«Біздің міндет – салық төлеушіге сапалы қызмет көрсету»

 Мемлекеттік кіріс органдары – жоғары тиімділіктегі басқару жүйесі бар, салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді ерікті түрде төлеуге және еркін халықаралық сауданы ынталандыру және адал салық төлеушілер мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін қолайлы ортаны жасаушы, клиентке бағдарланған қызмет. Мемлекетіміздің қалыпты дамуы мен өркендеуі бюджет кірісінің оңтайлы қалыптасуымен тығыз байланысты. Осы тақырып Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орыновпен жасалған сұхбатқа  арқау болған еді.

– Ғалымжан Қалдыкөзұлы, мемле­кеттік кірістер орган­да­рының құрылғанына 5 жыл толып отыр. Сұхбатымызды бұрын өз алдына жұмыс жасап келген кеден, салық саласын біріктіру қандай мақсатты көздегенін және осы жылдар ішінде бюджеттің кіріс бөлігінің мәліметтерінен бастасақ.

– Мемлекетіміз тәуелсіздік алған­нан кейін, салық-кеден саясатын жүргізуде, мемлекеттік аппарат пен бизнестің өзара іс-қимылын реттеу арқылы төлемдер мен салықтардың жинау міндеттері арасындағы қажетті теңгерімді қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік кірістердің жоғары тиімді бірыңғай жүйесін құру қажеттілігі туындағанын көр­сетті. Сондай өзгеріс, осыдан бес жыл бұрын Салық және Кеден комитеттерін қосу жолымен, тар­қатылған Эко­но­микалық және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы күрес агенттігінің қаржылық және эко­номикалық қыл­мысты тергеу функциясын бере отырып, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетін құру арқылы жүзеге асты.

Қайта құрылған комитет – отандық кәсіпкерлер мен шетелдік инвесторлар үшін қызмет жасайтын, оларға тең дәрежеде бәсекелестік шарттарын жүргізуге жағдай жасауға жауапты, салық алымдары мен әкімшілендіру төлемдерін жинайтын орган. Салық және кеден саласын біріктірудегі негізгі мақсат – қазақстандық тауарлар мен қызметтердің, сонымен қатар еліміздің шекарасынан кірген әрбір тауардың соңғы тұтынушысына сатылуына дейінгі аралықтағы барлық қозғалысын, яғни сол тауарға салынатын салықтың түгелдігін бақылау.

Қазіргі уақытта кедергілерді қыс­қарту жолымен сауданы ынталандыру, кедендік шекараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және сыртқы сау­даны әкімшілендіруді жақсарту, са­­лық­­тар, алымдар және өзге де мін­детті төлемдердің толықтығын қам­­тамасыз ету, көлеңкелі экономи­каны төмендетудің тиімділік шара­ларын қабылдауды мақсат ету­­­­деміз. Мемлекеттік кірістер органы қоғамның қанағат­тану­шылығын арттыруды да назарда ұстайды.

Енді бюджеттік түсім түсу жөнінен статистикалық дерекке көз жүгіртсек, 2014 жылы мемлекеттік бюджетке түсім 88 млрд теңге болса, 2015 жылы – 76,4 млрд, 2016 жылы – 89,6 млрд, 2017 жылы – 104,7 млрд, ал, 2018 жылы 135,8 млрд теңге салықтар мен төлемдер түсуі қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, 2015 жылы шоғырландырылған бюджетке түскен түсім 222,5 млрд теңгені құраса, 2018 жылы  298,9 млрд теңгеге жетіп, үш жылда 76 млрд теңгеге артты.

– Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының аясында салықтық және кедендік әкім­шілендіруді жетілдіру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Еліміздің әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіру тұжырымдамасын жүзеге асыру бағдарында Үкімет елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету бойынша 21 жобаны анықтады. Оның бірі – Қаржы министрлігінің «Салықтардың жиналымын арттыру» жобасы. Осы жобаны іске асыру шеңберінде министрліктің алдына салықтардың жиналымын 2016 жылғы 15,2%-тен 2025 жылы 25%-ке дейін ұлғайту міндеті қойылды.

