Шағын және орта бизнес – мемлекеттің әл-ауқатына жауап беретін сектор

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында бизнес өкілдеріне, микро және шағын бизнес компанияларына қолдау көрсетілетінін ерекше атап өтті. Бұл турасында Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы, «DALATEX» ЖШС директоры Ділмұхамед Әбізовпен әңгімелестік.

– Алдымен, жаңа Жолдаудың ерекшелігі туралы айтып берсеңіз...
– Мемлекетіміз ТМД елдері кеңістігіндегі еркін сауда аймағына қатысатыны белгілі. Оның ішінде көршілес Өзбекстан да бар. Былтырдан бастап Өзбекстанда шағын және орта бизнеске тиімді жағдай жасала бастады, экономикасы либерализацияға көшті. Бәсекелес болғандықтан, бұл жағдай елі­мізде шағын және орта бизнестің мүмкіндігін төмендетуі ықтимал. Сон­дықтан, Мемлекет басшысы бизнесті қолдауға дер кезінде тапсырма берді деуге болады. Шағын және орта бизнес – мемлекеттің әл-ауқатына жауап беретін сектор. Қазір Германия сынды дамыған елдерде шағын бизнестің экономикадағы үлесі 70 процентке жетіп, Еуропа елдерінің барлығында бұл көрсеткіш 50 проценттен асып кеткен. Өкінішке орай, біздің ел 22 проценттен аса алмай отыр.
Ал микро және шағын бизнес компанияларының табысқа салынатын салықтан 3 жылға босатылуы мемлекетке де пайдалы. Неге десеңіз, шағын бизнес ешқашан қаржыны шетелге алып кетпейді. Ол тапқан табысты Қазақстан Үкіметінде жұмсайды. Ал, шекара асырып, мол қаржыны офшорға алып кететіндер ірі компаниялар. Сондықтан, шағын бизнеске қолдау көрсеткен сайын, мемлекетімізде экономика тұрақтайды деген сенім бар.
– Жолдауда Президент көпбалалы отбасы өкілдерінің кәсіп бастауына мүмкіндік беру керегін айтты. Әлеуметтік әлсіз топ өкілдерінің өз-өзін асырап, эко­номикаға үлес қосатындай іс бастауы бір күннің шаруасы емес...
– Сондықтан, алдымен сананы өзгерту керек. «Атамекен» ҰКП төрағасы Тимур Құлыбаев та бұл мәселе турасында көпбалалы аналарды, жастарды оқытып, мектепте жеке пән ретінде жүргізілуіне қатысты бірқатар бастамалар ұсынған болатын. Бастысы, сананың өзгеруіне, кәсіпке икемі бар адамдардың тәуекел етіп, қолынан келетін іске бар күшін салып, дамуына көмектесу керек.  
 Ал, өткен жылғы «Халыққа арналған үздік тауарлар» номи­нациясының жеңімпазы – «Dalatex» фабрикасы отба­сылық кәсіп пе?
– Иә, бұл жұмысымызға отбасы мүшелері атсалысады.
– Кәсіпкерлікке қатысты тағы қандай мәселе бар?
– Елімізде арнайы эконо­ми­калық аймақтардың тап­шы­­лығы байқалады. Ай­та­лық, Өзбекстанда 17 эко­номикалық аймақ бар. Керек десеңіз, бір облысын тұтастай экономикалық аймақ етіп жіберген. Ол елде баж, кедендік салық­тарға қатысты жеңілдіктер бар. Біздің елде де экономикалық аймақтарды енгізсе, жақсы болар еді.
– Президент Жолдауда «қар­жылай қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруалар ғана көріп отыр» деген сарапшылар пікірін айтты. Бұған не дейсіз?
– Америка экономикасында сатылатын және  сатылмайтын өнім деген ұғым бар. Сатылатын өнім шетелге экспортқа шығады, демек, мемлекетке пайда алып келеді. Өкінішке орай, Қазақстанда ол өнім – шикізат. Біз оны сыртқа сатып, елге ақша алып келеміз. Ол ақшаны мемлекет төңірегінде жүрген мекемелер тендермен пайдаланады. Ал ішкі нарықтағы кафе, қонақүй, дүкендер – сырттан келген ақшаны Қазақстан ішінде ғана айналдыратын, мемлекетке сырттан пайда әкелмейтін кәсіп. Сондықтан бізге экспортқа шығаратын өнім көбірек керек. Қызылорда облысында экспортқа шығатын ауылшаруашылық өнімі – күріш. Сондықтан күріш шаруашылығын дамыту қажет. Бұл өнім экспортқа шығады, Қазақстанға ақша алып келеді. Соның арқасында көп мекемелер тендерге қатысып, үй соғады, ғимарат, жол салады, қыз­меткерлерге айлық төленеді. Ол мемлекетке сырттан келетін қар­жы. Сондықтан бізде қазір экспортқа бағытталатын компаниялар санын арттырып, көбірек жәрдем берілуі керек. Мұндайда, әлгінде айтқанымдай, арнайы эконо­мика­лық аймақтардың болғаны тиімді.
– Жолдауда экотуризм мен этнотуризмді дамыту тапсырылды. Сіздің ойыңызша, біздің аймақта қандай жобалар жүзеге асуы керек?
– «Байқоңыр» ғарыш айлағы және «Қорқыт ата» кесенесін туризм аймағына айналдыруға, сондай-ақ, сафари мен аңшылықты туризм бағытында қолдануға болады. Экотуризм саласы бойынша Қырғызстанға барғанымда, олар жайлаудағы қойшы ауылды, киіз үйді, жылқыны жиһанкездерді тарту мақсатында тиімді пайдаланып отырғанын байқадым. Елімізде біздің облыстағы «Қорқыт ата» кесенесін қосып, Түркістан, Бұқара, Самарқанд атауымен мемлекетаралық, туристік хаб жасауға болады. Сондай-ақ, шетелде тартылған Арал теңізін, экологиялық ахуалды өз көзімен көргісі келетін туристер бар. Бұл да туризмді дамытуға таптырмас мүмкіндік.
Әңгімелескен
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».
Cұхбат 10 қыркүйек 2019 г. 422 0