Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Жолдау елдің ішкі жағдайына арналды»

– Президент Жолдауының сізге ұнаған тұсы қайсы?
– Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы Жолдауы тек елдің ішкі жағдайына арналды. Сыртқы саясат туралы мүлдем сөз болған жоқ. Жолдаудан біз әбден қордаланып қалған көптеген сұраққа жауап таптық. Соның ішінде Президенттің экономика мен әлеуметтік салаға қатысты ойлары қатты ұнады. Шағын бизнесті қолдау бойынша нақты тапсырма берді. Мәселен, шағын бизнес өкіл­дерінен үш жылға дейін табыс салығы ұсталмайтын болды. Бұл – бір. Қазақстан Парламенті көппартиялы санал­­ғанымен, соның біреуі ғана монополистік сипатқа ие. Қоғамның түрлі топтары мем­­лекет ісіне араласа алса, өзара түсінісе алса, одан ешбір ел ұтылмайды. Көп­пар­тиялы жүйе бәсекелі орта қалыптастырып, билік тар­мағын негативті сұрып­таудан сақтайды. Жолдаудың көңілімнен шыққан екінші тұсы – осы. Тоқаевтың ендігі пікірі «реформаны реформа үшін жасамау керек» дегенге саяды. Өйткені оның нәтижесін, игілігін қарапайым халық көруі тиіс. Білім саласындағы мәселелерді үнемі жоғары мінберлерде көтеріп жүрмін. Мысалы, жоғары оқу орнын бітіргендердің көбі нарық талабына жауап бермейді. Мемлекет басшысының осы бағытта талапты күшейту және жоғары оқу орындарының санын қысқарту туралы тап­сыр­масы салаға серпін беретініне сенемін.
– Тағы қандай мәселелер көтерілгенін қалап едіңіз?
– Санамалап берейін. Бірін­шіден, халықтың ауылдан қалаға көшу процесі еш тоқ­таған емес. Сондықтан ауыл­да жұмыс істеуге ынта біл­дір­гендерге, көпбалалы от­ба­­­сы­ларға үй алу, кәсіп бас­тау үшін қайтарымсыз не­ме­се ұзақмерзімді несие беру мүм­кіндіктері қарастырылса, игі еді. Көпшілігі мал алғысы, бақша еккісі келеді. Бірақ қолы қысқа, кепілдікке қоя­тын мүлкі жоқ. Екіншіден, Жол­дауда «мемлекеттік тіл ұлтаралық тілге айналуы тиіс» делінді. Конс­титуцияда талай жыл бұрын мәртебесі бе­кітілсе де, қазақ тілі әлі күнге күш ала алмай келе жатыр. Үшіншіден, білім, денсаулық сақтау, мәдениет саласы қыз­мет­керлерінің жалақысы өсе­тін болды. Алайда, инфля­ция деген бар. Жуырда Қызыл­ордаға жол түскенде базар аралап, саудагерлермен сөйлес­тім. Сон­да көзім жеткені, халық жиі тұтынатын азық-түлік құны бір жылда 15-25 процент­ке қымбаттаған. Өйткені өндіру­шіден тұты­нушыға жеткенше ол бірнеше қолдан өтеді. Бір мысал айтайын, қызанақтың ке­лісі Қызылордада 150-200 теңге болса, Астанада – 600 теңге. Ал өсіп-піскен жерінде одан арзан. Ет бағасының 2 мыңға шарықтап кеткені де содан. Делдалдардың әрекетінен маң­дайы терлеп еңбектенетін диқандар мен шаруалар да, қарапайым халық та зиян шегіп отыр. Бір орында тұрмайтын базар бағасы, инфляция деге­ніңіз көбейетін жалақыны жұ­тып қоймай ма – мені осы сауал мазалайды. Жолдауда әлеу­­­меттік-саяси сипатқа ие газ­дандыру мәселесінің кеңі­­нен қамтылғаны жөн еді. Тек келесі жылы Нұр-Сұлтан қа­ласында және Қара­ғанды, содан соң Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыс­та­рында тарату желілерін салу жұмысы бас­талатыны ай­тылды. Көгілдір отын аудан орталықтары мен қалаларға ғана емес, ауылдарға да жетуі тиіс. Сол кезде халықтың даладан қалаға көшу процесі бәсеңдеуі мүмкін.
– «Қала мен ауыл мек­тептері арасындағы орта білім сапасы алшақтап барады», – деді Мемлекет бас­шысы. Білім саласын бір кісідей білесіз, айтыңызшы, мұның себебі неде?