Жоба жанама салықтарды әкім­шілендіру (қосымша құнға салынатын салықтар және акциздер) және тікелей салықтарды әкімшілендіру деген 2 бағыт бойынша 8 бастамадан тұрады. Алғашқысы – «АСТАНА-1» бастамасы. Кедендік рәсімдер кезінде электронды декларациялау жүйесін әзірлеу шеңберінде «АСТАНА-1» электронды түрінде декларацияларды қабылдау және өңдеу бойынша жаңа көпфункционалды ақпараттық жүйе енгізілді. Ол алдын ала ақпараттарды беру, тәуекелдерді басқару жүйесін пайдалану, транзиттік тіркеу, тауарларды шығарғаннан кейінгі уақытқа дейін уақытша сақтау қоймасында сақ­тау кезінде барлық кедендік про­цесті автоматтандырылған бақы­лау­ды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Оның енгізілуіне байланысты уақыт пен қаржы шығындары аза­йып, электронды декларациялау оң әсерін тигізді.

Облыста былтыр аталған ақ­па­рат­тық жүйе арқылы 2813 кедендік дек­ларация рәсімделсе, бірінші жар­ты­жылдықта 1958 кедендік декларация өңделді. Бұрын мұндай экс­порттық және импорттық рәсімдерге 55 минут кетіп, сыртқы экономикалық қыз­метке қатысушылар кеден орга­ны­на жеке келуі қажет болатын. Қа­­зіргі жүйе олардың арасындағы тіке­­лей байланысын болдырмайды және рәсімдеуге өте қысқа уақыт жұмсайды.

«Электрондық шот фактуралар» бастамасы бойынша 2014 жылдың 1 шілдесінен бастап Салық кодексінің ережелеріне сәйкес шот-фактуралар электронды түрде жазылуда. Шот-фактуралар электронды түрде жазу кезең-кезеңімен міндеттеліп келсе, жыл басынан бері барлық қосымша құнға салық төлеушілерге (ҚҚС), ҚҚС төлеуші болып табылмайтын комиссионерлер мен экспедиторларға, сондай-ақ, импортталған тауарларды сатқан жағдайда да міндеттеледі. Қазіргі кезде бұл жүйені біздің об­лыста 1380 заңды тұлға, 379 да­ра кәсіпкер, барлығы 1759 адам қолданып отыр.

«Саудадағы қолма-қол есеп айы­рысуларды қысқарту» бастамасы шеңберінде онлайн-БКМ қолдануға көшу кезең-кезеңмен (тоқсан сайын) жүзеге асырылуда. Оларды жүзеге асыру кезінде салық төлеушілер ақшалай есеп айырысуда онлайн-БКМ қолдануды қамтамасыз етуге міндетті. Келесі  жылдан бастап деректерді онлайн беру функциясы бар бақылау-кассалық машиналарды қолдануға толық ауқымды көшу, әсіресе ашық нарықта көлеңкелі айналымды айтарлықтай төмендетуге, сондай-ақ, тұтынушылардың құқық­тарын қорғауға мүмкіндік береді. Бүгінде департамент бұл жүйеге көшу тәртібі төлем құралдарын қолдану міндеттілігі бойынша кең ауқымда түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Онлайн-БКМ енгізудің оңтайлылығы, мәселен, күніне бір чектен берген немесе күнделікті бір түсім сомасын көрсеткен сауда субъектілері түсімдерін 2 есеге дейін ұлғайтып отыр. Жобаға енгізілген 10 тойханаға жүргізілген талдау нәтижесінде, 64 млн теңгеге дейін кірісі ұлғайтылды.

– Төлем есептілігімен қатар тауарларға да қатысты ақ­парат­тық жүйелер жасалған болар?

– Иә, «Виртуалды қойма» бас­тамасы тауарларды есепке алуды, қалдықтарды автоматты түрде санау және импортталып келген тауарларды кіріске алудағы бизнес-процесті автоматтандыру мақсатында жасалды. Виртуалды қоймада әрбір салық төлеушінің жеке қоймасындағы тауар­лар жайлы ақпарат, оған тауар­дың кіруі, тауардың орнын ауыстыруы және есептен шығару туралы барлық электрондық құжаттар сақ­талатын болады. Нәтижесінде виртуалды қоймадан таңдалған тауар бойынша электрондық шотфактураларды рәсімдеу барысында тауар декларациясына тауардың шығу тегі сертификатындағы мәлі­меттер автоматты түрде толтырылады. «Виртуалды қойма» модулі арқылы өткізілетін тауарлар тізбесі кеңейтілуде. Жыл басынан бері жеңіл және жүк көліктер, 1 шілдеден  бас­тап тоңазытқыштар, теледидарлар, 1 – қазаннан шаңсорғыштар, электр қыз­дырғыштар, фотокамералар енгізіледі.

