тұрғын үймен қамтамасыз етілуде. Маусым айында 100 пәтерлі  50 үйдің құрылысы пайдалануға берілді. Бұған қоса «Бақытты отбасы» бағдарламасы ая­сында тұрғындарды баспанамен қам­та­­ма­сыз ету шаралары жүзеге асырылуда.
– Қаланың, ауылдың сәнін кел­­тіріп, айшықтандырып тұрған құры­лыстарға қалдырған қолтаңба – әр­қайсыңыз үшін үлкен мәртебе. Абыройларыңыз асқақ, мерейлеріңіз әрқашан үстем болсын!  Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
 Айсәуле ҚАРАПАЕВА.
Cұхбат 08 тамыз 2019 г. 986 0