– Мен мектептердегі үш­тіл­ділікке түбегейлі қарсымын. Өйт­кені бұл – абсурд. Әлемнің ең мықты 30 елінің бастауыш сыныптарында қанша тіл оқы­­латынын зерттеп қарасақ, екі тіл 1-сыныпта – 4, 2 сыныпта – 5, 4-сыныпта 12 елде ғана оқытылады. Бірде-бір мем­лекетте біздегідей үш тіл оқытылмайды. Бастауыш сыныптарда барлық пән тек ана тілінде оқытылуы керек еке­нін министрлікке үнемі айтып жүрміз. Қазақстандағы 6 мыңға жуық орта мектепте 7-сы­ныптан бастап математика, химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту да миға сыймайды. Ми­нистрлік соған қарамастан 6 айлық курстарда мұғалімдерге ағылшын тілін үйретуді бастап кеп жіберді. Ауылдық жерде басқа пәндерді ағылшын тілінде оқытпақ түгілі, ағылшын және орыс тілдерінен сабақ беретін адам табу қиын. Оның үстіне, ауыл мектептерінде ма­­те­риалдық-техникалық база әлі де сын көтермейтін күйде. Пре­зи­денттің білім сапасын теңестіру туралы ұсынысы құптарлық. Ол үшін ауыл мұғалімдерінде тиісті коэффициент, материалдық стимул, мектептерінде керек-жарақ жеткілікті болуы тиіс.
– Оқу бітіргендердің жұ­мыс таппауына не себеп?
– Мемлекет жыл сайын 21 мың түлектің тегін кәсіптік және техникалық білім алуы үшін қомақты қаржы бөліп отыр. Алайда, колледж бітіргендердің көбі мамандығын кәдеге жаратпайды. Бұл жұмыстың жоқтығы емес, жастардың қара жұмысқа құлықсыздығын көрсетсе керек. Қызылор­да­дағы құрылыс фирмалары жұ­мыс­шылардың 70-80 процен­тін Өзбекстаннан тар­туға мәжбүр екен. «Өзіміздің жастар ша­қыр­ғанға келмейді. Сонда мем­ле­кет оларды не үшін оқытып жатыр?» деген уәж естідім. Қыруар қаржы бөлінген шаруа­­ның шикілігі сол, бізде кәсіптік және техникалық білім алған­дардың қаншасы жұ­мысқа орналасқанын зерттеп-зер­делеп жатқан ешкім жоқ. Мо­ни­торинг жасалмайды. Осы­­ны біріздендіретін уақыт жетті.
– Тұрмысы төмен отба­сылардың әлеуметтік мәсе­лелерін шешу бағытындағы бастамалардан не күтесіз?
– Қоғамда қазір бай мен кедейдің арасындағы алшақтық тым үлкейіп кетті. Осы орайда табысы көп адамдар көбірек салық төлеп, тұрмыс жағдайы мәз емес отбасылар одан босатылуы керек деп есеп­теймін. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтағыларға талдау жасамаса болмайды. Өйткені халық масылдық пиғылдан әлі арыла алмай келеді. Жұмыс барысымен Батыс Қазақстан облысына барғанымда түйе ұстайтын фермаға жол түсті. Шаруа­шылық қожайыны сон­да: «Атаулы әлеуметтік кө­мек көбейтілгелі түйе сауа­тын 10 әйелдің бәрі жұмысты тас­тап кетті» деді. Сөйтсе, олар таңертеңнен кешке дейін жұмыс істегенше мемлекеттің бергенін алып, үйде тыныш жатқанды жөн көрген екен. Міне, кейбіреулер осылай жа­нын қинамай ақша тапқысы келеді.
– «Өкімет өлтірмейді» дейтін психология ғой бұл...
– Аспирант болып жүр­генімде мен бір емес, үш жерде жұмыс істедім. Сол кезде қолыма 120 сом стипендия тиеді. Ол ештеңеге жетпейтін. Қарауыл да болдым. Аула сыпырушы да болдым. «Ешкім көрмесін» деген оймен аула сыпыруға таңғы сағат төртте кететінмін. Ал бүгінде көптеген отбасы баланы еңбекке баулу ісіне немқұрайды қарайды. Қит етсе, билікті кінәлауға бейім. Халық мемлекет қол­дауынан қағажу көріп отыр дей алмаймыз. Алайда, атаулы әлеуметтік көмек жұмыс іс­теуге қабілетсіз, мүмкіндігі шектеулі, шиеттей бала-шаға­сын асыра алмай отырған отбасыларға ғана берілуі қажет. Бұл бұқаралық сипат алып кетпеуі үшін критерийді күшейткен жөн.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Назерке САНИЯЗОВА.
«Сыр бойы».
Cұхбат 10 қыркүйек 2019 г. 304 0