«Тауарларды таңбалау» бастамасы шеңберінде елімізде тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін құру жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының жоспары бекітіліп, «Темекі және темекі өнімдері» тауар тобын ЕАЭҚ тауарларының цифрлық платформасы базасында темекі өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жоба жүргізілуде. Блокчейн (IBM Hyperledger Fabric) және жасанды интеллект (IBM Watson) технологиясын енгізу бөлігінде қолданбалы зерттеулер бойынша зерт­хана құрылады. «Blockchain» технологолиясын пайдаланудың негізгі принципі – ҚҚС қаржылық ағынын бақылау және нақты уақытта салық төлеушілердің салықтық міндеттемелерін орындаудың ашық­ты­ғын қалыптастыру. Осыны жүзеге асыруда ҚҚС төлеушілердің ҚҚС бақылау шоты қолданылады.

ҚҚС бақылау шоты бұл – ел ау­мағындағы екінші деңгейлі банктерден салық төлеушілер ашқан қосылған құн салығы бойынша төлемдердің қозғалысын есепке алу үшін пайдаланылатын банктік шот. Оны енгізу шеңберінде екінші деңгейдегі банктермен Блокчейн технологиясын пайдалануға уағдаластыққа қол жеткізілді. Сондай-ақ, ҚҚС бақылау шотын енгізу бойынша бизнес-процестер әзірленді. Оны қолдану нормалары жыл басынан қолданысқа енгізілді.

«Салықтық әкімшілендіру мақ­саттары үшін үшінші тұлғалардың дерек­қорларын құру» бастамасы бойынша бизнес субъектілерінің суды, газды және электр энергия­сын тұтыну көлемі бойынша коммуналдық ұйымдардың мәлі­мет­тері негізінде «Суды, газды және электр энергиясын тұтыну арқылы қашықтықтан бақылау» жобасы жүргізілуде. Нәтижесінде бюджетке былтыр 64,8 млн теңге, өткен 1-ші жартыжылдықта 52,9 млн теңге салық түсті. «Жалпыға бірдей декларациялауды енгізу» бастамасы 2021 жылдың 1 қаңтарына ауыстырылды және бұдан әрі кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл жүйені енгізудегі мақсат – жеке тұлғалардың табыстары мен мүліктерін тиімді бақылауға қол жеткізу.

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатын, табысы мен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауынан туындайтын міндеттің бірі – салықтың негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін салық рақымшылығын жүргізу. Осыған сәйкес, жыл басынан бері шағын және орта бизнес субъектілеріне 2018 жылдың 1 қазанындағы негізгі қарызын осы жылдың соңына дейін төлеген жағдайда өсімпұл мен айыппұлды есептен шығаруды көздейтін салықтық рақымшылық жүргізілуде.

Салықтық рақымшылық не үшін жасалады? Шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің қордаланған қарызының елеулі бөлігін өсімақы және айыппұлдар құрайды. Негізгі салықтан қарызын өтеуден соң кәсіпкердің кәсібін жалғастыруға, жаңа кәсіп түріне ауысуға, жаңа идеялары мен бастамаларын жүзеге асыруға мүмкіндігі пайда болады. Облыс бойынша рақымшылықты пайдалануға мүмкіндігі бар тұлғалар саны – 1839, олардың 2018 жылдың 1 қазанына жалпы берешегі 5,3 млрд теңгені құраған. Оның 3,5 млрд теңгесі негізгі қарыздары, 1,6 млрд теңгесі өсімпұл және 200 млн теңгесі айыппұлдар. Қазіргі уақытта 1170 салық төлеуші немесе 64 % 168,1 млн теңге негізгі қарызын өтеп, 31,8 млн теңге өсімпұлы есептен шығарылды. Одан басқа, 16 шілдеден бастап жеке тұлғалардың салықтары бойынша өсімпұлдарды есептен шығару жолымен іске асатын салықтық рақымшылық басталды. Өсімпұлды есептен шығарудың жалғыз шарты – жеке тұлғаның салықтар бойынша негізгі борышты төлеуі. Рақымшылықты пайдалануға мүмкіндігі бар облыс бойынша жеке тұлғалар саны – 63905, олардың жалпы берешегі 1 млрд теңгені құраса, оның 790 млн теңгесі негізгі қарызы, өсімпұлы 230 млн теңге.

– Салықтық қызмет көрсетудің сапасын арттыру бағытындағы жұмыстардың барысы қалай?

– Мемлекеттік қызмет көрсету стан­дарттарының талаптарына сәй­кес, департаменттің салық саласында 28 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, оның 18-і автоматтандырылған. Ал кеден саласы бойынша сырт­қы экономикалық қызметке қаты­су­шыларға көрсетілетін 16 мем­лекет­тік қызметтің алтауы толық автоматтандырылған. 2019 жылдың 1 қаңтарында 553 864 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілсе, 94% электронды түрде атқарылды.

Біздің басым бағыт – салық төлеу­шілерге сапалы мемлекеттік қыз­мет көрсету. Көрсетілетін қыз­мет­тің сапасы мен ұтқырлығын ба­ғалау мақсатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігінің бастамасымен «Цифрлы агент» мобильді қосымшасы былтыр жыл соңында іске қосылды. Мұнда мем­ле­кеттік қызметті алушылардың нақ­ты уақытта қызмет көрсету сапасына қатысты өз шағымын және тиісті бағасын беру мүмкіндіктері қарастырылған.

Сонымен қатар, мемлекеттік қыз­­меттер сапасын арттыру мақса­тында Қызылорда қаласы бо­йын­ша мемлекеттік кірістер басқар­ма­­сында кезекті басқарудың электр­он­­дық жүйесі орнатылған. Ол бойынша биыл 47215 салық тө­леушіге қызмет көрсетілді. Дайын құжаттарды беру бойынша 3356, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 2, жеке тұлғаларға 30442, тіркеу және есептен шығару бойынша 8408, электронды цифрлық қолтаңба алу 1427, ҚҚС тіркеуге қою бойынша 526 кезекті басқарудың электрондық жүйесі арқылы қызмет көрсетілген. Кірістер органдарында мемлекеттік қызмет алу үшін мемлекеттік қызмет көрсетудің экстерриториялық прин­ципі қарастырылған. Бұл – салық тө­­леу­шіге оның орналасқан мекен жа­йына қарамастан, 12 мемлекеттік қызмет түрін көрсету мүмкіншілігі деген сөз.

– Ғалымжан Қалдыкөзұлы, кәсіби мерекелеріңізді қандай табыс­тармен қарсы алып отырсыздар?

– Өткен жартыжылдықта шоғыр­ландырылған бюджетке 198,6 млрд теңге түсім түсуін қамтамасыз еттік, бұл өткен жылдың осы кезеңінен 47,2 млрд теңгеге артық. Оның ішінде мемлекеттік бюджеттің үлесі 76,3 млрд теңге, тапсырма 102,8% орындалды. Республикалық бюджетке түсірілген салық көлемі 51 млрд теңге, өткен жылдың осы кезеңінен 17,1 млрд теңге артық (өсу қарқыны 150,4%), жергілікті бюджетке түсім  25,4 млрд теңге болып құралды, жос­пардан артық түскені 2,9 млрд теңге немесе орындалуы 112,9%. Өсімге қол жеткізудің негізгі себептері облыс­тың макроэкономикалық көр­сет­кіштерінің жақсаруы. Мәсе­лен, құрылыс көлемі (239,9%), көлік қызметі (104,3%), ауыл шаруа­шылығы өнімдері (102,3%) өсті.

Ақпараттық жүйелердің дамуы, бұрынғыдай тексеруге шығу деген түсінікті азайтты. Мысалы, 2017 жылмен салыстырғанда, тексеру саны 29% азайды (2017ж. – 1962, 2018ж. – 1392). Камералдық бақылау адал кәсіпкерлердің санын көтеруде. Декларацияларға жасалған нақты талдау қателікті өзі көрсетеді, ал, салық төлеуші белгіленген уақыт ішінде салығын төлеп, өз қателігін өзі жөндей алады. Камералдық бақылау нәтижесімен мемлекеттік бюджетке 9,5 млрд теңгенің қосымша кіріс көздері қамтамасыз етілді.

Бүгінде жаңа құрылым ретінде жұмыстарымыздың бірқалыпты ырғағы қалыптасып, тиімділігі жо­ғары екендігін осындай игі істер дәлелдеп отыр. Сондықтан, барлық әріптестерімді кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, мемлекетіміздің экономикасын нығайтуда, беріктігін сақтауда қиын да қызықты еңбектерінің жана беруіне тілектестік білдіремін. Ел игілігі үшін жасап жатқан еңбектері  әріптестеріме абырой, қуаныш әкелсін!

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбатты жүргізген

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

Cұхбат 10 тамыз 2019 г. 341 0